WhatsApp, Facebook-ті бұғаттау арқылы депутаттар балалардың құқығын қорғамақшы ма?
WhatsApp, Facebook-ті бұғаттау арқылы депутаттар балалардың құқығын қорғамақшы ма?
Коллаж: А.Ахметқазы
290
оқылды

Мәжіліс депутаттары балалар құқығын қорғау туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутаттар Айдос Сарым мен Динара Сариева заңға Қазақстанда өкілдігін ашудан бас тартатын шетелдік әлеуметтік желі мен мессенджерлерді шектеу туралы норманы енгізді. Бұл норма қазақстандықтар арасында, соның ішінде медиа қауымдастық өкілдері арасында қызу талқыға түсті. Мұндай норма не үшін қажет? Заң қабылданса, Қазақстанда не өзгереді? Депутат пен құқық қорғаушының пікірін білдік.

Депутат Айдос Сарымның айтуынша, бұл норма кибербуллингпен күресуге және балаларды одан қорғауға бағытталған. Желі алпауыттары Қазақстанның мемлекеттік тілін білмегендіктен заңмен тыйым салынған қазақша контентті (жала, порнография, зорлық-зомбылыққа шақыру) бұғаттамай келеді.

"Кез келген заң жобасы, бұл - әлемдік тәжірибені зерттеу. Сондықтан біздің бастамамыздың үлгісін Германиядан алдық. Онда 2017 жылы экстремизм, терроризм, порнография, қорлау, өтірік айту, жала жабу және тағы басқа контентті заңсыз деп танудың 22 негізі бар заң қабылданды. Заңды бұзғандар 60 миллион еуроға дейін айыппұл төлейді.

Бүкіл әлемде интернетті ұлттандыру жүріп жатыр, экстерриториялық болып қалғысы келетін, ақша тапқысы келетін және ештеңеге жауап бергісі келмейтін техно-алыптармен текетірес бар. Бұл Қазақстанды да айналып өтпейді.

Компаниялардың өздері шабуылдардан кейін, атап айтқанда, АҚШ-тағы сайлауға байланысты, заңсыз контентпен күресетінін көрсетуге тырысады. Мысалы, Facebook ИГИЛ, ДАИШ, антиваксерлерге қатысты ақпаратты бірден өшірді. YouTube те жарияланған мәліметтерді қадағалап отыратын 10 мың контент менеджерді жұмысқа алды.

Біз де сол қатарға кіргіміз келеді. Егер желі алыптары өздеріне пайда әкелетін аудиториясын құрметтесе, онда ол қазақ тілін білетін және контенттің мазмұнын бағалай алатын және оған жауап бере алатын менеджерлерді жұмысқа алсын", - деді депутат Кz.media порталына берген жауабында.

Оның айтуынша, мемлекеттің ірі әлеуметтік желілердің иелерін бағындыратын мүмкіндігі жоқ.

"Мысалы, адам белгілі бір ақпараттың әсерінен өзіне қол салды немесе отбасында қайғылы жағдай болды. Әріптесім Динара Закиева балалардың құқығын қорғаумен ұзақ уақыттан бері айналысады. Оның балалардың кибербуллингі бойынша жантүршігерлік кейстері бар. Мұндай кезде не істеуге болады? Іс жүзінде ештеңе істей алмай келеміз. Ертең адамдар қайғылы оқиғаға жауапты Цукербергті емес, мемлекет қайда қарады дейді.

Сондықтан біз "кибербуллинг" ұғымын енгізуге тырыстық. Сонымен бірге елде уәкілетті мемлекеттік орган, атап айтқанда, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жүгіне алатын компанияның өкілі болуы керек.

Бізде партизан болмауы керек. Мемлекеттік тіркеуден өту дегенді әлеуметтік желілердің бізді құрметтеуі деп түсінуіміз керек", - деді депутат.

