«Олимп» шыңындағы шайқастың соңы
«Олимп» шыңындағы шайқастың соңы
©А.Ахметқазы
629
оқылды

Бірнеше ұшақ, кең сарайдай пәтерлер, аса қымбат көліктер, көлемі атшаптырым жер учас­келері, миллиардтаған ақша... Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі «тотализаторлық» ұйым – «Олимптегі» қаржы жылыстатумен күреске қатысты үш жылдай жүрген эпопеяға биыл нүк­те қойылды. Алпауыт букмекерлік кеңсенің қожайыны шетелге қашып құтылды, ал ағайын­дары және қызметкерлері тұтылды. Сот олардың да дүние-мүлкін тәркілеп, мемлекетке тап­сырды. 

Шыңға шығамын деп шыңырауға құлады...

«Олимптің» негізін қалаушыны және оның бауырларын айтпаған­ның өзінде, тіпті букмекерлік кең­­­сенің қатардағы бағдарлама­шы­лары, есепші-бухгалтерлері, та­сымалдаушы-курьерлері де аз уа­­қытта шылқыған бай болып шы­ға келген: олар элиталық пәтер­лер­дің, бағасы удай «темір тұл­парлар­дың», ұлан-ғайыр жер те­лімдерінің коллекционерлеріне айналған. Рас, таяуда оның бәрін, тіпті жасырын сейфтерге тыққан қаражатын құзырлы органдар сот арқылы тартып алды. Бұл қаражаттың адал емес, арам, тіпті «қанды» екені құпия емес. Қолында барын бәске тігіп, оңбай ұтылған қаншама қазақ­стандықтың отбасы ойрандалды, қаншама адам құса болып, деп­рессияға ұшырап, күйзелістен жан тапсырды, қаншасының өзіне-өзі қол салғаны белгісіз. Бук­мекерлік кеңселердің елге қан­дай азап-мех­нат әкелгенін бірнеше мысалдан аңғаруға болады. Сол­түстікқазақ­стандық Нина Р. осы құмар ойыны күйеуінің есіл-дер­тін жаулап, есіртуі кесірінен жас баласымен далада қалғанын ай­тып, мұң ша­ғады.
«Кәмелетке толмаған жас қы­зыммен баспанасыз қалдым. Аза­маттық некедегі жұбайым менімен келіспей, жалғыз үйін сатып жі­беріпті. Айналасында жері, бау-бақшасы бар үлкен үй еді, ең кемі 14 миллион теңге тұратын, оны тездетіп өткізу үшін сегіз миллионға бере салған. Интернетте бәс тігіп ойнайтынын біз білмедік. Жергі­лікті сотқа жүгіндік: бұл сауданы лудомания кесірінен жасағанын айтып, мәміленің күшін жоюды сұрадық. Сот бас тартты. Осы үйді тұрғызуға деп 3 млн теңге несие алғанмын, оның берешегі де ауырт­палығын түсіріп тұр. Әке-шешем жоқ, жетім баламын. Барар жер, басар тау қалмады», – дейді Нина. Алматы тұрғыны Әсел Қостаева танысының ұлы букмекерлік кең­селердің «құлына» айналғанын жет­кізді: «Жаман лудоман болып кетті. Бәс тікпесе, тағат тауып оты­ра алмайды. Бұрыннан төленбеген несиелері бар, оның үстіне тағы кредит алыпты. Өзі бір айдан бері жұмыссыз. Амалсыз, борыштарын ата-анасы өтейді. Бірде олар үй­леріне оралғанда ұры түсті деп ой­лапты, шынында құнды заттарын ұлы алып кетіп, ломбардқа тап­­сырған. Бұл нашақорлықтан жа­ман», – дейді ол.
Ал Закир есімді кәсіпкер КТК арнасына берген сұхбатында 6 жыл­да букмекерлік кеңселерде 800 мың долларын ұтқызғанын әңгімеледі. Арасында миллиондап ұтқан, мол ұтысын да букмекер шотына енгізген. Ақыр соңында бизнесінен айырылған, борыш батпағына бат­қан, ұрлық жолына түскен. Өзіне-өзі қол салуға талаптанған. Оңалту орталығындағы психотерапевт­тер­дің көмегі арқасында аман қалды. Мұндай деректер ел арасында көп. Қазақстандықтар тек ресми мәлімет бойынша 2020 жылы бук­мекерлік кеңселерге 79 миллиард теңге салды.

Африкада филиалын ашқан...

