Қаржы қаралмаса, жобалар қалай жүзеге асады?
Қаржы қаралмаса, жобалар қалай жүзеге асады?
158
оқылды
Nur Otan  партиясының Жамбыл  облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының және «Өңірлік даму» қоғамдық кеңесінің бірлескен отырысы өтіп,  күн тәртібінде партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік Жол картаның орындалу барысы қаралды. Жалпы биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өңірлік Жол картадағы 1073 іс-шараның 322-сі орындалып, 516-сы орындалу сатысында. Жол картасына сәйкес биыл облыста пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 329,5 мың шаршы метрді құраса, бұл  өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда  16,4 пайызға артық. Сондай-ақ  сүт пен  ірімшік өндіру цехы, «Темірбетон бұйымдар» зауыты және Консерві өндірісін ұйымдастыру және көкөніс сақтау қоймасы жобалары іске асырылған. Бұдан бөлек  Тараз қаласында «ПАЗ», «Golden Dragon» маркалы үлкен сыйымдылықты 32 автобус ел игілігіне беріліп отыр. Қазіргі таңда мәдениет, спорт, білім және денсаулық нысандарының құрылысы жүргізілуде. Алайда  партияның  Жол картасындағы 11 іс-шараның орындалмай қалу  қаупі бар. Жауаптылардың мәліметінше, жоспарланған жобаларға бөлінген қаржының жеткіліксіздігі жұмыстарды кешеуілдетіп жатыр екен. Ал республикалық бюджеттен қаралуы тиіс  қаржының қысқартылуына байланысты  кей нысандардың құрылысы аяқталмауда. «Өңірлік даму» бойынша қоғамдық кеңестің төрағасы, фракция жетекшісі Мұқаш Ескендіров мәселені шешуге салғырттық танытып, жүйелі жұмыс жүргізбеген жауаптыларға шара қолдану  қажеттігін айтса, партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Дауыл Бейсенқұлов партия мүшелерінің дербес жауапкершілігі қаралатынын ескертті. Себебі халыққа берілген уәде, олардың сұранысы мен тілегі уақытылы әрі сапалы орындалуы тиіс.  

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы