Құны қымбат ғарыш-кино
Құны қымбат ғарыш-кино
566
оқылды

Ресей дәстүрінен жаңылар емес. Бәсекелестері ғылыми дамуға ин­вестиция құйып жатса, Мәскеу дамудың елесін бейнелейтін пропа­гандалық киноға қаржы салады. АҚШ-тың кәсіпкерлері үкіметтен бөлек жеке ғарыш кемелерін ашық кеңістікке аттандырып, ғарыштың өзінен бизнес жасаса, Ресей де бұл додадан қалысар емес. Тек ғарыш туралы кино түсірмек. Роскосмостың Илон Маск, Джефф Безостердің жетіс­тігі­не «берген жауабы». Осылайша, ғарышқа камера апарып, шынайы фильм түсірген тұңғышпыз деп үгіт-насихат жасамақ. Алайда бұл пропагандалық қадам ресейлік ғарыш бағдарламаларына тек зиянын тигізетін көрінеді, ал ғарышкерлер амалсыз көкте тағы жарты жылға қалмақ.

Мәселенің мәнісіне тоқтала кетсек. Расында, дәл қазір адамзат тарихында тұң­ғыш рет ғарышта кино түсіріліп жатыр. Атауы да сай: «Вызов». Бұған де­йін режиссерлер фильмдерді тек жердегі студияда түсіретін. Сценарийге сәйкес, басты кейіпкер – кардиохирург Женя (Юлия Пересильд) шақыру бойынша тікелей Халықаралық ғарыш стансасына аттанады және сонда сырқатқа операция жасайды. Науқас рөлін ХҒС-тегі ғарыш­керлер экипажының бір мүшесі ойнауда. Былтыр жоғарыдан режиссер Клим Шипенкоға ғарышқа қатысты ортанқол сценарий түсіріледі. Режиссер бастап­қыда біраз қиқарланады және бұған дейін ғарыш туралы («Салют-7») кинотуынды түсіргенін, енді бұл тақырып қызықты емесін айтады. Дегенмен талқылау ба­ры­сында ғарыш туралы фильмді ғарыштың өзінде түсіру идеясы туады. Әйтпесе, Петербордың түбінде «Ленфильмнің» ғарыштағы көріністі түсіруге арналған толыққанды павильоны бар-тын. Оған Роскосмос бұрын қолданыста болған ғарыш аппараттарын тапсырған. Яғни, «Вызовты» да жерде табысты жасап шығу үшін барлық инфрақұрылым дайын еді. Онда неге Ресей қатардағы киноны ғарышта түсіруге шығындалып отыр? АҚШ-ты басып озу үшін барған екен. Болашақ кинотуындының продю­серлері – Yellow, Black and White Group өкілдері, бұрынғы КВН-шілер Эдуард Илоян мен жаңа МемДуманың депутаты Сангаджи Тарбаев «Бірінші арна» бас директоры Константин Эрнстке шығады. Кезінде Сочи Олимпиадасын ұйымдас­тырған Эрнст мырза мұның одан да сал­мақты жаһандық мега-жоба екенін түсіне қояды. Енді К.Эрнст өз байланыстарын іске қосып, Роскосмос басшысы Дмит­рий Рогозинмен келіссөз жүргізеді. Ре­сейдің ғарыш саласының ғаламат күй­зелуіне байланысты қатаң сынның астында қалған Рогозин мұның жақсы пиар-акция болатынын, сол арқылы өз атын тарихқа жазып қалдыра алатынын ұғынады. Содан Эрнст пен Рогозин осы жобаны қолдауды сұрап, Президент В.Путинге хат жазды. РФ лидері келісті. Оның үстіне, өткен жылдың мамы­рында Голливуд актері Том Круз кино түсіру үшін ғарышқа аттануға әзірленіп жатқаны туралы хабар тараған. NASA-ның сол кездегі басшысы Джим Брай­денстайн бұл деректі растады. Себебі Американың әскери және ғарыш са­ласындағы жетістіктері туралы көпте­ген фильмге түскен және өзі де түсірген Том Круз қаншама америкалық жастың осы салаларды таңдауына ықпал етті. Демек, оның ғарышта түсірілетін жаңа фильмі тамаша әскери патриоттық тәр­бие құралына айнала алар еді. БАҚ былтырғы қыркүйекте фэнтези-фильм түсіру үшін Том Круз бен режиссер Даг Лайманның ХҒС-на бір жылдан соң аттанатынын жариялады. Арада 3 күн өткенде Роскосмос пен «Бірінші арна» да ғарышта тұңғыш ресейлік фильмді түсіру жоспары барын мәлімдеді. Бұл ретте К.Эрнст «Ресей АҚШ-пен ғарышта бірінші болу үшін классикалық жарысқа қайта түскенін» хабарлады. Енді, міне кімнің жеңгені белгілі болып отыр. Осы жеңістен Ресей қаншалықты ұтты? Сарапшылар керісінше, ұтылысы көп дейді. Біріншіден, голливудтық кино­өндірушілер өз жобасына Мсктың 4 орын­дық, бірнеше рет пайдаланылатын Crew Dragon ғарыш кемесін жалдады. Оларға арналған кеме құрастырылып жатыр. Ал ресейлік киногерлер болса, Американың алдын орап кету үшін жан­таласып, Роскосмостың қолдауымен келесі ұшатын зымырантасығышты – «Союз МС-19»-ды алып қойған. Осы арқылы ресейлік ғарыш саласына соққы жасады. Қалайша? Ғарышта кино түсірілетіні туралы жаңалық жарияланысымен, көршінің ғарышкерлері де, ғарыш саласы маман­дары да бірауыздан қарсы шығып, мә­лімдеме жасады. Бірақ оны тыңдайтын құлақ жоқ-тын. Салдарынан федералдық ғарыш бағдарламасына нұқсан келді. 