Қаралы отбасы күдіктілердің ұсталмай отырғанына наразы
Қаралы отбасы күдіктілердің ұсталмай отырғанына наразы
259
оқылды

Бүгінде жәбірленушінің туыстары полицейлердің осынау іске салғырт қарап отырғанына наразылық білдіреді.

Моншаға түсуге келген 4 жігіт сондағы күзет қызметкерлерімен ерегісіп қалады. 4 жігітке 15 шақты бала жабылып, біреуін өлімші етіп сабап тастаған.  Тіпті жедел жәрдем көлігімен келген фельдшерге де айбат көрсетіп, хал үстінде жатқан жігітті бергісі келмейді. Бұл туралы жәбірленушілердің бірі Ерболат Құдайбергенов айтып өтті.    width= «Ол өтірік істеп жатыр. Қазір өзіміз тірілтіп аламыз. Алып кетпейсіңдер» деп ес-түссіз жатқан Еламанның бетіне су шашады. Тіпті өлімші етіп сабағаны былай тұрсын оның үстіне шығып секірген. Аруханада хал үстінде жатқан 27 жастағы атпалдай азамат екі күннен соң көз жұмады. Тепкіден бас сүйегі қақ айрылып, миы езілген. Өкінішке орай, осындай жауыздыққа барған күдіктілер әлі күнге дейін ұсталмай отыр.  Ал, күдікті деп танылған жалғыз азамат та үй қамаққа жіберіліпті. Қайтыс болған жігіттің туыстарының айтуынша, бұл сауна әжептеуір танымал тұлғаның меншігі болып табылады. Сондықтан мүмкіндік болса бұл істі жабуға тырысып отыр, деген күмәнмен қарайды. Арыстай ұлынан айырылып қан жұтып отырған қаралы отбасы кінәлілердің барлығы жазаға тартылмаса Президентке дейін шағымданамыз деп отыр. «Әлі үйленген жоқ. Артында тұяқ қалмады. Бар өкінішім осы» деп өзегі өртенген ана етегін жасқа толтырып отыр.    width= Ал Түркістан облыстық полиция департаменті Сайрам ауданы ауылдарының біріндегі демалыс комплексіне орын алған жайтқа байланысты, Сайрам АПБ-де ҚР ҚК-нің 106-бабы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша тіркеуге алынғанын атап өтті. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сайрам аудандық сотының қаулысымен күдікті «үйқамаққа» алыныпты.

Ал, ұсталған жалғыз адамның өзі үй қамаққа шығарылуы  қаралы отбасының күдігін одан сайын күшейтіп отыр.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы