Nur Otan-да әлеуметтік қызметтер порталының жұмыс сапасы талқыланды
Nur Otan-да әлеуметтік қызметтер порталының жұмыс сапасы талқыланды
250
оқылды

Nur Otan партиясы жанындағы Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында aleumet.egov.kz әлеуметтік қызметтер порталының жұмыс сапасы талқыланды.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев атап өткендей, аталған порталды енгізу мүгедек адамдар үшін оңалту құралдары мен қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.

«Порталдың жұмыс істеп тұрғанына екі жыл болғанына қарамастан, іс жүзінде қазақстандықтар сапасыз және өздеріне тура келмейтін тауарларды алады. Мүгедектігі бар адамдар порталдың өздеріне қажет заттқа тапсырыс беруге мүмкіндік бермейтінін айтып шағымданады», – деді Елнұр Бейсенбаев.

Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Зарина Қамасова Өскемен қаласындағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде өтінім қабылдау барысымен жеке танысқан. «Порталдың жұмысында іркіліс көп, ал егер оны қайта жүктесеңіз, ақпаратты жоғалтып аласыз. Сервер қуатының жетіспеушілігі мәжбүрлі күту уақытын негізсіз арттырады. Менің көзімше мүгедек баланың анасы памперс алу үшін порталға өтініш бермек болды. Оған бөлім қызметкерлері көмектесу үшін бірнеше рет талпынғанымен, өтінішті жібере аламады. Баланың анасы бір аптада үш рет келді және ол қала тұрғыны. Ал мұндай жағдайда шалғай ауданда тұратындар не істеу керек? Өтініш беру үшін арнайы келгенде портал осылай «қатып» тұра ма?», – деді Зарина Қамасова. Тағы бір маңызды мәселе - кресло-арбалар, протездер сияқты түрлі оңалту құралдарының жинағына және жеке көмекшілердің қызметіне қатысты. Кеңес мүшесі Нияз Сүндеталиевтің айтуынша, мүгедектігі бар адамдар портал арқылы қызмет алу кезінде таңдау жасай алмайды. «Мүгедек балаға арналған белгілі бір өлшемдері бар сүйенетін арбалар бір жеткізушіден бір ғана данада ұсынылады немесе олар мүлдем жоқ. Бәсекелестік орта болмағандықтан, бір ғана жеткізуші бағаны аспандатады, ал сапасы оған сай емес. Нәтижесінде жергілікті бюджеттен орасан зор қаражат жұмсалғанымен, қызметті тұтынушылар оның сапасына риза емес», – деп атап өтті Нияз Сүндеталиев. Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов aleumet.egov.kz іске қосылған күннен бастап ведомство азаматтардың шағымдары мен ұсыныстарын үнемі қадағалап отыратынын жеткізді.
«Осы жылдың шілде айынан бастап 1414 бірыңғай байланыс орталығы базасында әлеуметтік қызмет порталы мәселелері бойынша жеке желі бөлдік. Осы 4 айға жетпейтін уақытта 4,5 мыңнан астам қоңырау түсті. Біз порталдың жұмыс істеуі, оны пайдалану ыңғайлылығы бойынша мәселелер бар екенін түсінеміз және осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – деді Ербол Оспанов.
Кеңес мүшесі, қоғам қайраткері Ғалия Тобатаева тағы бір өзекті мәселені қозғады. Порталда 66 санаторий қолжетімді болғанына қарамастан, логистика және кедергісіз орта мәселелері ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін еңсерілмейтін кедергі болып отыр. Ал пандемия бұл процесті одан сайын қиындатты. «Біз қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ететін жеңілдікті көлік карталары қағидаты бойынша ваучерлік жүйе деңгейінде осы қызметтің баламалы нұсқасын ұсынамыз. Коронавирус ұзаққа созылуы мүмкін, сондықтан шипажайлық емдеу қызметін тікелей төлемдермен сауықтыруға ауыстыру мүмкіндігін қарастыру қажет», – деді Ғалия Тобатаева.

Отырыс қорытындысында Кеңес мүшелері Еңбек министрлігіне әлеуметтік қызметтер порталының жұмысына қатысты барлық ескертуді жою бойынша жұмысты жандандыруды ұсынды. Атап айтқанда, ведомство ең төменгі баға қағидаты бойынша конкурс арқылы әлеуметтік тапсырысты бөлуден бас тартып, сондай-ақ, шипажайлардың физикалық қолжетімділігін дұрыс бағалап, деректерді порталда жариялауы керек. Бұдан бөлек, оңалту құралдарын жеткізушілер арасында бәсекелестік болуы үшін министрлікке жаңа жеткізушілерді тарту бойынша жұмысты күшейту ұсынылды.