Елге оралған қандастар саны артты ма?
Елге оралған қандастар саны артты ма?
941
оқылды

Көші-қон мәселесі әлі де ел саясатындағы ба­сым бағыттардың бірі болып тұр. Жыл сайын мың­даған қандасымыз атажұртына оралады. Бұл – қуанарлық әрі құптарлық дүние. Дегенмен осы тұр­ғыдағы түйткілді проблемалардан да түбегейлі арыл­дық дей алмаймыз. Мысалы, тарихи Отанына ке­ліп, бірақ азаматтығын ала алмай жүргендер же­терлік. Бұл кемшіліктер бірнеше жылдан бері сөз болып келеді. Ал жағдайдың оңал­май тұрға­ны­ның себебі не?

Биылғы көштің қарқыны жақсы

Осы аптада Ираннан 53 қандасымыз елге жеткізілді. Маңғыстау жеріне келген олар құжаттарын реттеу үшін 2-3 күн Ақтау қаласында аялдап, әрі еліміздің солтүстігіне аттанбақ. Яғни, теріскейдегі жұрттың қарасына қосылмақ. Арасында бес айлық егіздер Ділнәз бен Диляра есімді қыздар да бар. Жалпы, былтыр басталған пандемия қандастар көшіне де кері әсерін тигізген тәрізді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2020 жылдың қоры­тындысы бойынша, 13 мың этникалық қа­зақ тарихи Отанына оралып, қандас мәртебесін алған екен. Олардың 53,1 пайызы Қытай елінен келсе, 31,3 пайызы Өзбекстаннан, 8,7 пайызы Түрікмен­стан­нан, 3,7 пайызы Моңғолиядан, 3,3 пайы­зы басқа елдерден келіпті. Көшіп келген ағайындар негізінен Алматы облысына (51,3 пайыз), Маңғыстау облысына (13,3 пайыз), Түркістан облысына (5,6 пайыз), Нұр-Cұлтан қаласына (4,1 пайыз), Шым­кент қаласына (3,9 пайыз) қоныстанған. Былтыр 13 мың этникалық қазақ Қазақ­станға көшіп келгенін айттық. 2019 жыл­мен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4 мың­ға аз. 2019 жылы «қандас» мәртебесін 17,7 мың этникалық қазақ алған. Алайда «Келушілердің саны азайып бара ма?» деп секем алуға болмас. Себебі биылғы көр­сеткіш жаман емес. 2021 жылы алғашқы 6 айда 8 867 адам тарихи Отанына оралып үлгеріп, қандас мәртебесін алыпты. Биыл жыл басынан Қазақстанға кел­ген қандастардың жартысынан астамы, яғни 75,5 пайызы Өзбекстаннан, 10,4 пайызы ҚХР-дан, 7 пайызы Түрікмен­станнан, 2,5 пайызы Моңғолиядан және 4,5 пайызы басқа елдерден келген. Бұл жерде бір нәрсені аңғардық. Осыған дейін Қытайдан келетін қандастар көп болатын. Ал енді Өзбекстаннан келгендер үлесі артып жатыр. Оралғандарды қоныстан­дыру бойынша алдыңғы қатарда сол бая­ғы облыстар тұр. Алматыға 29,9 пайызы, Түркістанға 14,5 пайызы, Маңғыстауға 18,7 пайызы және Жамбылға 8 пайызы тұрақтаған. Айтпақшы, келгендердің ең­бекке қабілетті жастағыларының үлесі – 55,5 пайыз, еңбекке қабілетті жастан кі­шілер – 25,3 пайыз, зейнеткерлер – 19,2 пайыз. Ал білім деңгейі бойынша – 10,9 пайызының білімі жоғары, 39,3 пайы­зы­ның орта кәсіби, 45,9 пайызының жалпы орта білімі бар екен. Қалған 3,9 пайы­зының білімі жоқ. Аңғарсақ, басым көбі­не елімізде білім алу жағын қамтамасыз ету керек-ақ. Сонымен биыл қандастар көші артып жатқанын сөз еттік. Енді мәселелерге тоқталсақ.

