23-28 қыркүйек аралығында Алматыдағы «Арман» кинотеатрында (Достық даңғылы, 104) QaraFest фестивалінің фильмдері көрсетіледі. Ал онлайн-фестиваль – qarafilmfest.kz алаңында 30 қыркүйек пен 9 қазан аралығында өтеді.
QaraFest бағдарламасында Чили, Түркия, Швеция, Германия, Норвегия, Финляндия, Грузия, Бельгия, АҚШ және Румыниядан 10 туынды бар. Барлық фильмдер түпнұсқа тілінде, қазақ және орыс субтитрлерімен көрсетіледі.
Cол 10 туындының бірі - режиссёр Андрей Даскалескудің (Румыния) 2020 жылы жарық көрген «Әулие әке» (Holy Father) туындысы.
Фильм режиссёр Андрей мен оның жұбайы Паула екеуінің алғаш рет ата-ана атанатыны туралы қуанышты жаңалығынан басталады. Андрейдің өзі әкесіз өседі. Әке болудың қыр-сырын түсіну үшін ес білгелі көрмеген әкесін іздеп-тауып, онымен татуласуға бел буады.
Бүгінде Афонда монах боп жүрген әкесінен отбасын тастап кетуінің себебін сұрап-білуге, түсінуге тырысады. Фильмнің желісі әке мен бала арасындағы қарым-қатынастың қалай өрбітині туралы баяндайды.
Биыл QaraFest халықаралық фестивалі аясында көрсетілетін фильмдер тірі тіршіліктің, қас-қағым сәттің, кадрдағы шынайы өмірдің куәгері болуға шақырады, шығармашылық ләззат алып қана қоймай, бүгінгі шынайы болмысты жан-жақты бақылауға мүмкіндік береді.
Фильм бағдарламасы – бұрын-соңды көзге таныс болмаған, әйтсе де шынайы өмірді бейнелейтін өзге тағдырды, өзгеше кейіпкерлерді қамтиды. Сондай көңілге терең ой салатын кейіпкерлердің бірі - Андрейдің өзі.