Зейнетақы жүйесі: тағы да реформа басталады
Зейнетақы жүйесі: тағы да реформа басталады
©А.Ахметқазы
786
оқылды

Қазақстанда зейнетақы жүйесі қайта реформаланатын болды. Бұл жолы жаңғырту 2030 жылға дейін ұзамақ. Оның тосын жаңалықтары да бар. Мысалы, жұмыстан айырылғысы келмейтін азаматтарға зейнеткерлікке шығудан бас тартуына мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ ең төменгі зейнетақыны көтеру жоспарланып отыр. Әйтпесе, елімізде ең төменгіден де аз алатындар бар.

Зейнетақы озық елдердегіден 12 есе аз

Елімізде зейнеткерлер қатары тұрақты түрде өсіп келді. Мысалы, 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша осы санаттағы 2 млн 140,1 мың адам өмір сүрсе, 2020 жылғы 1 ақпанда 2 млн 222,5 мың адам болды. 2021 жылғы 1 қаңтарда зейнеткерлер саны 2 млн 247 мың адам болған. Дегенмен биыл бұл са­наттағы азаматтар қатары  кеміді. Биыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 235 мың адамға дейін азайып кетіпті. Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігі мұның себебін түсін­дір­меді. Әлеуметтанушылар әзірге бұл тұрғыда кең ауқымды зерт­теу жүргізбеген. Министрліктің дерегінше, жыл басынан бері қазақстандық­тарға 1,7 триллион теңгеден ас­там сомаға зейнетақы төленді. Тарата айтсақ, қаңтар-тамыз айларында республикалық бюд­жеттен ба­залық зейнетақы төлеуге 547 млрд теңге ауда­рыл­ған. Қалған 1 трлн 236,7 млрд тең­гесі – ынтымақты зейнетақы төлемдері. Қазақстанда 2021 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері – 99 857 теңге. Бұл 230 доллардай ғана. Дамыған елдермен салыс­тырсақ, Данияда – 2900 доллар, Жапония­да – 1 700 доллар, Израиль – 1626 доллар, АҚШ-та – 1503 доллар, Канада – 1500 доллар, Франция – 1 300 еуро, Германия­да – 782 еуро. Көршілерге келсек, Қытайда – шама­мен 370 доллар, Ресейде сақтандыру зей­нетақысы – 17 536 рубль (243 доллар), Қыр­ғыз Республикасында орташа зей­нетақы – 6 061 сом (84 доллар), Өзбекстанда ең тө­менгі зейнетақы – 565 мың сум (53 доллар). Бұл ретте еліміздегі ең төменгі зейнет­ақы мөлшері биылғы 1 қаңтарда 7%-ға арт­ты. Осылайша, базалық зейнетақыны қоса алғанда, зейнетақының ең төменгі мөлшері 61 796 теңге болды. Жалпы, «ең төменгі зейнетақы» дегені – одан төмен алатын зейнеткер жоқ дегенді білдіруі тиіс еді. Алайда олай емес екен. Ирина Бори­совна 2020 жылғы сәуірде зейнетке шықты. Содан зейнетақы тағайындалғаны туралы хабарламаға қуанғанымен, оның сомасын білгенде көңілі жабырқапты. «Базалық зейнетақы 22 215 теңге кө­лемінде ғана тағайындалды. Бұған қоса 26 мың теңгедей ынтымақты зейнетақы бе­рілді. Еңбек министрлігінің түсініктемесіне сәйкес есептеп көрдім, дұрысы 27 891 бо­луы керек», – дейді зейнеткер. Еңбекмині бұл жерде ешқандай қате жоқ деген сенімде. «Мысалы, 2020 жылы зейнетақы мөл­шері екі рет көтерілді. Жыл сайынғы артты­руды ескергенде, Ирина Борисовнаға та­ғайындалған зейнетақы төлемі 47 768 теңге. Соның ішінде жұмыс өтілінің толық бол­мауына байланысты ынтымақты зейнет­ақы­сы – 26 563 теңге, ал мемлекеттік база­лық зейнетақы төлемі 21 205 теңге бол­ды», – деп түсініктеме берді ведомство. Рас, 2020 жылғы 1 сәуірдегі жасы бойынша зейнетақы төлемдерін арттырудан кейін бұл кісіге төленетін зейнетақы көлемі 50 107 теңгеге дейін өсіріліпті. Кейбір дерек бойынша республикада 800 мыңдай адам ең төменгі зейнетақыны қанағат тұтуға мәжбүр.