Ауған жеріндегі қандастарға қиындық көп

Тәуелсіздік алған тұстан бері ілкіде алыс елдерде қалған ағайынға атажұртына оралуға жол ашылды. Осы кезге дейін 1 миллионнан астам қандасымыздың елге оралғанын білеміз. Атажұртқа оралған ағайындардың ішінде әлі Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргендер көп. Көші-қон қызметі, Халыққа қызмет көр­сету орталығы секілді құзырлы орын­дардан көңілі қалған ағайын амалсыз қоғамдық ұйымдарға жүгініп жатыр. «Көші-қон туралы» заң тармақтарында қарама-қайшылықтың көп екені жиі айтылады. Жат жердегі қандастарымызды атажұртқа қайтару мемлекеттік саясаттың басым бағыты бола тұра, жағдай мүшкіл секілді. Бәрінен бұрын олардың жанына бататыны – көбі қазақ бола тұра, сонысын дәлелдей алмай әлек болып жүр. Аза­маттығы болмаған соң не жұмыс жоқ, дәрігерге қаралу, білім алу мүмкіндігі жоқ, қысқасы, құжатын реттей алмай сандалып жүргендерді құқық қорғау органдары да бір жағынан қысымға алатын көрінеді. Қазір ауған жерінде болып жатқан шиеленіске толы жағдайдан хабардармыз. Осы тұста сондағы қандастар елге орал­ғысы келетінін айтып, көмек сұрағанын көрдік. Бірақ олардың елге оралғаны бір төбе, қандас мәртебесін алуының өзі қиын. Негізі, ұлтын растайтын анықтама – қандас мәртебесін де, азаматтық алуға да негіз болатын басты құжат. Дегенмен кейбір елдер куәлікке ұлтын белгілемей, тек тілін ғана жазады. Бұлардың қатарын­да Ауғанстан бар. Ауғанстанның «таскира» деп аталатын туу туралы куәлігі бар. Сол куәлікте тегі деген жерде арабша қазақ деп тұрады. Бірақ ол тегі дегенді ұлты деп қабылдай бермейді. Ал таскирада ұлты көрсетілмейді, тілі қазақ деп қана көрсе­тіліп тұрады. Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы мұндай жағдайда Ұлттық қауіп­сіздік комитеті азаматтық беруге келісім бермейтінін жариялаған. Сондықтан ондағы қандастардың елге оралуы екі­талай деп айтсақ жаңылыспаймыз. Осыған дейін біз қандастарға қол байлау болған азаматтық алу мәселесін жаздық. Көбінің базынасын да тыңдадық. Қағазбастылықтың кесірінен әлі айыға алмадық. Биылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен тиісті заңнамаларға өзгеріс енгізуге тырысып жатқан қор, азаматтық алу үшін қандастар жинауға тиіс 46 құ­жатты 26-ға дейін азайтқанын жариялады. Дегенмен қағазбастылық – «баяғы бір жартастың» орнында. Қандастарға азаматтық беру ісінде «Көші-қон туралы» заң талаптарын же­ңіл­дету қажет. Олардың мәселесімен «Отан­дастар қоры» айналысады. Арыз-ша­ғы­мын қарайды. Қазір қанша ағайын­ның құ­жатқа қолы жетпей жүргені жайлы нақ­ты дерек жоқ. Әйтеуір жыл басында жаңағы «Отандастар қоры» қандастардан келетін шағымның көп екенін мәлім етті. 2019 жылдың өзінде 11 мыңға жуық өті­ніш түсіпті. Кейбіреуін әлі шешіп жатқан көрінеді. Бірақ барлығын қамтымағанын көріп отырмыз. Елімізден кетіп жатқандардың барын білеміз. Басым бөлігі тарихи Отанына атта­нады. Енді бірі жұмыс бабымен қо­ныс аударып, оралмай жатады. Бұл жағ­дайда айналып келгенде еліміз адами капиталдан айырылып отырғаны көрі­неді. Соның орнын толтырып, оған қоса демогра­фия­лық ахуалды реттеудің бір амалы қан­дастарға жол ашу болса керек. Ол үшін жоғарыда аталған проблемалар шешімін тапса жөн.

Мадияр ТӨЛЕУ