Айта кетейік, осыған ұқсас заң Ресейде де қабылданған еді. Биыл маусымда Ресейдің Мемлекеттік думасы 500 мыңнан астам қолданушысы бар шетелдік компанияларды Ресейде филиал, өкілдік немесе уәкілетті заңды тұлға ашуға міндеттейтін заң қабылдады. Шетелдік ақпараттық ресурстардың иелері, Facebook, Twitter және тағы басқа желілер Роскомнадзор сайтында жеке кабинет ашып, кері байланыс орнатуға міндеттелді.  Сонымен бірге шетелдік заң бұзушы компаниялар Ресей аумағында жарнама тарата алмайды, Ресей азаматтарынан төлемдер қабылдай алмайды. Оған бағынбаған интернет-ресурстарға ішінара немесе толық бұғаттау сияқты қатаң шаралар қарастырылған.  Ресей Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенко ірі шетелдік IT-компанияларды "Роскомнадзордың талаптарын сөзсіз орындауға" мәжбүр ететін шараларды әзірлеуге, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен ірі IT-компанияларды Ресейде өкілдіктерін тіркеуге және бюджетке салық төлеуге міндеттеуге шақырды. "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының директоры Тамара Калееваның айтуынша, балалардың кибербуллингке ұшырауына бір ғана әлеуметтік желі емес, елде адамдарды суицидке дейін жеткізетін проблема жетерлік.

"Бұл жерде "балаларды қорғау" дегені сылтау ғана. Балаларды кибербуллингке жеткізетін себептер бар: отбасы, мектеп, медицина және тағы басқа. Бірақ, депутаттарды бұл мәселелер алаңдатпайды. Бұл норманы ұсынған депутат Айдос Сарымның айтуынша, 2020 жылы жалпы кибербуллингтің 70 мыңға жуық фактісі анықталды және Ақпарат министрлігі әлеуметтік желі әкімшілігіне заңсыз материалдарды алып тастау туралы 1,8 мың өтініш жіберген. "Facebook, Instagram, Twitter бұл талаптарды орындаған, себебі, олар қазақстандықтардың есебінен миллиардтаған доллар табыс тауып жатыр", - дейді Айдос Сарым. Бірақ Facebook-тегі қазақстандықтардың үлесі он мыңның бір пайызындай ғана шығар. Сондықтан Facebook Қазақстанда тіркелгісі келмей қалса, ештеңесі кетпейді ғой.

Идея нәтижелі болды делік, онда шетелдік пышақ өндіруші компаниялардың өкілдігін Қазақстанда ашуын міндеттейік, сонда пышақпен жасалатын қылмыс азаяды. Онда шетелдік автокөлік өндірушілердің де өкілдігін ашуды міндеттейік, сонда жол көлік оқиғалары да азаяды", - дейді құқық қорғаушы.

Тамара Калееваның айтуынша, әлемде мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді бұғаттаған 12 ел бар. Оларды дамыған елдер қатарына жатқызу қиын.

"Есесіне, ол елдер сөз бостандығы бойынша рейтингтерде соңғы орында. Депутаттардың біздің елді де неліктен сол қатардан көргісі келетінін түсінбедім.

Ал ақылға салсақ, тек Қазақстанға тән әлеуметтік желі де, мессенджер де, іздеу жүйесі де жоқ. Балалардың құқығын желеу етіп, аталған норма қабылданса, азаматтардың ақпарат алу, оны тарату құқығы шектеледі, Қазақстанның халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде беделі түседі, елге түсетін инвестиция азаяды, бизнестің іскерлік белсенділігі төмендейді, жарнама мен электрондық сауданың дамуы тежеледі", -  дейді "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының директоры Тамара Калеева.

Айта кетейік, буллинг және кибербуллинг мәселесі Қазақстанды ғана емес, көптеген елді алаңдатады. "Әлемдегі әрбір үшінші оқушы мектепте зорлық-зомбылыққа немесе қудалауға ұшырайды. Жыл сайын 246 миллион бала мен жасөспірім мектепте немесе мектепке барар жолда гендерлік зорлық-зомбылыққа ұшырайды деген болжам бар", - деп хабарлайды ЮНЕСКО. Бұл мәселе Қазақстанда да өткір болып отыр. Мұны бір жыл бұрынғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан еді. Халықаралық ұйымдар да IT-алыптармен бірлесіп кибербуллингке қарсы іс-қимыл тетіктерін әзірлеп жатыр, ол бәріне белгілі.

"Кибербуллинг туралы арнайы заңдары бар елдерде ауыр эмоционалды іс-әрекет тудырған интернеттегі мінез-құлық қылмыстық әрекет саналады. Осы елдердің кейбірінде интернетте қудалау құрбандары болған адам құқығын қорғай алады, нәтижесінде қудалаушының электрондық құрылғысы уақытша немесе тұрақты түрде шектелуі мүмкін", - делінген ЮНЕСКО сайтында.