«Дамыған елдермен тереземіз тең!» – Жақсылық Досқалиев
«Дамыған елдермен тереземіз тең!» – Жақсылық Досқалиев
755
оқылды

30 жыл көп мерзім бе, аз мерзім бе? Тарих үшін, әрине қас қағым сәт. Ал елдің дамуы тұрғысынан алғанда, бұл ұзақ уақыт. Осы жылдарда еліміздің медицина саласы аяқтан тұрып қана қоймай, қарыштай даму кезеңінен өтті. Тіпті, еліміз трансплантология ғылымында үздік аталып қана қоймай, өз бетінше вакцина ойлап таба алатын дәрежеге жетті. Осы ретте медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жақсылық Досқалиевпен сұхбаттасқан едік.

– Жақсылық Ақмырзаұлы, еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміздің медицина саласы көп ілгеріледі. Ендеше осы ретте қандай бағыттарды баса атап өтіп, қандай баға берер едіңіз? Тәуелсіздік және медицина дегенде есіңізге ең бірінші не түседі? – Біз тәуелсіздік алғанда елдің жағ­дайы нашар болды. Мен басқа салалар­ды айтпай-ақ қояйын, өзім ұзақ жылдар еңбек еткен медицина саласында 91-жыл­дары адамды емдейтін жағдай болмады. Дәрі жетіспейтін, көптеген құрал-жабдықтар жоқ еді, ең азы хи­рургтердің тігетін жібіне дейін болмады. Қаржыландыру өз алдына, болған жоқ. Енді біз осы жағдайлардан қалай шықтық? Өзіңізге мәлім, Елбасының «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы» деген бағдарламасы болды. Ол 1997 жылы қабылданды. Міне, біздің экономиканың, соның ішінде медицина саласының дамығаны осы стратегиямен тікелей байланысты. Егерде бүгінде сол стратегияны алып оқып, жасалған ша­руаларды қарасаңыз, онда осы уақытқа дейінгі көрсетілген жоспарлардың барлығы да орындалғанын көрер едіңіз. Ол стратегия болмағанда, бүгінгідей дамуымыз екіталай шығар деп ойлаймын. Стратегияны қабылдағанда, әрине ол кезде қаражат жоқ, жағдай қиын, эко­номика дағдарыста, соны біреулер тү­сінді, біреулер түсінбеді, ал енді біреулер оған тіптен сенбеді. Бірақ уақыт өте келе Стра­тегияда жазылған құжаттар, жос­парлар, барлығы да іске асты. Қаражат та сол құ­жатқа сәйкес жұмсалды. Тіпті, ел аста­насының осында көшіп келуі, оның одан ары қарай дамуы, тіпті басқа об­лыстарға локомотив болуы осы Страте­гияның арқасы, оны жасап шығарған, жүзеге асуын ұйымдастырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы деп білемін. Осы «Қазақстан – 2030» Стратегия аясында көптеген мемлекеттік бағдар­ламалар қабылданды. Медицина сала­сында осы 30 жылда бес жылдық алты бағдарлама қабылданды. Ең бірінші 1997 жылы «Халық денсаулығы» деген бес жыл­ға арналған бағдарлама болды. Со­ның ішінде ең бірінші мақсат медицина саласын бір жүйеге түсіру еді. Одан ке­йінгі тағы да бес жылға арналған бағдар­лама қабылданды. Оның мақсаты ары қарай дамыту, реформалау болды. Үшін­ші қабылданған бағдарлама «Саламатты Қазақстан» деп аталды. Мінеки, мем­лекет уақытылы қабылдаған 6 бағдар­ламаның арқасында, біз осындай жетістікке жеттік. – Бір сұхбатыңызда: «Қазақстанда 2012 жылдан бастап трансплантация саласы өте жақсы дамып келе жатыр. Атап кетсек, елімізде 7 орталықта трансплан­тация жасалады. Қуантарлық жағдай, соңғы 2-3 жылдың ішінде кішкентай балалардың ағзасын ауыстыруға қазақ­стандық