Соңғы жылдары елімізде алимент төлеуден жалтаратын, тіпті өз баласынан бас тартқысы келетіндердің қатары артқан. Тіпті, кейбір әкелер табысын жасырып, азайтып көрсетіп жүр. Мақсаты – алимент төлемеу. Осы үшін небір қитұрқылыққа баруға дайын. Неге?
Бүгінде безбүйрек әкелердің баласы алдындағы қарызы 350 миллион теңгеге жеткен. Көпшілігі жұмыс жоқтығын сылтау етеді. Деректерге сүйенсек, бір ғана Алматының өзінде алимент төлейтін әкелер саны 12 мыңнан асқан. Бірі перзенті алдындағы борышын өтеп, берешегін өтеп жатса, кейбірі жалақысын жасырып қалуға тырысады. Жауапсыз ерлердің борышын төлетуге мемлекет қолданбаған шара қалмаған. Әйтсе де, ескертуді елемейтіндер көп жағдайда төлемнің уақытылы жасалмауына себеп жағдайының төмендігі мен жұмыссыздығы екенін айтып, ақталуға тырысады. Адвокат Ерубай Ыдырысов кез келген әке-шеше баласынан бас тарта алмайтынын айтады. «Тіпті, баласынан бас тартқанның өзінде де олар алимент төлеуден босатылмайды. Қазір көп жағдайда ата-аналар екеуара келісімге келіп, өзара шешімге келеді. Мысалы, кейбірі «сен баладан бас тартсаң, мен алимент сұрамаймын» дейді. Өйткені екі балаға алимент ретінде әкесі жалақысының үштен бір бөлігін төлеуі тиіс. Ал егер ол алиментті екі-үш жыл төлемесе, 2-3 миллионға қарыз болып шығады. Сондайда аналар «қарыздың бәрін кешіремін, алимент те талап етпеймін. Сен тек баладан бас тарт, өмірімізден біржола кетсең болды. Жалғызбасты ана ретінде өз күнімді өзім көремін» деп жатады. Міне, осындай жағдайда кей әке баласынан бас тартады. Ондайда амал жоқ, ештеңе істей алмайсың», – дейді заңгер.Алимент талап етпейтін әйелдер бар
Есесіне елімізде алимент талап етпейтін де әйелдер бар. Себеп, талап етуге арланады. Намыс көреді. «Өзім бағып, өзім жеткіземін» дейтіндер де бар. Ал кейбірі кешірімді келеді. Сөйтіп, жұмсақтық танытады. Бұл бір жағынан намыс болғанымен, екінші жағынан бала алдындағы әкенің міндетін жеңілдетіп жібереді. Алимент төлемеудің тағы бір жолы – азаматтық неке. Мұндай некеде болған азаматтар балаға жауапкершілік танытудан бас тартады. Әйел де ер-азаматтан ешқандай алимент талап ете алмайды. Өйткені ешқандай заңды құжат жоқ. «Алимент орталығының» басшысы Әсел Мырзахан: «Бастапқыда азаматтық неке деген тамаша болып көрінетін шығар. Алайда азаматтық неке дегеніміз – бірге тұру. Бірдеңе ұнамаса, кете салу оңай. Өйткені ешкімде ешқандай жауапкершілік жүгі жоқ. Ал нәресте жарық дүниеге келісімен бәрі өзгереді. Сәбиге деген жауапкершілік ананың мойнына артылады. Ол дегеніміз – өзін жіпсіз байлау. Әйел адамдар осыны түсінуі тиіс. Бұл мәселеге әу басынан мән беру керек. Ал заңды некеге тұрса, ерлі-зайыптылар бір-біріне деген жауапкершілікті сезінеді. Сонымен қатар ертеңгі күні ажырасып жатса, заңды тұрғыда қорғана алады. Өзіне, баласына тиесілі дүниені талап ете алады» деген еді. Жыл сайын борышкерлер саны артпаса, кемімей тұр. Елімізде алимент төлемей жүрген қазақстандықтардың нақты қанша қарызы барын анықтау қиын. Әділет министрлігінің өзі «Бұл санды нақты айту қиын. Себебі ол үнемі өзгеріп отырады. Біреуі төлейді, екіншісі қарыздың көлемін өсіріп алуы мүмкін. Алайда бұл мәселеде координация ықпалының артқанын айтуға болады. Мысалы, жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдары күш біріктірді» деген еді. Тіпті, борышкерлердің санын азайту мақсатында Алматыда «Бос жұмыс орны» жәрмеңкесі де ұйымдастырылған. Компаниялар тарапынан техникалық мамандықтарға сұраныс артқан. 15 кәсіпорын, 500-ге жуық жұмыс орнын ұсынды. Олар үміткерлердің барлығымен жеке сөйлесіп, мүмкіндіктерін таныстырды. Әділет министрлігі алимент төлеуден жалтарып жүргендерге талапты қатайта бастады. «Біз полицияның көмегімен алимент төлемей жүргендердің көлігін анықтап, оны тоқтаттық. Осы жылы тоқтатылған және аукционда сатылған көліктердің саны шамамен екі есе артты. Коронавирус пандемиясына қарамастан, алимент мәселесіне баса мән бердік. Осылайша, биыл көлікті, жылжымайтын мүлікті өндіріп алу өтініші мен өндіру саны шамамен екі есе артты. Сонымен қатар алимент төлеуден қасақана жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған борышкерлер бойынша өсім шамамен екі жарым есе өсті», – дейді министрлік.Борышкердің қарызы төленбесе, қылмыстық іс қозғалады