5 қазанда ұшқан «Союз» осы бағдарла­ма­ның міндет-мақсатын жүзеге асыруы тиіс еді, ол болмады. Сөйтіп, ұшу жоспары бұзылды. Соның кесірінен ХҒС-тағы қазіргі экипажға ғарышта кем дегенде тағы жарты-бір жылға қалуға тура келеді. Өйткені ғарыш кемесі оларды емес, ки­нотүсірушілерді алып қайтады. Сарапшы, ғарыш конструкторы Алек­сандр Хохлов мына бір жайтқа назар аудартады: «Союзбен» режиссердің және киноактрисаның аттануы салдарынан ресейлік ғарышкер тағдыр тәлкегіне ұшырады: ұзақ жыл кезегін күткен, өмір бойы жаттыққан Андрей Бабкин осы жолы көк сеңгіріне жол тартуы тиіс еді. Алайда ол ұшатын команда қатарынан алып тасталды. Ресейлік мамандар енді ол ешқашан ғарышкер атана алмауы мүмкін деседі: 52 жаста, жасы келіп қалды, әрі келесі жылғы экипаждар қата­рына енгізілмеген. Екіншіден, америкалық фильм жеке инвестор қаражатына түсірілгелі жатса, ал ресейлік кино үшін мемлекеттік бюджет есебінен жасалған, бір рет қана пайдаланылатын аса қымбат зымыран­тасығыш шығындалды: Бір «Союз МС-19»-ды жасауға 2 жыл кетеді! Бұған қоса, «Союзбен» бір адамды ұшыру құны 55-тен 90 миллион долларға дейін барады. Ғарышқа 1 келі пайдалы жүкті жеткізу құны 20-30 мың доллар тұрады. Тиісінше, «Вызов» фильмін тү­сіру Ресейге шамамен 100 миллион дол­лардан астам сомаға түспек. Постпро­дакшн шығыны тағы 850 млн рубльге бағаланып отыр. Ақпарат құралдарына пікір білдірген киносарапшылар бұл фильмді жерде түсіру он есе арзанға түсетінін, сондай-ақ жердегі кино әлдеқайда көркем болып шығатынын айтады. Осыны растағандай, ғарыш стансасында жеткілікті тәжірибесі жоқтықтан, актриса Пересильдтің ебе­дейсіз ербеңдеген қимылдары бейне­ленген бейнежазба таралуда. Кинотү­сірушілердің өзге де қиындыққа тап бол­ғаны хабарланды. Үшіншіден, «ғарышта кино түсірген тұңғыш ел» деген атақтың салмағы сонша қомақты емес. Мысалы, тұңғыш ғарыш турисі Деннис Титоны 2001 жылғы 28 сәуірде Роскосмос ұшырды. Алайда бұл Ресей космонавтикасына ешқандай ди­виденд әкелмеді. Оның орнына АҚШ туристік кос­монавтикасы ғарыштық жылдамдықпен дамуда. Бүгінде Америкада азаматтық сектор өкілдерінің, яғни ғарышкер емес адамдардың ғарышқа ұшуымен ешкімді таңғалдыра алмайсың. 70 жасар мил­лиардер Ричард Брэнсон – өзінің Virgin Galactic космолетымен, Amazon бас­шысы Джефф Безос – төл Blue Origin компаниясы құрастырған ғарыш кеме­сімен орбита жаққа сапарлап қайтты. Енді SpaceX басшысы Илон Маск ғарышкер-турист атанбақ. Ал Ресей болса, турист түгіл, нағыз ғарышкерлерін де жолдай алмай жатыр. Мысалы, 2020 жылы Ресей ғаламат антирекорд орнатты: бір жыл ішінде 17 ғарыш кемесін ғана ұшыра алған! Оның тарихында ғарышқа осынша аз ұшу ешқашан болмаған екен. Жалпы алғанда, бүкіл әлемде 2020 жылы 114 рет ғарыш кемелері жерден ғарыш тұңғиығына жол тартыпты. Оның 17-сі ғана – ресейлік. Солтүстік көрші Байқоңырдағы және Плесецктегі өзіне қарасты ғарыш айлақтарының әрқай­сысынан небәрі жеті-жетіден зымы­рантасығыш ұшырды. Сонша дәріптелген жаңа «Восточный» айлағынан 1 жыл ішінде 1-ақ рет, ал француздық Куру космодромынан – 2 рет ұшқан. Осы­лайша, Ресей ғарыш кемелерін ұшыру жөнінен көшбасшылығын мүлдем жо­ғалтты. Оны тіпті Қытай басып озды (39 ұшыру). РФ Ғарыш саясаты институтының басшысы Иван Моисеевтің айтуынша, мұндай масқара жағдайға ресейлік зымырантасығыштарға коммерциялық тапсырыстың күрт құлдырауы себеп. Тапсырыс түспегесін, ақша түспейді. Он­сыз аса қымбат, әрі бір-ақ рет пайда­ланылатын ғарыш кемелерін ұшыру мәнсіз. Нәтижесінде, Роскосмос 2020 жыл қорытындысында таза табысының 42 есе (!) құлдырағанын мәлімдеді: таза табысы 2019 жылғы 12 млрд 501 млн рубльден былтыр 292,6 миллион рубльге дейін кеміп кетті. Ал биыл Роскосмос коммерциялық түгіл, федералдық бағдарлама міндетінің жартысын да орындамаған.

Елдос СЕНБАЙ