Суицид: әр оқиғаның себебі бөлек
Суицид: әр оқиғаның себебі бөлек
888
оқылды

Елімізде көпірден немесе биік ғимараттардан секіріп, өмірмен қош айтысқысы келетіндер қатары көбейіп келеді. Мұндайды ақпарат құралдарынан жиі байқап қалып жүрміз. Ендеше бұл ненің белгісі? Шарасыздыққа барған жандар жұрттың назарын неге өзіне аударғысы келеді? Өйткені шын өлгісі келген адам үйінде де өз-өзіне қол салуы мүмкін ғой. Мамандармен осы құбылыс туралы сөйлесіп көрген едік.

Ер адамдар өз-өзіне көбірек қол жұмсайды

Биылғы сегіз айда елімізде 3 000-нан астам адам суицидтен құтқарылған болса, өкінішке қарай осынша адам өз-өзіне қол салып қайтыс болған екен. Оның 2 072-сі ер-азаматтар. Суицидке барған ер адамдардың көпшілігі 35 пен 44 жас аралығында. Ер-азаматтар арасында суицидтің көп болуы тек біздің Қазақстанға ғана тән емес, басқа елдерде де осындай динамика қалыптасып отыр. Мұндағы үлестік көрсеткіш – 48,2%. Сондықтан да бұл әлемдік мәселеге айналып отыр. «Оның бірден-бір себебі – көп ретте ер-азаматтарға жүктелетін жауапкер­шіліктің жоғарылығында, бірінші кезекте табыс табушы, отбасын асыраушы ретінде түсетін тұрмыс тауқыметі, ортасындағы және отбасындағы беделінің түсуі, жақсы өмір сүруге ұмтылуда меселінің қайтуы және т.б. Осының бәрі күйзеліске, торы­ғуға алып келеді де, олар іштен тұйықталып қалады. Тағы бір мәселе, ер-азаматтар пси­хологтарға, психиатрларға бармайды. Баратыны өте аз. Онда да соңғы уақытта ғана мойын бұру бар. Мұндай соңғы қадамға адамдар көп ретте ішкілікке салынған, қарызға батқан, құмар ойынға түсіп кеткен, нашақор болған жағдайда барады. Тіпті, қаза тапқандар арасында бір басында осы жағдайдың бәрі кездескен ер адамдар да бар», – дейді Қазақстан пси­хологтер лигасының мүшесі, психолог Лимана Койшиева. Тағы бір себебі – әлеуметтік жағдайдың төмендігі, яғни жұмыссыздық. Жұмысқа қабылдау барысында әйел адамнан гөрі ер адамға қойылатын талаптар қатаңдау бо­лып келеді. Жоғары білім, біліктілік дә­режелері, еңбек өтілі деген секілді. Осын­дай әлеуметтік-тұрмыстық талап­тарды орындай алмау, намыстану мен шарасыз­дық ер адамды ақыр аяғында өзін-өзі өлтіруге алып келеді екен. Сонымен қатар психологтің айтуынша, елімізде ер-аза­маттар арасында жалғыздық көбейіп ке­леді екен. Балаларын өздері бағып отырған жалғызбасты әкелер көп. Олардың басым көпшілігі алимент алмай күн көріп отыр. Осы факторлардың бәрін ескере келе, ер-азаматтардың мәртебесін көтеру керек. Мемлекеттік бағдарлама қабылдап, ер адамдарға әлеуметтік пакеттерді көптеп қарастыру қажет. Өйткені бізде, Қазақ­стан­да әйел адамдарға, соның ішінде көп­балалы аналарға көп жағдай жасалған да, ер адамдар мемлекеттік қамқорлық пен қолдаудан шет қалған. Мәселен, ажырас­қан кезде баланың анасымен қалуына басымдық берілетіні – соның бір мысалы. «Суицидтің бірнеше түрі болады. Мы­салы, бірі аффектілік жағдайда жасалуы мүмкін, енді бірі жан ауруы кезінде, яғни психикалық сананың ауытқуы кезінде жа­салуы мүмкін және демонстративті түрде жасалуы мүмкін түрі де бар. Біздің ақпарат құралдарынан немесе көшеде көріп жүр­геніміз осы демонстративті қол жұмсау. Бұл дегеніміз, өзінің жанайқайын өзгелер­ге көрсету. «Міне, мен өз-өзіме қол салуға мәжбүр болып тұрмын» деген сипаттағы наразылық. Мен суицидтің бұл түрі көбе­йіп кетті деп айта алмаймын. Әйтсе де, әр бір оқиғаның жеке-жеке себебі бар. Бірақ бәрі де бірінші кезекте адамның өзі қо­лын­да екенін ұмытпауымыз керек», – дей­ді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің жанындағы Отбасы, әйелдер ісі және демографиялық саясат бойынша комиссия мүшесі, пси­холог Лимана Құттыбекқызы. Маманның айтуынша, бізде соңғы кезде суицид деректері ашық көрсетіліп жүр. Ал бұл дұрыс емес. Өйткені жаңағы айт­қанымыздай, жан ауруы бар адамдар ол көріністерді ауыр қабылдап, өзін-өзі өлтіруді ойлап жүрген болса, соған тездетіп итермелеуі мүмкін. Сондықтан да псих­о­лог ретінде Лимана Құттыбекқызы ондай кадрларды жариялауға және таратуға қарсы екенін айтады. Өйткені бұл өзгелер үшін жарнама секілді, осылай да өмірден оңай жолмен кетуге болады деген сияқты болып қабылдануы мүмкін. Тіпті, суицид деген сөздің өзін де көп қолдана беруге болмайды. Бұл – профилактикалық шаралардың бір тәсілі