Зейнетке шығудан бас тартуға болады

Еңбекмині «Қазақстанның зейнетақы жүйесін одан ары жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына» жаңа түзетулер әзірлеп отыр. Жүйені жетілдіруге қатысты осы ұсыныстарды 2019 жылы Үкімет жанынан құрылған жұмыс тобы түзді. Құжаттың бірқатар жаңалығы бар. Тұ­жырымдамаға сәйкес, Қазақстан 7 жылдан кейін, 2028 жылы қазіргі базалық зейнетақы төлемінен бас тартып, «ең төменгі кепілден­дірілген зейнетақыға» көшпек. Еңбекминінің Әлеуметтік сақтандыру, базалық әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саясаты департаментінің директоры Виктория Шегайдың айтуынша, бүгінде ең төменгі кепілдендірілген зейнет­ақыны тағайындау тетігі пысықталып жатыр. Оның аясында ең төменгі зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТКД) қазіргі 54%-ынан (18 500 теңге) 70%-ына (24 мың теңгеге) дейін ұлғайту ұсынылады. Сондай-ақ зейнетақы жүйесіне қатысу­дың ең аз шегі қазіргі 10 жылдық жұмыс өтілінен алда 5 жылға дейін азайтылмақ. зейнетақы жүйесі «Жұмыс өтілі 5 жылдан кем немесе мүл­дем жоқ зейнеткерлерге күнкөріс шегінің 70 пайызы көлемінде ғана минималды зейнетақы төленеді. Жұмыс өтілінің 5 жыл­дан асатын әрбір жылы үшін зейнетақы көлемі 2%-ға өсіп отырады», – деді ми­нистрлік өкілі. Сондай-ақ зейнетақының ең жоғарғы көлеміне қойылған шектеуді алып тастау жоспарланып отыр. «Тұжырымдамада зейнет жасқа жеткен адамдарға зейнеткерлікке шығуды «кейінге қалдыру» құқығын беру көзделеді. Бұл олар­­ға болашақта ең төменгі кепілден­ді­ріл­ген зейнетақыны жоғарғы көлемде алуына мүмкіндік береді. Өйткені зей­нет­керлік жасқа жеткеннен кейінгі еңбек ке­зеңдері оның мөлшерін анықтау кезінде ескерілетін болады», – деді Виктория Шегай. Жалпы, «кейінге қалдыру» мәселен, педагогтерге тиімді болуы мүмкін. Бүгінде мұғалімдер жақсы алады: министр А.Ай­мағамбетов ауылдық биология пәнінің мұ­ғалімі 430 мың теңге жалақы алатынын мысал еткен. Тиісінше, зейнеткер атанса, біраз табысынан айырылады. Қостанай облысының Алтынсарин ау­да­нындағы Қарағайлы мектебінің мұғалімі Қабдрахман Қалиевтің дерегінше, заң бо­йынша егер мектеп директоры зейнеталды жастағы педагогпен жылдық еңбек келі­сім­шартын жасаспаса, ол ары қарай жұмысын жалғастыра алмайды. «Бүгінде ауыл мектептерінің әкімшілік­тері, тіпті орнына білікті педагог таба ал­майтынын білсе де, заң солай деп, зейнет­кер­лікке шыққан ұстаздармен келісім­шарт­қа отырмауға тырысады, шығарып салады. Педкадрден таршылық көріп отырмаған қаладағы мектептерге бұл қиындық әкел­мейді. Ал ауылда заңның бұл талабы апат­пен бірдей. Мысалы, біздің Алтынсарин ауда­нын­да осы жаңа оқу жылында заңның дәл осы нормасын сақтау үшін зейнеткер атан­ған үздік мұғалім жұмыстан босатылды. Ол тағы 5-7 жыл бойы еңбек етіп, қаншама да­рынның бағын ашатын еді. Жағдай өз­гер­месе, әсіресе математика, физика және бас­қа да пәндер бойынша білікті педагогтер тап­шылығы туындауы мүмкін», – дейді мұғалім. Тұжырымдамаға ұсынылып отырған өзгерістер қабылданған соң, білікті ұстаз­дарға іш пыстырар зейнеткерлікті кейінге ысырып, белсенді тірлікке құрылған мек­тепті таңдауына жол ашылады.

