«Құлауы мүмкін» – ауыл тұрғындары баласын ескі мектепке жіберуден бас тартты
«Құлауы мүмкін» – ауыл тұрғындары баласын ескі мектепке жіберуден бас тартты
Фото: КТК арнасының сюжетінен алынды
500
оқылды

Ата-аналар бастауыш мектептің апатты жағдайда тұрғанын айтып дабыл қақты. Долан ауылындағы спортзал, асхана, кітапхана, ғимарат ішінде дәретханасы, тіпті мұғалімдер бөлмесі жоқ мектеп таяу арада құлауы мүмкін. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Іргесі 70 жылдан астам бұрын қаланған аядай ғимараттың төбесіне ұжым биыл әр жеріне тіреу қойып қойған. Ал әр оқу маусымында жаңа мектеп саламыз деген шенеуніктер халықты 15 жылдан бері алдап келіпті. Енді аудан және облыс әкімінен күдерін үзген жұрт Президенттен көмек сұрайды.

Долан ауылының тұрғыны Жазира Жомарт: «Мектеп 1948 жылы салынған. Біз 2019-да митингіге шыққан кезде бұған миллион ақша бөлініп, оны тексерді, сараптама жүргізді. Бізде соның қағазы да жоқ. Ал биыл оқу басталғанда өрт сөндіру, СЭС қалай рұқсат берді? Қалай мына мектептің ішіне кіргізіп отыр? Оқушылардың өміріне қауіп төніп тұрғанын білмей ме?», – дейді.

Доландағы 70 орынға арналған жалғыз мектепте 250 бала оқиды. Білім ордасының іші-сырты түгел ескірген. Тіпті төбесінің құлап кетуінен қорыққан ұжым биыл қатарынан бірнеше тіреу қойыпты.

Долан бастауыш мектебінің директоры Гүлнәр Раисова: «Мектепте спорт залы жоқ. Бірақ дене шынықтыру өтеді. Дене шынықтыру есік алдында және мектептің артында өтіп жатыр. Оқу процесі әлі бірде-бір рет бұзылған емес. Күнделікті сабақ өз уақытында басталып, өз уақытында аяқталады. Асхана жоқ, буфет жоқ, кітапхана жоқ», – деді.

Ал балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар жаңа мектеп үшін 15 жыл бойы күресіп келеміз дейді. Шенеуніктер мектеп салатын жер телімін сатып алынғанын айтты.

Қарасай ауданы әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Жарас Қатубаев: «Қазір Алматы облысы экономика және жоспарлау басқармасына қаражат бөлуге ұсыныс жасалды. Енді алдағы уақытта кезекті мәслихат отырысында қаражат бөлінеді. Келесі жылдан бастап мектеп құрылысы басталады. Бір жыл құрылыс жүргізілетін болады», – деді.

Алайда аудан және облыс атқамінерлеріне сенуден қалған ауыл халқы Президенттен көмек сұрайды. «Тозығы жеткен мектеп құлайды» деп қауіптенген ата-аналар балаларын сабаққа жіберуден бас тартып жатыр.