«Соқыр адам соққан ба?» – мемлекеттік бағдарламамен үй алған тұрғындардың жанайқайы
«Соқыр адам соққан ба?» – мемлекеттік бағдарламамен үй алған тұрғындардың жанайқайы
Фото: КТК телеарнасының сюжетінен скриншот
227
оқылды

144 пәтерлі «Стандарт» деп аталатын көпқабатты үй  мамыр айында беріле бастаған. Бірақ инфрқұрылымнан жұрдай. Ол аз десеңіз, сапасы сын көтермейді. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Баспананың қабырғалары жарылып,  үстінен су ағып жатыр. Жарнамаға алданып, енді ай сайын қыруар қаржы құйып жатқан жұрт дәретін шелекке сындырып жүр. Былтыр мемлекеттік бағдарламамен сапалы, заманауи үй салынады деген соң жұрт қарызданып, баспана алған. Енді барлығы бармағын тістеп жүр.

Шымкент қаласының тұрғыны Мақсат Қайратұлы: «Кіргеннен бастап көңіл күйіміз түсті. Үйдің жоспары дұрыс емес. Екіншіден, соққан адамдардың бәрі, білмеймін, қалай соққанын. Соқыр адам соққан ба? Қисық. Жөндеуге, тегістеуге қыруар қаржы кетіп жатыр. Мамыр айынан бері, міне, кілт алдық. Кілт алғаннан бері осы проблема басталды», – дейді.

Көпқабатты үйдің кіреберісінен бастап қабырғаның сылағы түсіп, су жаңа үйдің кей тұсы мүжіліп жатыр. Ең сорақысы, мамыр айында берілген үйде не жарық, не газ, не су жоқ. Кей тұрғындар жертөледе жұмысшыларға деп жүргізілген электр желісіне қосылып, амалдап жатыр. Елді, әсіресе, су жоқтығы қинайды. «Үй алдық» деп ерте қуанғандар баласын жақын жердегі мектепке ауыстырып, енді амалсыз тұрып жатыр. Бес қабатты үйдегі әр отбасы ай 100-170 мың теңге аралығында ақша төлейді. Шыдамы таусылған тұрғындар жаппай жиналып әкімдікке барды. Бірақ шенеуніктер тұрғындарды қабылдамақ түгілі, есікті ашпай қойды.

 «Риксосты» салған деді, ойбай, «Премьераны» салған деді. «Премьераны» пример қылып жүргенде, төбемізді тесті. Ақшасын төлеп отырмыз, не үшін алпауыттар салады да, инфрақұрылым жүргізбей жатып үйдің кілтін беріп қояды?», – дейді тұрғындар.

Құрылыс басқармасы басшысының айтуынша, үйдің жобасын мердігер компанияның өзі әкімдікке өткізген. Қателіктер шаш етектен екенін мойындайды. Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев: «Ешкім ешкімді жаппайды. Бірінші деңгейде жоба компаниясы бар ғой. Сол қателікті жіберген, соны жауапқа тартамыз. Екінші, сол экспертиза өткізгенді жауапқа тартамыз», – деді.

Ал мердігер бар кінәні әкімдікке артты. Яғни коммуналдық желілерді тартып беруді сұрап бірнеше мәрте шыққанымен, «шенеуніктер құлақ аспады» дейді. Екі жақ осылай бір-бірімен дауласып жүргенде, зардабын қарапайым тұрғындар тартып отыр.