Жалпы, алимент балаға қалай төленеді? Заңгерлердің айтуынша, алимент ісі бойынша іс сотта қаралады. Немесе баланың әкесі мен шешесі «ай сайын осыншама беріп тұрасың» деп сотқа дейін келісіп алуына болады. Бірақ ондай жағдай бізде өте сирек. Өйткені ажырасқандар бір-бірін көрместей болып кетеді. Заң бойынша күйеуінің қандай табысы болсын, соның төрттен бір бөлігі беріледі. Бұл – бір балаға берілетін алимент. Ал екі балаға үштен бірін беруі керек. Үш немесе төрт бала болса, табысының жартысын төлеуі тиіс. Бұйрық екі жақтың тараптарын сотқа шақырмай-ақ үш күннің ішінде шығарылады. Ал егер ер-азамат табысын жасырып, азайтып көрсететін болса, не істемек керек? Төлеушінің кірісін жасыру үшін жалған ақпарат беру жиі кездеседі әрі көбі 42 500 теңге мөлшеріндегі ең төмен жалақыны көрсетеді. Осылайша, алимент ретінде бір балаға 10 625 теңге, екі балаға 14 167 теңге, үш және одан көп балаға 21 250 теңге төлейтіндер бар. Осыдан екі жыл бұрын сенатор Сәуле Айтпаева осы мәселені Парламент мінберінде көтерген. Ол өз сөзінде: «Ата-анасының өз балалары үшін жауапкершілігінің мөлшері айына ең аз күнкөріс минимумынан (26 915 ) да төмен. Қазіргі жалақының үлестік арақатынасына шаққан алимент өндіріп алу жүйесі баланы толыққанды қамтамасыз ете алмайтындықтан, төлемді өндіріп алуға қатысты көзқарасты өзгертіп, оның ең жоғарғы белгіленетін мөлшерін анықтауды сұраймын» деген еді. Одан бері де екі жыл өтті. Әлі де ештеңе өзгермеген секілді. Заңгер Эльмира Мұқашеваның айтуынша, борышкер жалақысын жасырмауы керек. «Егер борышкер табысын жасыратын болса, сот орындаушы борышкердің жұмыс істейтін жеріне ресми сауал жолдайды. Бухгалтер міндетті түрде жауап береді. Егер борышкердің ресми жұмысы болмаса, еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері бойынша алимент саны есептеледі. Борышкердің қарызы үш айдан асып кетсе, онда сот орындаушы қылмыстық іс қозғайды», – дейді заңгер. Ал заңгер Ержан Болатбек болса, заң жүзінде алимент төлемеу үшін ата-ана баласынан бас тарта алмайтынын айтып отыр. «Бірінші мәселе, алимент талап етпейтін аналар бар. Бұл мәселе әлі де өзекті. Не себепті мұндай қадамға баратынын түсінбеймін. Бұлар ең алдымен балалардың құқын бұзады. Олардың ата-ана ретіндегі міндеті – балаға алимент төлеу. Ол ақша анаға қажет болмаса да, балаға керек. Екіншіден, «алимент талап етсек те, ол ақшаны өндіре алмаймыз» деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Дегенмен Әділет министрлігі бақылап, сот орындаушылар да іске кірісіп, соңғы кездері мәселені оң шешуге тырысып жатыр. Ең алдымен бұл ата-ананың міндеті болуы керек. Ал табысын жасырып, нақты алимент төлеуден жалтарып жүрген ер-азаматтар болса, онда олардың үстінен қылмыстық іс қозғалады. Оның мүлкі аресте болады. Әкімшілік қамауға алынады. Егер тағы бір жұмыс орнынан өтірік жалақы алады деген құжат жасалатын болса, онда ол жұмыс берушіге де зиянын тигізеді. Ондай қызмет басшыларына да әкімшілік жаза қолданылады. Менің көптеген бизнесмен клиенттерім бар. Олар ондай құйтырқы әрекеттерге бармайды. Бүкіл табысын жасырмай көрсетеді. Жұмысында мәселе туындағанын қаламайды», – дейді Ержан Болатбек. Кез келген ата-ана бала алдындағы жауапкершілікті ұмытпағаны абзал. Баласына алимент төлемей, қашып жүрген әкелер көп. Бірақ олар заң жүзінде баласынан бас тартқан жоқ. Сол себепті де алимент төлеуге құқылы. Тіпті, ата-ана құқығынан айырылса да, олар алименттен босатылмайтынын ескергені жөн.Айым БЕКТҰР