дәрігерлердің қолы жетті» деген екенсіз. Ендеше бүгінде трансплантология саласының жетістіктері қандай? – Біздің әлі дамып келе жатқан ел ретінде кейбір нәрселерде дамыған ел­мен тереземіз тең. Мәселен, кардиохи­рур­гия бізде өте жақсы дамыған. Шет­елдің жетекші институттарының өзі біз­бен санасады. Қазақстанда кардиохи­рургиялық күрделі операциядан бастап жүректі ауыстыруға дейін жағдай жа­салған. Елімізде жүрек трансплантациясы жасалатынын мақтанышпен айту керек. Одан соң жұқпалы ауруларды жеңу жағынан үлкен жетістікке жеттік. Соның ішінде туберкулез – өте қауіпті инфек­циялық ауру. Біз оны емдеудің ең тиімді әдістемесін қалыптастыра алдық. Келесі айта кететін нәрсе, инсульттерді, кейбір қатерлі ісіктерді емдеу жағынан біз кейбір дамыған елдермен бірдей қызмет атқарып жатырмыз. Енді ағза ауыстыру, яғни трансплантация мәселесіне келер болсақ, мысалы биыл Қазақстанда жүрек ауыстырып, салынды. Одан бөлек, өк­пені ауыстырамыз, бауырды ауысты­рамыз, бүйректі ауыстырамыз. Бұл – үлкен біліктілікті, қажыр-қайратты, бі­лімді, шеберлікті қажет ететін операция­лар. Одан бөлек, буындардың трансплан­тациясын жасаймыз. Буынды алып тас­тап орнына металл буын немесе жасанды буын салатын қабілетіміз бар. Ол былай тұрсын, жасуша өсіруде Қазақстан қазіргі дамыған Америкамен теңбе-тең тұр. Соның ішінде біз жасушаны адамның аборттық материалынан алып жасап жатырмыз. Соның арқасында бүгінде 20 000-нан астам адамның дертінің емі табылды. Соның ішінде қант диабеті, бауыр циррозы, бүйрек қабынған кезде, буындар, сосын жүйке жүйесінің жа­сушалары. Мінеки, Қазақстанда осындай алты түрлі жасуша бойынша орган өзінің функциясын жоғалтқанда, соны қалпына келтіретін жағдай бар. Бұл – 30 жылда жасалған үлкен жетістік. – Әрине, бұл – үлкен жетістік. Қазақстандағы медицина саласының, соның ішінде хирургия саласының бо­лашағынан не күтесіз? Халықаралық қа­уымдастық алдында Қазақстанның меди­цина саласындағы беделі қаншалықты жоғары болады деп ойлайсыз? – Тәуелсіздікті бізге өмірдің берген үлкен байлығы деуге болады. Біз осы тәуелсіздігімізге, бүгінгі әл-ауқатымызға шүкіршілік ете білуіміз керек. Қазір қараңызшы, осы астанада болсын, әлде басқа облыстарда болсын адамдардың мініп жүрген көліктері шетінен соңғы модельдегі су жаңа көліктер. Әлемдік брендті маркалардың неше түрі бар. Осыдан 5-6 жыл бұрын маған жапондық хирургтер тәжірибе алмасуға келді, бірге операция жасадық. Сонда олар менен «Мына көшеде неге бір көлікте бір адам кетіп бара жатыр?» деп сұрайды. Мен бастапқыда түсінбей қалдым. Сосын «кейбіреулері балаларын балабақшаға апарады, кейбіреулері мектепке апарады, кейбіреулері жұмысқа барады» деп түсіндірдім. Сөйтсем, оларда үнемге қат­ты қарайды екен. Көп шығынға батпау үшін бір көлікке бір адам отырмайды. Содан менің жиенім сол жақта транс­плантолог болып қызмет атқарады. Сон­да әлгі делегация Жапонияға барғанда барлығын жинап алып: «Қазақстанда бізден шығатын көліктің барлық маркасы мен модулі бар. Олар оны велосипед сияқты айдап жүр» деп таңғалып ай­тыпты. Оны жиенім айтып келді. Ол қа­зір де сол жақта қызмет етіп жүр. Енде­ше, қараңызшы Жапония қайда, Қа­зақстан қайда? Бұл біздің сонда дамыға­нымыз ба, дамымағанымыз ба? Әрине, Қазақстанның медицина саласында ха­лықаралық қауымдастық алдында беделі жоғары. Еліміз үшін хирургия саласының болашағы зор. Бізге одан әрі даму керек. Елбасымыз, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев векторды көрсетті. «Жігіттер, біз дамыған елдердің қатарына ұмтылуымыз керек!» деп міндет қойды. Менің осы ретте тағы да айта кететін нәрсем, ең қиын жағдайда, тәуелсіздікті жаңа алған кезде Елбасы үлкен бағдарлама жасады. Оның аты – «Болашақ» бағдарламасы. Жыл сайын тіпті қаражат жоқ, жағдай қиын кездің өзінде жыл сайын 350 бала шетелде оқытылды. Сол балалардың көбісі қазір келіп қызмет атқарып жатыр. Соның ішінде менің де балам бар. Осында бір орталықта қызмет атқарады. Ол адамның миына операцияны оны ұйықтатпай, сөйлетіп отырып жасайды. Жапонияда оқып келді – 6 жыл. Тағы бір мысал, бір баланы жапондықтар өздері шақырып алды. Трансплантологиялық опера­ция­лар жасату үшін. Тарихта сонау Жапония­дан аттай қалап, қазақ баласын қызметке шақыртып, өздері барлық шығынын кө­теріп, алдыруы өте сирек кездесетін оқиға. Негізінен Америкадан, Израиль­ден, Еуропадан шақырады. Бұл демек біздің қызмет атқару қабілетіміз, былай айтқанда интеллектуалды потенциа­лымыз зор екенін білдіреді. Мінеки, биыл 4 жыл болды, контракт бойынша сол жақта жапондықтардың бауырын ауыстырып жүр. Осыдан кейін-ақ өзіңіз түсіне беріңіз. – Әлемді шарпыған пандемияны Қазақстан қалай еңсере алды деп ойлайсыз? Бұл да біздің медицина саласы үшін үлкен сынақ болды ғой. – Ия, коронавирус елді қатты қинап кетті. Сонда байқағаным, бізге ауызбірлік жетіспей қалып жатқан сияқты. Өйткені Президент, Үкімет қолынан келгенше күндіз-түні жатпай қызмет етіп, алдын алу және салдарын жою жұмыстарын атқарып жатыр. Жедел түрде қаншама емхана салынды. Жедел түрде дәрі-дәр­мектер алдырылды. Біз осы елде тұр­ғаннан кейін, осы елдің азаматы бол­ғаннан соң оны қолдауымыз керек қой. Себебі мемлекеттің сұрап отырғаны – кішкентай ғана нәрсе. «Халық қырылып жатыр, тойларыңызды жасамай қоя тұрыңыздаршы» деп. Соны енді көбісі былай айтқанда естімей жатыр ғой. «Өзіңіздің денсаулығыңыз үшін вакцина салыңызшы, бұл тіптен тегін нәрсе, отбасыңыздың денсаулығын сақтап қалыңыздар» деп жатыр. Кейбіреулер оны естімейді. Ауруханаға түсіп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылғанда бір-ақ түсініп, өкініп жатқандары қаншама. Сондықтан осы саланың кәсіби өкілі ретінде барша қазақстандықтарды ортақ қауіпке түсіністікпен қарап, вакцина салуға шақырамын. Пандемия дегенде, екі қуанышты жайтты айта кеткім келеді. Екі жылдан бері бүкіл әлемге қатер туып тұр. Біздің Қазақстанда вакцинаның бірнеше түрі қолданылып жатыр. Соның біреуі – Ресейдің «Спутник V» деген вакцинасы. Ресейде де, бізде де шығарылып жатыр. Ол деген су емес, алып құя салатын. Оны жасау үшін үлкен құрал-жабдық керек, білікті маман керек. Ендеше Қарағандыда ашылған зауыт біздің ондай деңгейіміз бар екенін айғақтап кетті. Бұл – бір. Екіншіден, өзіміздің шығарған вакцина, бұл – біздің ғалымдардың