2014 жыл: ықпалдастық ырғағында
2014 жыл: ықпалдастық ырғағында
392
оқылды

Тарих парағына елеулі оқиғаларымен жазылған ­жыл­дардың бірі – 2014 жыл. Дүниежүзілік деңгейде де, құр­лықтық ауқымда да еліміз әлемдік қауымдас­тық­қа жа­қындай түссе, ел ішінде теміржол тармақтары тартылып, алысты жақын етті. Соңғы оқиға осы жылғы қос жол­дау­дың бірі – «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдар­ламасының алғашқы жемісі еді. Одан да өзге Қазақстан халықаралық белді жиындардың тұ­рақты қатысушысына айналды.

Әлем көз тіккен оқиға

Тәуелсіздік толқынындағы 2014 жылдың басты жаңалығы Еуразиялық экономикалық одақ­тың (ЕАЭО) құрылғаны болды. Күллі әлем көз тіккен осынау оқиға жаңа бір экономикалық тұтас кеңістіктің нақты бекіген­дігінің айғағы еді. Мұндай ұйым құру туралы бастаманы 1994 жылы 29 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі М.Ломоносов атындағы Мәскеу гуманитарлық университетінің студенттеріне дәрісі кезінде айтқан болатын. Содан бері пісіп-жетілген инте­грациялық идея жиырма жылдан кейін ЕАЭО түрінде көрініс тапты. Ендеше, жаңаша қатынас фор­матының осы жылғы хронология­сына назар аударар болсақ: 5 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысу үшін Ресей астанасы Мәс­кеуге барды. Бұл жиынға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин және Беларусь президенті Алек­сандр Лукашенко қатысты. 29 сә­уірде Нұрсұлтан Әбішұлы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес­тің Беларусь астанасы Минскіде өткен отырысына қатысты. Онда Кеден одағы мен Біртұтас эконо­микалық кеңістік аясындағы инте­грациялық үдерістердің барысы мен болашағы, сонымен бірге ЖЕЭК-тің бұған дейінгі отырыс­тарында қол жеткізілген келісім­дерді жүзеге асырудың негізгі мә­селелері талқыланды. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт жобасы қаралды. Осындай кездесулердің нәтижесінде осы жылы 29 мамыр күні Қазақстанның астанасындағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономи­калық одақ (ЕАЭО) құру шартына қол қойды. Осылайша, әлемдік маңыздағы аса ауқымды оқиға тарихқа енді. Осы жиын кезінде бұл стратегиялық қадамға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары баға берген болатын. «Біз Еуразиялық экономи­ка­лық одақ туралы шартты әзірлеу бойынша ауқымды жұмысты тә­мам­дадық. Оған қол қою Еуразия­лық кеңістіктегі сапалы интегра­циялық үдерістердің жаңа кезеңін білдіреді. Шарт сауатты, теңгес­тірілген, оған қатысушы мемле­кеттердің барлығының мүдделерін есепке ала отырып жасалды. Ау­қымды жұмыс атқарылды. Келіс­пеушіліктер де баршылық болғ­а­нымен, біз барлық тараптарды қанағаттандыратын ортақ консен­сусқа келіп отырмыз», – деді ол. Үш тараптың бірі Беларусь прези­денті Александр Лукашенко бұл жиында: «Біздің дұрыс жолды таң­дағанымызды өмірдің өзі көр­сетті. Бұрынғы кеңестік кеңістіктің қайтарымсыз кері интеграциясына жол бермес үшін біз ТМД-ны құ­рудан бастадық, сосын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты, Кеден одағын құрдық, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің ноба­йын сыздық. Бүгін біз мәреге жет­тік, ол бізді Еуразиялық эконо­ми­калық одаққа әкелді», – деп тарихи сабақтастықтың маңызын атап өтті. Өз кезегінде Ресей президенті Владимир Путин Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт мемлекеттік егемендікті толық сақ­тай отырып, елдерімізді инте­грацияның мүлде жаңа деңгейіне алып шығатынын баса атап өтті. 2014 жылғы 4 желтоқсанда Армения парламенті елдің ЕАЭО-ға қосылуы туралы шартты рати­фикациялаған болса, 23 желтоқ­санда Жоғары Еуразиялық эко­номикалық кеңестің отырысында Қырғыз Республикасы ЕАЭО-ға қосылуы туралы шартқа қол қойды. 2015 жылдың 1 қаңтарында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт күшіне енді.