Суицид басы тұрмыстан

2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 40 адам өз-өзіне қол салып қайтыс болыпты. Олардың арасында ер адам да, әйел де, бала да бар. Мамандар бұл проблеманы аяқталған және аяқталмаған (әрекеттену) суицид деп бөледі екен. Астанамызда осы­лай әрекеттеніп, аман қалған әйелдер саны – 220. Олардың жас санаты – 30 бен 46 жас арасында. Соңғы қадамға мас күй­де – 78, сау күйде – 106, әртүрлі психосо­матикалық жағдайда – 30, басқа да ауыр жағдайлар салдарынан 6 әйел барыпты. Жасалу әдісі бойынша бұл әрекеттерді дәрілік препа­раттармен улану – 37, тесе­тін-кесетін зат­тармен зақымдану – 16, құлау – 14, өзін-өзі өртеу – 1, суға бату – 3 және басқалар 21 адам деп бөлуге болады. Жасалған орны бо­йынша мұндай оқиғалар көшеде (19), тұрғын үй-жайда (47), оқу орнында (1) және басқа да жерлерде (18) болған. Бұл әйелдердің көпшілігі азамат­тық немесе ресми некеде болған, яғни ажы­расқандары немесе тұрмысқа шық­пағандары аз.   суицид«Мен әйел адамдармен көп жұмыс істейтін болғандықтан, оларды суицидке итермелейтін ең бірінші кезекте тұр­мыстық себептер екенін жақсы түсінемін. Соңғы қадамға баратын адамдардың көпшілігі шешімді өздері қабылдайды. Жәбірленушілермен болған әңгімелерде олар ешкімге шағымдары жоқ екенін, бұл әрекеттерге ешкім итермелемегенін ай­тады. Осының негізінде қылмыстық іс­терді тоқтату туралы қаулылар қабыл­да­нады. Көп жағдайда бұл оқиғалардың не­гізгі себептері жасқа байланысты жеке тәжірибе, эмоциялық тұрақсыздық, тұл­ғааралық қатынастардың бұзылуы, әлеу­меттік жағдайлар, депрессивті көңіл күй, отбасылық жанжалдар, абайсыздық және алкоголь ішу», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы ПД Жергілікті Полиция қызметі басқар­масының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлмира Шрахметова. Полиция подполковнигінің айтуынша, бұл тұстағы негізгі проблемалардың бірі бүгінде өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттерінің алдын алу және оларды ерте кезеңде анық­тау бойынша мақсатты жұмыс жүргізе алатын білікті мамандардың (суици­до­логтардың) болмауы екен. Сонымен қатар полиция қызметкерлері үшін өзіне-өзі қол жұмсауға бейім адамдармен жұмыс істеу бойынша ұсынымдық сипаттағы іс-ша­ралар жүргізілмейді. Оның үстіне суицидке бейім адамдар, соның ішінде әйелдер құ­қық қорғау органдарымен, білікті ма­ман­дармен және психологтермен байланысқа түсуден қашқақтайды. Жәбірленушілер жасалған әрекеттердің нақты себебін толық ашпайды. Бұл олардың жеке өмірі туралы бөтен адамдармен сөйлескісі кел­мейтінін көрсетеді. Бұл – дұрыс емес. «Негізінен, суицидке ер адамдар бір­ден барады. Олар нақты шешім қабылдап, батыл әрекеттер жасайды. Ал әйелдер мен балалар жасқаншақтау болып келеді де, мұндай қадамға қашан да екіұдай күйде барады. Сондықтан да көп жағдайда аман қалып жатады. Бір жағы ашумен де жасай­ды. Мәселен, полиция қызметкер­лері құт­қарып қалған көпірден секірген екіқа­бат келіншек пен баласын құшақтап бас­палдақ балконының ернеуінде отырған әйел осындай ашу үстінде барғандар. Олар­дың баласы да, өздері де зардап шек­кен жоқ. Кейін анықталғандай, күйеу­ле­рімен ұрысып қалған болып шықты», – дейді ӘЗЗҚ аға инспекторы Гүлмира Тілеуғалиқызы. Әйелдерге қатысты және отбасылық-тұрмыстық қатынастарда құқықбұзу­шы­лықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында 2021 жылдың 9 айында ӘЗЗҚ инспекторлары учаскелік инспектор­лар­мен және ювеналдық полиция инспек­торларымен бірлесіп, әйелдерге қатысты құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың өсуіне жол бермеу бойынша мақсатты түрде жұмыс жүргізіп келеді. Алдын алу және тү­сіндіру жұмыстары бойынша әдістемелік және практикалық көмектер көрсетіп, әрбір факті бойынша себептер мен жағдай­ларға мұқият талдау жасауда. Қажет болған жағдайда мемлекеттік ор­гандар және үкіметтік емес ұйымдар өзара әріптестікте консультациялық-құқықтық көмек көрсе­тіп жатыр. Қиын жағдайға түскен әйелдерге «Қорғау-Астана» ЖҚ, «Жанұя» ҚҚ, Qorgau ҚҚ психологтері консультация өткізуде. Осы жұмыстардың қай-қайсысында да мамандардың анықтағаны – өз-өзіне қол салушылармен сөйлесудің аздығы. Оған бір жағы ол адамның өзі тұйықталып қа­латын болса, екінші жағы айналасын­да­ғы­лар да түрлі себеппен көп ықылас та­ныта қоймайды. Ал шындығында, егер сөзге тартып, суицид туралы тікелей сөз етпесе де, проблемаларын бөлісіп, көңілін аулар болса, соңғы қадам туралы ойынан айнитындар да көп екен. Мүмкіндігінше, психологтерге, психотерапевттерге бару­дан қашпау керек. Сонда қиын күндерін уақыт өте келе күлкімен еске алып оты­ратын жандардың қатары көбеймек.

Нұрлан ҚОСАЙ