Нұрсұлтандықтар қоныстойын тойлады
Нұрсұлтандықтар қоныстойын тойлады
329
оқылды

Ұстаздар күні қар­саңын­да Нұр-Сұлтан тұрғындары қоныстойын тойлап жатыр. Пәтер кілттерін кезекте тұр­ған қала тұрғындарының бір бөлігі, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы азаматтардың кезекті бөлігі алды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында «Отау» көп­пәтерлі тұрғын үй кешені қол­данысқа берілді.

Елорда әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов «Отау» көп­пәтерлі тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің кілтін табыс етті. «Мұны тұрғын үй кешені де­ген­нен гөрі шағынаудан десек те болады. Бұл аумақта келесі жылы жаңа мектеп бой көтеретін болады. Қазірдің өзінде жаңа автобус бағыты ұйымдастырылды. Бала­бақша, медициналық орталық секілді басқа да әлеуметтік маңыз­­ды ұйымдар бой көтереді. Абаттандыру жұмыстары жүргіз­іле­ді. Яғни, тұрғындардың қолай­лы өмір сүруіне барынша жағдай жасалады», – деді елорда әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов. Осылайша, Алматы ауданында орналасқан «Отау» тұрғын үй кешенінің пәтерлері «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Отбасы банк» жүйесі арқылы пайдалануға берілді. Су жаңа кешенде 1 884 пәтер бар. Бүгін қоныстойын тойлап жат­қан­дардың бірі – елордадағы №65 мектеп-гимназиясының оқыту­шысы Ағила Ғаниқызы. қоныстойы «Қаладағы зәулім көпқабатты үйлерді көріп, «Шіркін, менің де өз баспанам болса ғой» деп қатты армандайтынмын. Ниет етсең, түбі жетесің ғой. Енді бүгін, міне пәтерге қол жеткіздім», – дейді жас ұстаз қуаныштан жүзі бал-бұл жанып. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй көлемін ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл Нұр-Сұлтанда 10 мың жеңілдікті әлеуметтік пәтер салынады. Тек соңғы 3 жылда қолжетімді тұр­ғын үй саны 5,5 еседен астам ұл­ғай­ды. Мысалы, 2018 жылы 1 800 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер, 2020 жылы 7 000-нан астам пәтер салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ Елбасының бас­тамасымен қолға алынған «Жұ­мыс істейтін жастарға жалға бері­летін тұрғын үй» бағдарлама­сы биыл да жалғасады.

Ж. НҰРЛАН