ДСҰ: Еуроодақпен табысты келісім

Тәуелсіздік тарихындағы ке­лесі бір елеулі оқиға – Қазақ­стан­ның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы шешімнің қабылдан­ғаны. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бельгияға ресми сапары бары­сында Қазақстан мен Еуроодақ ара­сындағы Кеңейтілген серік­тес­тік пен ынтымақтастық туралы ке­лісім табысты аяқталды. Елі­міз­дің Дүниежүзілік сауда ұйы­мына кіру туралы мәселесі түбе­гейлі ше­­шілді. Осы қуанышты сәтті жа­рия еткен Елбасы: «Бұл маңызды оқиға, оған қол жеткізу үшін 15 жыл жұмыс істедік, барлық 160 мем­лекетпен келіссөз жүргізу оңай­­ға соққан жоқ. Мен оған ті­келей ара­ласып, АҚШ, Ресей және Үндістан президенттерімен, бар­лық мем­лекеттермен, Еуро­одақ­пен сөй­лестім. Қазір біз қорытын­ды ке­зең­де тұрмыз», – деген болатын.

Девальвация: «қара сейсенбі»

2014 жылдың есте қалған тағы бір оқиғасы – ақпан айында болған девальвация. Қазақстандықтар бұл күнді, яғни 11 ақпанды «қара сей­сенбі» деп атап кетті. Ішкі-сыртқы факторлардың әсерінен біраз тер­беліске түскен ұлттық экономика қаржы нарығындағы дағдарысқа алып келді. Расында, бұл қазақ­стандықтар үшін күтпеген оқиға болды. Өйткені осының алдында ғана, яғни 21 қаңтар күні Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов «Девальвацияға ешқандай себеп жоқ» деп мәлімдеме жасаған бола­тын. Сонымен, бұған дейін 155 теңгеге бағаланып келген ақпан айында ұлттық валютамыздың долларға шаққандағы бағамы 185 теңге болып бір-ақ ыршыды. Халық арасында «доллар одан сайын қымбаттайды екен...» деген дақпырт тарап, адамдар жалма-жан доллар сатып ала бастады. Айырбастау пункттерінің алды ұзын-сонар кезекке толды. Әйтсе де, Ұлттық банк жағдайды уысында ұстай алды. Бұл құнсызданудың себебі рубльдің әлсіреуімен, тұ­тыну тауарының импортынан ел­дегі төлем теңгерімінде проб­ле­малар туындағанымен, спекуля­ция­лық көңіл күймен, теңгені интервенциялық қолдаумен, ин­фля­цияны 3-4%-ға дейін түсіруге алғышарттардың жасалуымен түсіндірілді. Соңғысы Ұлттық банктің инфляциялық таргеттеуге барып, теңге бағамын қатаң түрде реттеп отырудан бас тартуы мүм­кін екенін білдіретін. Бір қызығы, бұл оқиғаны түсіндірген Ұлттық банк төрағасының өзі «өзім бүгін түнде ғана естідім» деп жауап берген еді. Қайрат Келім­бетовтің айтуынша, мұндай шұғыл шешім ақпарат тарап кетіп, алдын ала дүрлігіс тудырмау үшін қабыл­дан­ған екен.

«Қазақстан жолы–2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»

