Қыр асатындардың қарасы көп
Қыр асатындардың қарасы көп
© коллаж: Елдар Қаба
384
оқылды

Тамыз айының басында PR және коммуникация саласында мойындалған маман Марат Райымханов Канадаға отбасымен бірге көшіп кеткенін хабарлады. Әншілер, танымал кісілер жаппай Түркияға қоныс аударып жатқанда бір адамның мұхит асқанында тұрған не бар деп ойларсыз. Ол пікірмен келісуге де болады. Бірақ қынжылтатыны, Марат шетелде білім алған, халықаралық ұйымдарда, мемлекеттік қызметте, корпорацияда жұмыс істеп, тәжірибе жиған құнды маман. Егер Қазақстан жылдар бойы өзі өсіріп, оқытып, маман ретінде қалыптасуына жағдай жасаған жандардың жыраққа кетуіне көз жұмып отыра берсе, отандық адам капиталы жыл өткен сайын жұпыны халге түсіп, барымыздан айырылмаймыз ба?

Жалпы, бүгінгі жаһандану про­цесінде түрлі себеппен басқа елге кө­шіп кету – қалыпты жағдай. Бі­реу жұмыс іздесе, басқасы та­ри­хи Отанына оралады. Үшіншісі шет­те қалған отбасы мүшелерімен қо­сылуға асығады. Әркімде әр­түр­лі себеп бар. Алайда жақсы өмір, жақ­сы жұмыс не білім іздеп, шет­ел­ге шарқ ұрып, есікті тарс жауып ке­тетін жандардың саны жыл өт­кен сайын артып келеді. Әрине, бұл – қауіпті үрдіс. Яғни, елдегі жағ­­­дайға, өмір сапасына көңілі тол­майтындар аз емес. Осылайша, жы­рақтан батпан құйрық іздемесе де, жоғары жалақы, тыныш ғұмыр тап­қысы келетіндер жетерлік. Қайда бет алды? Бұл саладағы статистика не дейді? 2016-2020 жыл­­­дар аралығында 188 мың Қа­зақ­стан азаматы шетелге көшіп кет­кен. Оларға биыл алғашқы 6 ай­да елден біржолата кеткен 14 мың кісіні қосыңыз. Барлығы 200 мың халық. Үлкен қаланың тұрғын са­нына пара-пар. Көшкендердің 87 пайызы Ресейге бет алған. Кейін­­гі орында Германия, Бе­ла­русь. АҚШ, Өзбекстанға қоныс ау­дар­ғандар да бар. Неге Ресей? Түрлі себеп бар. Қа­зақстанға тың игеру жылдары кел­ген орыс ұлтының өкілдері, олар­дың ұрпағы тарихи еліне қай­тып жатыр. Қазақстанның сол­түс­тік, орталық, шығыс, батыс айма­ғын­да шашыла жайғасқан орыс хал­қына Қазақстанмен шекаралас әрі ең жақын ел – Ресейге көшу оңай. Студент ұл-қыздары ресей­лік ЖОО-ға түсіп, ата-анасы соңы­­­нан көшіп кеткендер де бар­шы­лық. Ресей 143 миллиондық үлкен нарық емес пе? Жұмыс іздеп кеткендер де табылады. Бұдан басқа, Ресей Сібірді игеру үшін бірнеше мемлекеттік бағдарлама қабылдады. Ол бойынша Сібірге қоныс аударғандарға азаматтық жеңіл­дікпен беріліп, қаржылай қол­дау көрсетіледі. Бұл да Қазақ­стан­дағы біраз адамға тартымды мүмкіндік болып көрінді. Деген­мен Ресейге көшіп жатқандардың бар­лығы орыс халқының өкілі емес. Арасында қаракөздер де кез­де­сіп жатады. Шығын қанша? Мақала ба­сын­­да эмиграция отандық адам ка­­пи­талына үлкен соққы екенін айт­тық. Қалайша? Кеңес Одағында не тәуелсіздік жылдары білім алып, бүгінге дейін бірнеше жыл­дық жұмыс тәжірибесін жиған ма­­ман­дар қай елдің нарығы үшін бол­са да керек-ақ. Ал оларды бала ке­зінен оқыту, жұмыс табу бюджет үшін жатқан шығын. Мысалы, был­тыр Үкімет болашақ маман­дар­ды даярлау үшін 80 мың білім гран­тын бөлді. Әр гранттың құны әртүрлі. Мысалы, Назарбаев уни­вер­ситеті 1 729 грантты жеңіп ал­ған, оның әрбірінің құны 6,6 млн тең­ге. Ал Әл-Фараби атындағы Қаз­ҰУ 6 301 грант жеңген, оның әр­бірінің