«Олимп» букмекерлік кеңсесі Жауыровтардың отбасылық бизнесі болатын. Оны 2004 жылы Анарбек Жауыров ашады, бизнесмен құ­зыр­лы органдар қудалауды бастаған тұс­та елден тайып тұрды, «База ком­промата» порталының дере­гін­ше, қазір Нью-Йоркте тұрып жатыр. «Олимп» Қазақстанның ойын нарығының шамамен 70%-ын ен­шілеген. Ол елімізбен шектелмей, қа­натын кең жайып, Ресейге, Бела­руське, Тәжікстанға және неге еке­ні белгісіз, Оңтүстік Африка рес­пуб­ликасына таралды. Кейбір са­рапшы мұны Анарбектің саяхат­құмарлығымен байланыстырады: Facebook, Instagram парақшалары А.Жауыровтың, әсіресе Еуропаны, сондай-ақ Доминикана, Монако, Ямайка, Фиджи, Маршалл және Ка­риб аралдары, Тобаго, Бора-Бора, Таити секілді төрткіл дүние­нің қымбат, экзотикалық бұрыш­тарын шарлауды жақсы көретінін аңғартады. Бизнесмен қайда демал­ғанын мақтана көрсететін (парақ­шалары біраздан жаңармаған). Өзгелердің іші күйсін дей ме, ол сондай-ақ меншігіндегі қымбат көліктерінің жанында фотоға түсуге құмар еді. Жұрт осы арқылы онда Mercedes-Benz S-Class, Rolls-Royce Phantom, тіпті BMW I8 спорт-кары барын білді. Әрине, ол мұндай «ұрт­тап ішіп, шайқап төккен» бақуатты өмірге букмекерлік бизнестің арқа­сында қол жеткізгені сөзсіз. Бастапқыда «Олимп» БК-ға тек Анарбек Жауыров құрған «Олимп kz» букмекерлік кеңсесі» ЖШС ие­лік етеді. Алматыда тіркелген компания 2014-2018 жылдары үл­кен жетістіктерге жетеді, жыл са­йын бюджетке бірнеше миллиард салық төлеп отырған. Алайда 2019 жылы оны күрт кемітіп, ел қазы­насына небәрі 26 миллион теңге аударған. 2017 жылдың көктемінде ол «Олимп» брендіне құқықты басқа компанияға – Alpha-Bet ЖШС-іне «тапсырды». Жаңа компания «Олимп kz»-пен бірдей мекенжайда тіркелген, тек басшысы басқа (Вя­чеслав Устинов). Құрылтайшысы да Жауыров емес, кейбір мәлімет бойынша, Лондонда тіркелген Velora Group LTD. Бұл компания бір жыл ішінде 10,5 миллиард теңге салық төлейді. Әйткенмен, 2019 жылғы қара­шаның басында «Олимп» қайтадан құқық иеленушісін ауыстырады: Alpha-Bet өз клиенттерінің барлық ойын логинын Түркістан облы­сы­ның Арыс қаласында тіркелген Only Bet ЖШС-іне жедел ауысты­рады. Бір тықыр таянғанын біліп қойса керек.