17 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан жолы–2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті. «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат – Қазақстанның ең да­мыған 30 мемлекеттің қатарына қо­сылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақ­стан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Бүгін мен осы дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспа­рымызды ұсынғым келеді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет нақты тұжырым­дама жобасын жасады. Біз 2050-дің мақсатына қарай күрделі жаһандық бәсе­келестік жағдайында ілге­рілейміз. Алдағы онжылдықтарда біз қа­зірдің өзінде біліп отырған сын-қатерлер, жаһандық нарық пен әлемдік саясаттағы болжаусыз жағ­дайлар, жаңа дағдарыстар аз кездеспейді. Әлемнің дамыған ел­дері соған сай нақты стратегия­ларын дайындап жатыр. Бүгінде дамығандықтың іргелі көрсеткіштерін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйы­мына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттер көрсетіп отыр. Оған әлемдік ішкі жалпы өнімнің 60 пайыздан аста­мын өндіретін 34 ел кіреді. ЭЫДҰ-ға кіруге тағы 6 ел – Бразилия, Қытай, Үндістан, Индонезия, Ре­сей және Оңтүстік Африка Респуб­ликасы үміткер болып отыр. Ұйым­ға мүше барлық ел терең жаң­ғыру жолынан өтті, инвес­тицияның, еңбек өнімділігінің, шағын және орта бизнесті дамы­тудың, халық өмірі стандарт­тары­ның жоғары көрсеткішіне ие бо­лып отыр. Әлбетте, ЭЫДҰ елдері­нің болашақ ұзақмерзімді қарқыны ескерілгендегі индикаторлары – жер жүзінің дамыған 30 мемле­ке­ті­нің қатарына кіру жолындағы біз­дің базалық бағдарымыз осы», – деді Елбасы өз Жолдауында. Бұл құжатта Нұрсұлтан Назар­баев экономиканың жоғары тех­нологиялық жаңа салаларын құру үшін ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан кем емес деңгейге дейін жеткізу қажеттігіне назар аудартып, Ішкі жалпы өнімнің энергия тұтыну ауқымын 2 есе азайту маңызын айтты. Үкіметке жеті бағыт бойын­ша кеңауқымды міндеттер жүктеді. Бүгінде бұл міндеттер стратегиялық сабақтастықпен жүзеге асып келеді.

«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол»

Осы жылы 11 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің отырысында елдің жаңа экономи­калық саясаты негізінде «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын жариялады. «Біз партияның тұғырнамасын бүгінгі күн шындығы тұрғысынан қарай отырып жаңа мазмұнмен толықтыруға тиіспіз. Менің тап­сырмам бойынша Үкімет дамудың жаңа ауқымды бағдарламасын жасауды аяқтады. Бүгінде алды­мыз­да тұрған сын-қатерлерге жа­уап бере отырып, мен Қазақстан­ның «Нұрлы Жол» жаңа экономи­ка­лық саясаты туралы жариялаймын. Қазақстан – ұшқан құстың қа­наты талатын ұлан-ғайыр аумақ­тың иeci. Сондықтан аталған жос­пар орасан қаражат пен еңбекті, аса ау­қымды жұмысты қажет етеді. «Ел­дің өркенін білгің келсе, жо­лы­на қара» деген қағида қалып­тасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалалары­мыз­дың көбі Ұлы Жібек жолын жаға­лай қоныс тепкен. Қазір де қайна­ған тіршілік күре жолдардың бо­йында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық ай­мақ теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасам­паздық рухын тарататын өмір-та­мырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланы­сын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыс­тардың бip-бi­piмeн сауда-сатты­ғын, эконо­ми­калық байланыс­тарын нығай­тады. Ел ішінен тың нарықтар аша­ды. Осылай, алысты жақын ету – бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ», – деп атап өтті. Жолдау аясында Елбасы дағда­рысқа қарсы тұру жолдарын жария етіп, Үкіметке жеті тармақтан тұ­ра­тын тапсырма берді. Оның алғаш­қысы көліктік логистиканы дамы­туға арналған. Осы бағдар­лама аясында 22 тамызда Жез­қаз­ған – Бейнеу және Арқалық –Шұбаркөл теміржолдары пайда­лануға берілген болатын. Ал 3 желтоқсанда Өзен-Қызылқия-Берекет-Этрек-Горган (Қазақстан-Түркіменстан-Иран) теміржол желісі ресми түрде ашыл­ды. Бұл жол Қазақстанды Еуропаға 600 шақырымға жақындата түсті. Елбасы бұл жобалардың барлы­ғының ашылуына қатысты. Са­лынуы 2008 жылдан бастау алып, құрылысы таяуда ғана аяқталған халықаралық теміржол тарма­ғы­ның ашылу салтанаты Иран мен Түркіменстан шекарасында өткен болатын. Онда Елбасымен бірге Иран президенті Хасан Рухани, Түркіменстан президенті Гурбан­гулы Бердымұхамедов те болды.

Нұрлан ҚОСАЙ