ойлап тапқан жаңалығы. Мұның нәтижесі өткенде «Лансет» деген журналға шықты, Қытай­дың вакцинасымен теңбе-тең, кейбір жерінде, тіпті ұтымды да. Бұл үлкен қуа­ныш емес пе? Елдің дамығаны деген осы. Қазір көрші елдерді алыңыз. Түрікмен, өзбек, қырғыз, тәжігіңде өзінің вакци­насы жоқ. Қазақстан Қырғыз Респуб­ликасына өз вакцинасын апарып беріп, көмектесіп жатыр. ТМД елдерінде тек қана үш ел өз вакцинасын шығарып отыр. Олар – Ресей, Қазақстан, Беларусь. Осыдан-ақ біздің медицинаның деңгейін бағамдай беріңіз. Мен алпыс жылдан астам жыл ғұмы­рымда ешкімге жағымпазданған емеспін және ешкімге жағымпазданайық деп шақырып отырған жоқпын. Бірақ біз бір нәрсені білуіміз керек. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жеткен же­тістіктерінің барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таза еңбегі деп айта аламын. Әркім әр нәрсені айта берсін, оның бәрі де бос әңгіме. Бірақ біздің елді бүгінгідей даму деңгейіне жеткізген осы Елбасы. Біз мұны ұмытпауымыз керек! Жастарға, кейбір адасып жүрген адам­дарға осыны түсіндіріп айтуымыз керек. Егер ел билігінде ерік-жігері мықты, сарабдал саясаткер тұрмағанда Қазақстан басқа жолмен дамуы да мүмкін бе еді... – Жақсылық аға, елімізде қазіргі трансплантациялық ахуал қалай? – Бүгінде трансплантация саласында 3 418 адам кезек күтіп отыр. Біздің тізімде осынша адамға ағза керек. Соның ішінде 3101 адам бөтекеге, 143 адам бауырға, 156 адам жүрекке тәуелді. Әсіресе, бауыр мен жүректі 1 жылдың ішінде салып болу керек. Олай болмаса, олар өліп кетеді. 16 адамға өкпе салу керек. Әсіресе, мына коронавирустан кейін көп адамдардың өкпесі жарамай жатыр. Бұлардың бәріне донор мәйіт болуы керек. Өйткені тірі адамның жүрегін ала алмайсың ғой, өлген адамның жүрегін, өкпесін алып салу керек. Ал бауыр мен бүйректі тірі адамнан да алып салуға болады. Енді мен сізге айтайын, жарты жылдың ішінде органға жете алмай 147 адам қайтыс болып кетті. Жылдың аяғына дейін ол сан өзгереді. Сонда 300 адам кетіп қалады деген сөз ғой. Енді бізге коронавирус деген кедергі болып отыр трансплантация жасауға. Мысалы, 2019 жылмен салыс­тырғанда, коронавирус болмай тұрғанда жарты жылда 118 трансплантологиялық операция жасағанбыз бүкіл Қазақстан бойынша. Былтырғы жарты жылда 47 операция. 3 есе төмендеп кетті. Биылғы жарты жылда – 75. Оны соншалықты көп деп санамаймын. Енді сіздердің газетті пайдаланып, халыққа осындай орган күтіп отырған мұқтаж адамдарға көмек қолын созу керегін жеткізгім келеді. Сондықтан да донор болуға, қайтқан туысымыздың ағзаларын алуға рұқсат беруге түсіністікпен қарауға шақы­рамын. Адам қайтқаннан кейін мәйітке оның ағзасы керек емес. Көп болса бір 5-6 жыл жердің астында жатқанда, дымда қалмай еріп кетеді. Бірақ бір мәйіт 5 адамның өмірін жалғастыруға мүмкіндік береді. Дамыған елдерде ор­ган 70-80% мәйіттен алынып, салынады. Ал Еуропа елдерінде соның ішінде Италия, Германияда органды 90% мә­йіттен алады. Дамыған елдер қатарына қарай келе жатырмыз ғой дейміз ғой. Ендеше, санамызды да түзеуіміз керек. Донор болуға асығайық. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ҚОСАЙ