 «Баюға» жұмыс беруші жәрдемдеседі

Үкімет азаматтардың зейнетақысын ары қарай көбейтудің өзге жолдарын іздеп жатыр. Осы орайда жүйені жаңғыртудың маңызды бір бағыты 2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің 5% міндетті зейнетақы жарнасын енгізу болмақ. Яғни, әрбір жұмыс беруші жалақының емес, кәсіпорын-компанияның есебінен әрбір жұмыскерінің зейнетақы жинағына оның табысының 5%-ы көлемінде жарна аударатын болады. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын (ЖМЗЖ) Үкімет 2020 жылдан бастап енгізуді қарастырған еді. Алайда бұ­ған кәсіпкерлер, «Атамекен» ұлттық па­ла­­­тасы қарсы шықты. Олардың байла­мын­ша, бұл алым-салық еңсесін езген жұмыс бе­ру­шіге аса күрделі кезеңде қосымша ауырт­па­лық түсіреді. ЖМЗЖ 2023 жылға шегерілген. Ол жұмыс берушілерге басы артық жүк болмауы үшін 5 пайыздық жарнаны салық­­тан шегеруге рұқсат етілді. Яғни, барлық та­раптың есебі түгел: компания-ұйымдар бюд­жетке онсыз да төлейтін салықтарын әл­гіндей сомаға аздау аударады, жұмыс­кер­лер зейнетақы жинақтарын толтыратын жа­ңа қайнарға қол жеткізеді. Мемлекет бол­­са, халықтың әл-ауқатының шамалы да болса көтерілуіне қол жеткізеді. 5% үстеме алғысы келген жұмысшылар жұмыс беру­шісінен еңбек қатынасын заңдастыруды та­лап етсе, ресми жұмыс істейтіндер саны ұлғаяды. Айтпақшы, 5 пайыз деген – ортаңқол, компромистік меже секілді. Әйтпесе, көрші Ресейде жұмыс берушілердің зейнетақы жүйесіне жолдайтын жарнасы – 22%. Айтпақшы, бұған дейін Үкімет жұмыс беруші аударатын 5% жарнаны шартты-жинақтау түрінде енгізбекші болған: яғни, азамат қайтыс болса, бұл жинақ оның мұрагерлеріне берілмейтін. Енді Президент Қ.Тоқаев ЖМЗЖ-ны қазақстандықтардың жеке зейнетақы жинақтарын толтыруға бағыттау туралы шешімді мақұлдапты. Онда ЖМЗЖ-ны баспана алуға не емделуге, тіпті «әлеуметтік қажеттіліктерге» пайда­лануға жол ашылмақ. Бұл ретте зейнетақы жинақтарын мер­зімінен бұрын алудың параметрлері мен шарттарын жетілдіру жұмысы да жалғасады. Еңбек ведомствосының департамент директоры Виктория Шегайдың айтуынша, тұжырымдамада ұсынылған шаралар болашақ зейнеткерлер төлемінің мөлшерін олардың еңбек өтіліне сайма-сай деңгейде қамтамасыз етуге, зейнеткерлердің сатып алу қабілетін көтеруге және зейнетке кет­кен жанның жоғалтқан табысын зейнет­ақымен өтеу ісін халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге мүмкіндік береді.

Айхан ШӘРІП