Көп асқанға бір тосқан

2019 жылғы 29 қарашада Алма­тының мамандандырылған аудан­аралық әкімшілік соты «Олимп» ортақ сауда маркасы бар Only Bet пен Alpha-Bet-тің лицензиясын 6 айға тоқтату және олардың есеп­шоттарын шұғыл бұғаттау туралы үкім шығарды. Бұл жаңалық кей­бір жанның төбесінен жай түсір­ген­дей болды. Тергеу сотының ше­шімімен келіспеген букмекерлік кеңсе оған қарсы шағым түсіреді. Алайда Ал­маты қалалық соты қаулыны өзге­ріссіз қалдырды. Ізінше бұл арнайы операцияның артында қай құры­лымның тұрға­ны белгілі болды. 2019 жылғы 6 желтоқсанда Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің бас­пасөз қызметі букмекерлік кеңсе арқылы аста-төк ақшаны шетелге заңсыз әкетудің ірі арнасы әшке­реленіп, тосқауыл қойылғанын мә­лімдеді. Тиісінше, ҰҚК-нің Ал­маты бойынша департаменті про­куратура органдарымен бірлесіп, «Олимп» БК әкімшілігінің заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруына, қаржылық қылмыс жасауына қа­тыс­ты сотқа дейінгі тергеуге бас­тамашы болды. ҰҚК мен БК ара­сында тайталас басталды. «Олимп­ті» ашық немесе жасырын қорғау­шылар жетерлік еді.
«Ойын бизнесі саласында аза­маттардың құқығын қорғау қа­уымдастығының президенті ретін­де мені құзырлы органдардың «Олимп­тің» есепшоттарын бұғаттау қарекеті шошытып отыр. Бұл – өте жаман нәрсе. Бізге азаматтар арыз айтып, бәске тіккен ақшаларын әкете алмай жатқанына алаңдаулы. Меніңше, бұл жағдай алапат жанжалға ұласуы мүмкін», – деп үрейленді заңгер Бадри Шаинидзе.
Сарапшылар, блогерлер тіпті ойынқұмар халық билікке қарсы көтерілуі мүмкін деп қорқытты. Әри­не, ондай ештеңе де болған жоқ. Олимп Кейін айқындалғанындай, кең­сенің барлық кассалық операциясы Қазақстан аумағынан тыс жерлерге бағытталып келген. Соның салда­рынан қазақстандық салықшылар компанияның кеңсесінде оның серверін таба алмады, сөйтіп кеңсе мен оның сыбайлас компаниялары, ставкалар мен төленген ұтыстар жөніндегі деректерге қол жеткізу мүмкін болмапты.
«Серверді Қазақстан аумағы­нан тыс орналастыру салық орга­нынан деректерді жасыру үшін жа­салған», – делінген әкімшілік сот қаулысында. Құжатта бағдар­лама­лық-аппараттық кешенінің тәркі­лен­геніне қарамастан, БК-ның сай­ты қалыпты режимде бәс қабыл­дауын жалғастырғаны атап өтіледі.

Қанаушының торда отырғаны жөн

Алматының Алмалы аудандық соты шамамен 8 айдай үш компа­ния­ның – «Олимп kz» БК» ЖШС, Alpha-Вet ЖШС, Only Вet ЖШС иелеріне және қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі қарады. Нәтижесінде, Azattyq Ruhy ха­барлауынша, сотқа тартылғандар­дың бәрі дерлік темір тордың ар жағына аттанды: Анарбектің туған бауыры – Жәнібек Жауыров әйелі Майя Жауырова екеуі, бағдарла­ма­шы Марат Жандосов, курьерлер – Асхат пен Қанат Сатымовтар, бух­галтерлер – Гүлдана Ихсан, Жанар Елеусізова, Гүлназ Нүсіпбаева, сондай-ақ компаниялардың бірінің құрылтайшысы Руслан Клочков пен айырбастау бекетінің иесі Минат Қазанғапов сотталды. Тек бір қызметкер ғана абақтыдан аман қалды: бағдарламашы Виталий Белинин өз айыбын мойындап, ақша ағынын қалай Қазақстаннан Германияға бағыттағанын егжей-тегжейлі айтып берген. Бұлардың барлығының дерлік мүлкін мемлекет алып қойды. Тергеу дәлелдегендей, 2014 жыл­ғы қаңтардан 2019 жылғы желтоқсанға дейін осы іске қатысы бар тұлғалар ұйымдасқан қылмыс­тық топ (ҰҚТ) құрып, компания серверлерін Қазақстаннан тыс әкеткен, сайтқа елімізде тыйым салынған электронды казиноны интеграциялаған. Клиенттерден түс­кен ақшаны тұрақты түрде қол­ма-қол ақшаға айналдырып, ва­лютаға айырбастап, курьерлер арқылы шетелге шығарып отырған. Салдарынан ел бюджеті 95,6 миллиард теңге салықтан қағылды. «Олимп» ұйымдасқан қыл­мыс­тық тобы қатысушыларының осы қаржы тасқынын қалай шығын­дағаны назар аудартады. Мысалы, сайтқа жылдам ойындарды кірік­тіріп, тиісті деректер базасын, бағ­дарламалық қамтылымды әзірлеген қарапайым бағдарламашы Марат Жандосов олигархтай өмір сүріпті. Бірақ қулығының құйрығы бір-ақ тұтам болып шықты: бүкіл дүние-мүлкін офшор арқылы бүркеме­лемей, бәрін әйелінің атына рәсім­дей салған. Осылайша, оның зайы­бы Алматыдағы 3 салтанатты пә­тердің, 2 жер телімінің, дәмхана­ның, 2 «қоғамдық-іскерлік мекеме­нің» (сот қаулысындағы анықтама) иесі болып шыға келеді. Ол көлік пен байктерге құмар екен: әйелінің атына Volkswagen Caravelle, Mini Cooper, Toyota Land Cruiser 200, BMW X5, Mitsubishi Pajero Sport, Kia Rio автомобиль­дерін, Harley-Davidson Road King Classic люкс маркалы мотоциклін, BMW R12000 R, КТМ 200 Duke байк­терін рәсімдеген. Мұның сыр­тында тергеушілер банк сейфінің ұяшығында жасырған 54 мың дол­лар қаржысын да кәмпескеледі. Сот ІТ маманды бүкіл сән-салтанатынан жұрдай етіп, 8,5 жылға түрмеге отырғызды. Заңсыз табыстан Жәнібек пен Майя Жауыроваларға әлдеқайда көп олжа тиген. Олардан сот елдің әр түкпіріндегі ірі объектілерін тар­тып алды. Арасында Ақтаудағы, Оралдағы дәмханалар, Шымкент, Орал, Алматыдағы жер учаскелері, Алматының элиталы ауданындағы 4 пәтер, 2 жеке үй, қоймалар, гараж, Нұр-Сұлтандағы 2 пәтер, дәмхана бар. Конфискат арасында Mersedes-Benz AMG S 4MATIC, Mersedes-Benz G500, Rang Rover Sport секілді люкс-автомобильдер де кездеседі. Сотта «Олимптің» негізін қа­лау­шының туыстары өз айыбын мо­йындамады, жылжымайтын мү­лікті несиеге алғанын мәлімдеді. Сот оған сенбеді: Жәнібек Жауы­ровты – 8,5 жылға, оның әйелін 6,5 жылға бас бостандығынан айырды. Лас ақшаны сыртқа тасымал­даумен айналысқан ағайынды Са­тымовтар да бұдан жақсы табыс тапқан көрінеді: олардан елорда­дағы пәтері, Hyundai Elantra, Toyota Land Cruiser, Nissan Pathfinder көліктері, 1,5 млн теңге және 32 мың доллар қаражат тәркіленді. Қанат Сатымов 5 жылын темір торда өткізбек, ал Асхат 4 жылға шартты мерзімге сотталды. Сот бухгалтерлерді – Жанар Елеусізовті 6,5 жылға, Гүлдана Ихсанды және Гүлназ Нүсіпбаеваны 5 жыл 1 айға колонияға аттандырды. Тергеу анықтағанындай, олар айы­на 2-3 рет компания есепшотынан 500 миллион теңгеге дейін шешіп алып, курьерлерге ұстатып отырған. Жауыровтардың барлық тап­сыр­масының басты орындаушысы Руслан Клочков 6,5 жылын қамауда өткізуі тиіс. Ол өзгелерден ақыл­дырақ болғанға және байлығын жасырып үлгергенге ұқсайды: тергеушілер тек Алматыдағы жер үйін ғана таба алды. Айырбастау бекетінің қожа­йыны Минат Қазанғапов та айла­сын асыра алғандай: кәмпескелей­тін ештеңесі жоқ. Сот оны 5 жылға соттады. Тергеушілермен ынтымақ­тас­қан Виталий Белинин 4 жылға «бас бостандығын шектеу» жазасымен құтылғанымен, 878 мың доллар, 230 мың рубль, 3 600 еуро және 214 мил­лион теңге қаражатын мемле­кет­ке тапсыруына тура келді. Бұдан бөлек, «Олимп» букме­кер­лік кеңсесінің, аталған 3 компа­нияның есепшотында және касса­ларында қалған 17,5 миллиард тең­геден астам қаржы да мемле­кеттік бюджетке құйылады. Әйтсе де, бұл адамдардың бәрі – тек орындаушылар ғана. Қыл­­мыстық топтың ұйымдастырушы­лары – Анарбек Жауыров, Дмитрий Давыдов, Ирина Давыдова, Дидар Смахов, Бақытжан Жұмабаев, Олег Григораш, Михаил Колчин, Илья Мельниченко және Вячеслав Усти­нов жазадан жалтарып, табанын жалтыратты. Оларға халықаралық іздеу жарияланған. Жыл басында, 16 ақпанда ақпарат құралдары тергеу сотының үкімімен олардың елдегі мүлкі, соның ішінде 4 әуе көлігі, 3 автомобилі, 3,6 млрд тең­гесі тәркіленгенін хабарлады. Өз кезегінде бүгінде футболдан Қазақстан чемпионатының титул­ды демеушісі саналатын букме­кер­лік кеңсе бұл адамдардың және заң­ды тұлғалардың Olimpbet БК қыз­метіне еш қатысы жоғын мәлімдеді.

Елдос СЕНБАЙ