Әскер және әйел
Әскер және әйел
1,187
оқылды

Еліміздегі гендерлік саясаттың жарқын үлгісін қай саладан да аңғаруға болады. Соның ішінде «әскери сала әйел адамға тән емес» деген ұғым да бірте-бірте ескіріп барады. Мәселен, өткен ғасырдың басында теңдік мәселесі өзекті еді. Ал жаңа ғасырдың басы гендерлік мүмкіндіктердің уақытына айналды. Бұл үлгіні өмірдің қай саласында да даму даңғылына түскен еліміз әлемнің озық тәжірибелерінен алып отыр. Бірқатар елде, тіпті Қорғаныс министрі қызметін әйел адамдар атқарады десек, әскер мен әйелді егіз ету біздің елді де дамыған елдердің мемлекет құру моделіне жақындата түссе керек.

Әскер әлсіздердің орны емес!

Сонымен, елімізде әйел адамның саны көп әскери саланың бірі – Қорға­ныс министрлігі. Бұл ведомствоның көпбейінді екенімен байланысты. Өйткені Қарулы Күштеріміздің түрі де, атқаратын қызметі де уақыт сұранысы­ның барлық талабына сай. Ресми мәліметтер бойынша, Қорғаныс министрлігіне қарасты барлық құрылымдар мен ведомстволарды қоса алғанда 7 мыңнан астам әскери әйел қызметкер бар екен. Олардың тек 13%-ы ғана офицерлер, яғни полковник, подполковник, майор, капитан, аға лейтенант, лейтенант шеніндегілер.
«Әйел адамдар Қарулы Күштер саласының барлық қызмет түрінде бар. Сондықтан да олар бұрынғыдай тек медицина, байланыс, тыл, қаржы немесе кеңседегі жұмыстарда ғана істейді деп ойлау қате. Әрине, біздегі әйелдердің басым бөлігі осындай мамандықтарда. Әйтсе де, бізде снайпер, ұшқыш, тіпті арнайы жасақта да, одан да басқа әскер­дің қай-қай түрінде де әйелдер бар. Отан алдындағы жауынгерлік міндетін абыроймен атқарып жүрген нәзік жанды аруларымыз аз емес», – дейді Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дандыбаев.
Расында да, ерлермен қатар ел намысын ту етіп көтеріп, төл әскери салада жүрген әйелдердің бары қуантады. Олардың ішінен, әрине бірінші кезекте Тәуелсіздік тарихында жалғыз да тұң­ғыш әскери ұшқыш қызымыз  Ардана Ботайдың есімі ауызға ілінетіні рас. Бала кезінен әскери ұшқыш болуды армандаған ол мектеп қабырғасында-ақ ұшқыштар оқу орталығында 40 сағаттай ұшып үлгерген екен. Одан соң он алты жасында азаматтық авиация академиясына оқуға түскен Ардана жеңіл моторлы ұшақтардың штурвалын тайсалмай ұстайды. Ол жерден Ұлттық ұланға шақыртылып, онда Ан-26 ұшағымен әуеге көтеріледі. Осылайша, арман аспанына қол созған батыр қыздың әскери өмірі басталады. Енді бүгінде аға лейтенант Ардана Ботай Қарағанды авиабазасында Су-30СМ көпфун­кционалды жойғышының экипаж командирі. Биыл жазда ол осы қызметте алғашқы дербес ұшуын орындады. Су-30СМ – көпфункционалды 4++ буынды жойғыш ұшақ. Ол кез келген ауа райы жағдайында, күндіз-түні әрекет етуге қабілетті. Әуе барлауын жүргізуге, әуеде, жер үстінде және теңізде нысандарды жоюға арналған. Ендеше Арда­наның әрбір жетістігі еліміздің әскери авиация тарихында ең алғашқы оқиға болып алтын әріптермен жазыла бермек.

Арманым – генерал болу

Елімізде жалғыз генерал әйел бар екені баршаға белгілі. Ол – Торғай өңірінің тумасы Сәуле Айтпаева. Еңбек жолын Жақсы аудандық прокуратура­сының кеңсе меңгерушісінен бастаған Сәуле Мұханбедианқызы өмірін осы құқық қорғау саласына арнаған жан. 2013 жылы 7 мамырда генерал атағын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы­нан алған ол 2018 жылдың маусымында Сәуле Айтпаева ҚР Бала құқық­тары жөніндегі уәкіл қызметіне тағайын­далған болатын. Жалпы, елімізде әзірге одан кейін генерал шенін алған әйел адам жоқ. Бірақ әріптес апасының жолын қуып, генерал болсам дейтіндер бүгінгі әскери салада жүрген арулар арасында аз емес болар. Солар­дың бірі – Түркістан облысы ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы, полиция лейтенанты Айнұр Ақжігіт. Киелі топырақта туып-өсіп, мектеп бітіріп, Қ.Ясауи атындағы Түркістан университетін денешынық­тыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған ол ішкі істер саласына 2019 жылы келіпті. Өзі спортшы қыз самбо күресінен спорт шебері. Бұл жекпе-жекпен 2012 жылдан бері айналысады. Одан бөлек, қазақ күресі, белбеу күресі, дзюдо жарыстарында да бағын сынап жүр. Спортқа әкесі алып келіпті. Таяуда қыркүйек айында Беларусь елінде Минск қаласында самбодан өткен Халықаралық ашық кубогта үшінші орын жеңіп алған. Одан бөлек, Харлампиев турнирінің, Азия чемпио­наты­ның қола жүлдесін де иеленген. Қазір қазақ күресінен ел чемпионатына дайындалып жүр. «Әуелден спортқа жақын болғандық­тан, арнайы жасақта қызмет ету бала күнгі арманым еді. Университет бітірген соң бір жылдай мамандығым бойынша істедім де, сосын осында келдім. Спортшы болғандықтан, емтихандардан оңай өтіп, қызметке алындым. Жұмыс­тың өзі күнде-күнде спортпен шұғыл­данудан, күшейтілген тәртіптегі жұмыс режимінен, оқу-жаттығулары­нан, кезекшіліктерден тұрады. Үнемі қимыл үстінде болу – бұл менің таби­ғатыма жақын. Енді осындағы мүмкін­діктерді пайдаланып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері разрядын қор­ғап алсам ба деп едім. Бұл – спорттағы мақсатым. Ал қызметтегі мақсатым – генерал болу. Ол үшін барлық қиындық­қа да дайынмын», – дейді лейтенант Айнұр Қабылқызы. әскер және әйел Жыл басындағы мәлімет бойынша, Ішкі істер министрлігінде 10 637 әйел қызмет атқарады екен. Бұл барлық қыз­мет­кердің 14,6%-ын құрайды. Олардың ішінде 5,5%-ы ғана, яғни 580 адам бөлімше бастығы, басқарма бастығы, департамент бастығы сынды басшылық қызметтерде. Расында да, елімізде әйелдердің көп ретте әскери салада болса да, азаматтық сипатқа тән қызметтерде еңбек ету стереотипі әлі де сақталып келеді. Әйтсе де, ерлерге  тән төл қызметтерде үлесі сәл артқан. Сондықтан да әзірге олардың арасынан тағы бір генерал шығады деп күту қиын болар.

Қорғаныс министрі – әйел

Мұндай тізімде 19 ел бар. Олардың дені Еуропа мемлекеттері. Солардың ішінде ұзақ жылдан бері қорғаныс саласын әйелдер басқарып келген ел – Норвегия. Мұнда 18 жыл бойы бұл лауазымды әйелдер атқарған. Тек 2017 жылы ер адам, қазіргі министрі Франк Бакке-Йенсен бұл тізбекті өзгерткен. Одан кейінгі орында Франция. Мұнда 2002 жылдан бері бұл ведомствоның тізгінін үшінші әйел ұстап отыр. Швейцарияда қорғаныс министрі – Виола Амхерд, Нидерландта – Жанин Хеннис-Плассхарт, Босния-Герцеговинада – Марина Пендеш, Македонияда – Радмила Шекеринская. Одан әрі бұл тізімді Германия, Италия, Испания деп жалғастырып кете беруге болады. Либералды Еуропада қорғаныс министрлерінің әйел болатынының бір себебін оларда жеке-жеке армияның болмауымен түсіндіруге болады. Өйткені олардың барлығы НАТО-ға бірігіп кеткен, нақтырақ айтқанда оларды АҚШ қорғайды. Альянсқа мүше елдер өздерінің жалпы ішкі өнімінің 1-2 пайызын қорғаныс шығыны ретінде мүшелік жарнаға төлейді. Еуропадағы жағдай түсінікті десек, бұл үрдіс Африка мен Азияда да бар. Мәселен, Габон, Оңтүстік Африка Республикасы (ЮАР), Орталық Африка Республикасы (ЦАР), Кения мен Эфио­пияның қорғаныс саласын әйелдер басқарады. Олардың ішінде Оңтүстік Африка Республикасының қорғаныс министрі Мописа-Нкакула ғана КСРО мен Анголада әскери дайындықтан өтіп үлгерген, ал қалған­дары бұрынғы мэр, адвокат болып істегендер және қоғам белсенділері. Азия бойынша Үндістанда, Шри-Ланка, Мальдив пен Бангладеште министрлері бір кезде әйелдер болған. Ал осы елдердің тізімін биыл 20-сыншы болып АҚШ толықтырды деуге болады. Мұнда Қорғаныс министріне ведомстволық бағынысты Армия министрі лауазымын мамыр айынан бастап әйел адам иеленді. Осылайша, Кристин Вормут Пентагон тарихында осы қызметтегі ең алғаш­қы әйел  атанды. Енді әйелдерге әскери қызмет міндетті елдерге келер болсақ, сөзімізге тағы да халқының саны 5 миллионнан сәл-ақ асатын Норвегия ілігеді. Ол ел қорғайтын азаматтарға аса зәру елдердің бірі саналады. Сол себепті Норвегия парламенті әскер қатарына шақырту ер адамдар үшін ғана емес, әйелдерге де міндетті болатын заңды мақұлдады. Яки, 1997 жылы және одан кейін дүниеге келген қыздар 19 жасқа толғанда Норвегияның қарулы күштері қатарын­да қызмет етуге міндетті. Ал негізінен бұл елдің әйелдер қауымы 1976 жылдан бері өз еркімен әскерге қабылданып келді. Саяси-әскери жағдайы шиеленіс­кен, өзіміз күндегісін көзбен көріп жүр­ген Израиль де осы қатарда. Мұнда қыз-келіншектер 2 жылдық әскерде болуы мінддетті. 1948 жылы Израиль тәуелсіздігі үшін күресте әйелдер ерлермен қатар ұрысқа қатысып, талай шайқаста ерлік көрсеткен. Содан бері бұл елде 18 жасқа толған жігіттері 36 айға, қыздары 24 айға әскерге шақы­рыла­ды. Солтүстік Кореяда да осы секілді. Бірақ мұнда 2003 жылдан бері әйелдер 7 жыл, ер адамдар 10 жыл армияда болуы міндетті. Тоталитарлық милитарлы ел болғандықтан, бұл елді әскери өмір салтын ұстанған ел деуге болады. Бұл тізімде сондай-ақ Малайзия, Куба, Перу, Эритрии бар.

Нұрлан ҚОСАЙ