орташа құны 635 мың тең­ге. Бұл тек 1 гранттың 1 жылдық шы­ғыны. Бакалаврдың құнын анық­тау үшін оны 4-ке көбейтіңіз. Ал жалпы отандық үздік 15 уни­верситетте грант бойынша маман даярлаудың тек 1 жылдық құны 28 млрд теңгені құраған. Оның барлығы бюджеттен төленеді. Еге­мендік алғаннан бастап Үкімет дәл осы­лай жыл сайын маман даярлауға шы­ғын­данады. Ал әрбір оқушыны мектепте 11 жыл тегін оқытудың шығыны бөлек. Міне, осы­лайша бюджет есебінен балабақшада, мектепте, университетте тегін білім алған аза­мат бір күнде шетел асып кетсе, Қазақ­стан Үкіметі мен қоғамы қанша шығынға бат­қанын есептеңіз. Ал ол адамның ден­сау­лығы үшін медицина саласына қанша қара­жат жұмсалды?! Мұндай эмигрант саны 5 жылда 200 мыңнан асқанын жаздық. Сонда біздің мемлекет ретінде шығынымыз қанша миллиард теңге? қыр асқандар Неге барлығын ақшамен өлшеп отыр дер­сіз? Нарық заманында кез келген про­цес­ті не оның нәтижесін ақшамен өлшеу мүм­кін. Бұл Батыс елдерінде кең таралған тә­жірибе. Тіпті, адамның өмірін де ақшамен ба­ғалай алады. Әсіресе, сақтандыру ком­паниялары. Бұл әдіс еңбек миграциясы, ин­теллектуалдық миграция сынды үрдістен мемлекет қанша қаражат жоғалтқанын есептеуге мүмкіндік береді. Өкінішке қа­рай, соңғы 5 жылда Қазақстаннан көшіп кет­кен 200 мыңдай адамның шығыны қан­ша болғанын әлі ешкім есептеген жоқ. Са­лыстыра кетейік, Ресей 2000-2017 жыл­дар аралығында эмиграциядан келген шы­ғынды 27 трлн рубль деп бағалапты. Есесіне миг­ранттар тек 2015 жылы АҚШ эко­но­микасына 2 трлн доллар табыс әкелген, Гер­манияға 550 млрд доллар. Яғни, түйін біреу – адам еліңнен көшіп кетсе, қып-қы­зыл шығын. Ал көшіп келсе, пайда. Сол себепті адамдар көшіп кетуге емес, сырттан қо­ныс аударуға асығып тұратындай, жанға жай­лы мемлекет құру қажет. Қандай мамандардан айырылдық? Бү­гін­де Қазақстанды тастап, түйіншегін арқалап кетіп жатқандардың арасында құнды мамандар аз емес. Сандарға көз жүгіртсек. Мысалы, 2016-2020 жылдар аралығында 31 629 техника маманы, 16 855 экономика ма­маны, 10 788 педагог, 5 250 медицина мама­ны көшіп кеткен. Қазір бұл мамандық иелері республиканың аймақтарына аса қажет. Тіпті, орталық қалаларда да дәрігер же­тіспейді. Алайда олар жырақта күн көру­ді қалады. Егер статистикаға эмоция­сыз, бейтарап қарайтын болсақ, эмигранттардың 28-29 пайызының жоғары білімі бар екен. Оны 2019-2020 жылдарғы мәліметке қарап айта аламыз. Егер оларға орта арнаулы білімі бар адамдарды қоссақ, онда қандай да білім алып, көшкендердің үлесі эмигранттар арасында 53 пайызға дейін жетеді. Орта арнаулы білім иелері деген кім? Ол тігінші, слесарь, токарь, сантехник, көлік жөндеуші, дәнекерлеуші және тағы басқалары. Жастар IT маманы, қаржыгер, заңгер болуға ұмтылған уақытта жоғарыда аталған мамандар еңбек нарығымызға қажет-ақ. Мысалы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Қазақстанда орта деңгейдегі 148 мың маман жетіспейді деп мәлімдеген еді. Өкінішке қарай, олардың бір бөлігі көрші елдерге көшіп жатыр. Миграция азайды. Қазақстанға көшіп келетін мигранттар да баршылық. Алайда эмигранттармен салыстырсақ, көп емес. Айталық, 2020 жылы 29 мың адам көшіп кет­се, 11,4 мың елге көшіп келген. Яғни, 17,6 мың адам. Кері сальдоның көріне бас­та­ғанына он жылдай мерзім болып қалды. Қазақстанға азаматтар қай елден көшіп келіп жатыр? Былтырғы дерекке назар сал­сақ, 3 614 адам Ресейден келген, 2 595 кісі Өзбекстаннан, Қытайдан 1 560 мигрант, 1 192 адам Түрікменстаннан қоныс аударды. Арнайы квота күрт кемісе де, олардың арасында қандастар аз емес. Сондай-ақ 1990, 2000 жылдары өзінің тарихи Отанына көшіп кетіп, елге қайта оралып жатқан қазақстандықтар да бар. Дегенмен Қазақ­стан­ға көшіп келушілер арасында жоғары білім­ділердің үлесі мол емес, 17,5 пайыз көле­мінде. Яғни, адам капиталы тұрғы­сы­нан алғанда да эмиграция мен миграцияны салыстырсақ, ұтылып жатырмыз. Не үшін көшеді? Аталған сауалға жауап табу үшін зерттеушілер Ирина Черных жә­не Рустам Бурнашев 2019 жылы шетелде білім алған немесе тәжірибеден өткен 50 жас маманның арасында сауалнама жүр­гізген. Олардың 35-і Қазақстанда, 15-і ше­тел­де тұрған. Жас мамандар эмиграция­ның келесі себептерін көрсеткен: 1) елде әлеу­меттік-экономикалық жағдайдың на­шар­лауы 2) саяси тұрақсыздық болуы мүм­кін деген қорқыныш 3) көрші елдердің миг­ранттарды тарту бойынша белсенді жүрг­ізіп жатқан саясаты (Ресейді меңзеген бо­лар) 4) Қазақстан азаматтығының «әл­сіздігі» (Қазақстан паспортымен көп елге визасыз шығу мүмкін емес) Бұл мәселе жыл өткен сайын өзекті бо­лып келе жатқанына күмән жоқ. Өйткені кө­шіп жатқандардың 25 пайызы 15 және 28 жас аралығындағы азаматтар, яғни жастар ке­тіп жатыр. Нақты мысал келтірсек, соңғы жыл­дары Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп, кө­шіп жатқан жас азаматтар көп. Иә, бұл ең­бек миграциясы, олар келешекте оралуы мүм­кін дерсіз. Бірақ Корей түбегінде қалып қой­ғ­ысы келетіндер де табылар, себебі қазір­дің өзінде онда 12-13 мың қазақстан­дық заңсыз жүр. Сондай-ақ Ресейге жоғары білім алуға атта­нып, сонда жұмыс тауып, ресейлік ата­нып жатқан жастардың да қарасы көбейді. Мәселен, Қазақстанның Ресейдегі елшілігі 2019-2020 жылдары 74 мың қазақстандық студент солтүстік көршіміздің жеріне білім қуып кеткенін хабарлаған еді. Олардың бар­лығы елге оралмайтыны белгілі. Сөз соңында. Қорыта айтсақ, «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?». Басқа ел түгілі қалада бір үйден екіншісіне кө­шудің өзі барып тұрған машақат. Ал шекара асып, мемлекет ауыстыру әжептеуір сынақ. Бірақ осыған қарамай түйіншегін түюге дайын отырғандар табылып жатыр. Неге? Өйткені қазіргі жас, орта жастағы азаматтарды тек патриоттық сезіммен елде байлап ұстай алмайсың. Олар жемқорлығы жоқ, тыныш, қауіпсіз, бағасы тұрақты, бай, бақуат елде тұрғысы келеді. Сондай жерде жұ­мыс тапсам, отбасым өмір сүрсе дейді. Айтпақшы, жоғарыда сөз болған Марат Райымханов та Канадаға осы себеппен көш­кенін жазды. Енді қайтпек керек? Бәл­кім, бұл сауалдың жауабын кемі үкімет бас­шысы деңгейіндегі лауазымды азамат беруі керек шығар. Өйткені тым күрделі мәселе. Мәселені зерттеген мақала авторы ретінде ой қоссақ, жоғарыда тізбектелген талаптарды (жемқорлығы жоқ, тыныш, қауіпсіз, бағасы тұрақты, бай, бақуат елде тұру) өз елімізде жүзеге асырмайынша, осы­лай бар байлығымыз – азаматтарымыз­дан жыл сайын айырыла беретін түріміз бар.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА