Журналистика факультеті – шығармашылық кеніші. Нарық талабына сай білікті мамандар даярлау үлкен жауапкершгілікті және креативті шешімдерді басқарудан тұрады. Бүгінгінің журналистикасы – сауатты да көркем жазумен қатар универсалды білімді, мультимедиа, үлкен деректер құралдарын меңгеруді, бірнеше тіл білуді қажет етеді. Журналистиканың жаңа медиа мен ақпараттық кеңістіктегі интеграциясы нарыққа жаңа мамандық иелеріне сұранысты арттырды.
Жоғары оқу орындарында білім беру бағдарламаларының модернизациясы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасында соңғы үш жылда медианарыққа бағытталған. Бакалвриатта «Кино&Медиа», магистратурада «Data журналистика», «Бизнес-коммункиация», «Экологиялық журналистика», «Креативтік индустриялар», сондай-ақ үш деңгейде «Медиакоммуникациялар» білім беру бағдарламаларына қабылданған білім алушылар саны артуда. Кафедра базасында соңғы оқу жылдарында ашылған «Qazaqstan», «Egemen Qazaqstan», Ж. Кенжалин атындағы Баспасөз және жаңа медиа оқу-шығармашылық зертханалар жұмыс беруші ұйымдардың қолдауымен оқу техникалық мүмкіндіктердің алаңына айналды. Кафедараның осы орайда оқу-техникалық базасын жаңалаудан бастап оқу үрдісіне, білім беру бағдарламалары медиа нарыққа бейімдеудегі жобалары аталды. «Egemen Qazaqstan» газетінің Алматыдағы тілшілер қосыны, «Qazaqstan» ұлттық арнасының Алматы редакциясы мен «Қазақ газеттері» ЖШС базасында Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының филиалының ашылуы оқу үрдісінің медиа өндіріске бейімделуіне жол ашты.Академиялық дамудың интеллектуалды капиталы
Қазақстандағы медианарық сан алуан тарапта дамып жатыр. Оған маман даярлау үшін сұранысқа сай әрекет ету керек. Бұл ретте кафедраның ғасырға жуық классикалық тәжірибесі қалыптасты. Жаңа медиа нарығының үндеулеріне сай цифрлық даму моделін жасақталды. Журналистика білім беруі ісінің шежіресі 1934 жылы бастау алды. Біртуар қайраткерлер журналистиканың дамуы мен қалыптасуы үшін үлкен еңбек етті. Журналистиканың көрнекті ұстаздарын, атап айтсақ, Темірбек Қожекеев сатираның теориясын жасаса, Қайыржан Бекхожин негізін қалаған, кейінірек профессор Сағымбай Қозыбаев, профессор Ләйла Ахметова қазақ журналистикасының тарихын, Тауман Амандосов бастап, профессор Бауыржан Жақып жанрлық тұрғысын зерттеді, ал Марат Барманқұлов іргелі дүниелермен негізін салған тележурналистикаға профессор Сәуле Барлыбаева ерен үлес қосты. Қазақ радиожурналистикасы ғылыми мектебін қалыптастыруда профессор Намазалы Омашев түрен салды. Жаңа медианы зерттеудің қолданбалы мектебін дамытқан профессор Ғалия Ибраева бар. Бүгінде бұл бағыттағы зерттеулер жас ғалымдар тобымен жаңарып келеді. Осы классикалық дәстүрдің қаймағын бұзбай, жаңа заманға сай икемдеу, жалғастыру біздің маман даярлаудағы миссиямыз. Шығармашылықтың цифрлық ұстаханасынан журналист мамандар даярлауда басты потенциал – әдістемелік құралдар, ғылыми-технологиялық және өндірістік базаның нығаюы. Бүгінде баспасөз бен жаңа медиа, телевизия мен радио хабар тарату нарығында мультимедиадан, SММ құралдарын жетік меңгерген түлектерге сұраныс артуда.Нарықпен диалог
Қазір әр университет, әр кафедра өзінің білім беру бағдарламасы қаншалықты нарықта сұранысқа ие, соншалықты рейтингі артатыны рас. Журналист мамандарын даярлайтын еліміздегі 30-ға жуық кафедраға шағын зерттеу жасадым. Білім алып жатқан студенттердің контингенті мен олардағы білім беру бағдарламаларының басымдықтарын зерделеп шықтым. Таяуда «Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі» мен «Білім беру сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттіктің» қорытындысы жарияланды. Журналист мамандарды дайындау бойынша ҚазҰУ университеті алда келе жатыр екен. Журналист мамандарын даярлау бойынша мемлекеттік жоғары оқу орындары мен жеке оқу орындарының үлесі тең. 45 пайызы – мемлекеттік, қалғаны – 55-і жекеменшік. Жаңа білім беру бағдарламасын дайындау үшін нарықты көп зерттедік. Осы орайда, «Qazaqstan», «Хабар агенттігі», «Қазконтент», «Қазақ газеттері» , «Жас Өркен» және «Нұр Медиа» секілді медиахолдингтер мен агенттіктер басшыларына сұраныстар жібердік. Олардың маманға қойған талаптарын білдік. Нарыққа не керек, не жетпей жатыр, біздің мамандардың бойында қандай кемшіліктер бар, нені үйрену керек, соны терең білгіміз келді. Сонда олардың көп сұрайтыны – мамандардың технологиялық тұрғыдан сауатты болуы, аудио және бейнематериалдарды монтаждай алуы, әлеуметтік желі бойынша маркетингтік тәсілдерді меңгеруі. Сондай-ақ редакцияның ішкі жұмыстарын да ұйымдастыратын арнайы мамандар, датамен жұмыс істейтін журналистер де ерекше сұранысқа ие екен. Біз үнемі әлемдік топ-университеттердің бағдарламаларына бағдар жасап отырамыз. IT факультетінің студенті бола тұра біздің факультеттің бір бағдарламасын таңдап, ары қарай журналист квалификациясын ала алады. Не болмаса, Биология факультетінен келген студент журфак бағдарламасын таңдап, білімін жетілдіреді. Яғни, ол келешекте экология саласын індете жазатын журналист болуға мүмкіндік алады. Керісінше, заң саласын жақсы білгісі келген журналист-студент заң факультетіне барып оқып келе алады. Бұл орайда 4 жылға негізделген толыққанды бағдарлама аясында бір семестрге созылатын қысқамерзімді бағдарлама қарастырылған. Бұл еліміздегі салалық журналистиканың дамуына жол ашады.Гүлмира Сұлтанбаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор