Коронавирус адам психикасына қандай зиян келтірді? Психиатр жауап берді
Коронавирус адам психикасына қандай зиян келтірді? Психиатр жауап берді
Фото: Richmond.com/GETTY IMAGES
359
оқылды

Коронавирус жұқтырған азаматтардың психикасында қандай өзгеріс болады? Бұл сұраққа MedSupport психиатры Арай Альгожина ғылыми зерттеулер негізінде жауап берді.

Психиатрдың мәліметінше, былтыр қазанда Brain, Behavior and Immunity журналында Anixety and depression in COVID-19 survivors (Covid-19-дан кейінгі мазасыздық және депрессия) атты мақала жарияланды. Онда COVID-19-дың адам психикасына қалай әсер ететіні зерттелген. Зерттеуге аурудан толық жазылғанына бір ай өткен, 18-87 жас арасындағы азаматтардың дерегі қолданылған. Зерттеу қорытындысы бойынша, адамдарда мынадай психиатриялық симптомдар  байқалған:
  • мазасыздық - 42%
  • ұйқысыздық - 40%
  • депрессия - 31%
  • ПТСБ (посттравматикалық стресс) - 28%
  • ОКБ (обсессив-компульсив бұзылыс - 20%.

Адамдардың 56%-ында аталған симптомдардың кем дегенде біреуі кездескен.

Сонымен бірге адам психикасының бұзылуы COVID-19 сатысына байланысты емес екені анықталған. Арай Альгожинаның айтуынша, SARS–Cov–2 инфекциясы адам психикасына тікелей емес, кейін пайда болатын қосымша психологиялық стрессорлар, яғни, әлеуметтік оқшаулану, өлімге алып келу қаупі, басқа адамдарға жұқтыру қаупі және қоғамдағы стигматизация әсері болған. Lancet журналында "COVID-19 жұқтырған 236 379 науқастың 6 айлық неврологиялық және психиатриялық жағдайлары" деп аталатын мақала шыққан.

Мақаладағы зерттеудің қорытындысы бойынша, COVID-19 жұқтырып, жазылып шыққан адамдардың шамамен 1/3 бөлігіне 6 ай ішінде неврологиялық немесе психиатриялық диагноз қойылған.

Маманның айтуынша, коронавирус жұқтырып, асқындырып алған науқастарға инсульт пен деменция диагнозы жиі қойылған.