Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбайды қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске Қазақстан төрағалығының бірінші жылының қорытындылары туралы мәлімет берілді.
Осы ретте, АӨСШК Хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай Мемлекет басшысына Ақылмандар кеңесін құруға және АӨСШК-тің Талдау орталықтарының форумын тұрақты жұмыс істейтін консультативтік алаң ретінде қайта құруға қатысты бастамаларының іске асырылуы туралы мәлімет берді.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа АӨСШК аясында Азия аумағындағы сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған 50-ге жуық іс-шара өткізілгені туралы айтылды.
Бұдан бөлек, Қайрат Сарыбай Мемлекет басшысына кеңестің сыртқы саяси ведомство басшыларының жуырда болған кездесуінің негізгі қорытындылары мен 2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін АӨСШК-тің VI Саммитіне дайындық жұмыстары туралы баяндады.
Қазақстан Президенті жоғары деңгейдегі алдағы жиынға тиянақты дайындалудың, соның ішінде маңызды мәселелер мен ұйымдастыру жұмыстарын пысықтаудың маңызды екеніне баса мән берді.