Экстрадиция: қашқындар жазасыз қала бере ме?
Экстрадиция: қашқындар жазасыз қала бере ме?
© коллаж: Елдар Қаба
480
оқылды

Биыл жыл басынан бері шетелге қашқан 40 күдіктінің 25-і ғана елге жеткізілген екен. Бұл – Бас прокура­тура­ның мәліметі. Түрлі қылмыс жа­сап, шетелде бой тасалайтын қазақ­стан­дықтарды ұстап, елге жеткізу неліктен қиын? Бұл тұрғыда еліміз бен шетелдік тәжірибенің айырма­шылығы қандай?

Қолға түсіргеннен алдырту қиын

Елімізде қылмыс жасап, шетелге жасырынғандарды алдыру оңай шаруа емес. Өйткені әуелі оны іздеп тауып, қолға түсіру қажет. Бұл – Интерпол арқылы жүзеге асатын күрделі процесс. Содан кейін барып қана экстрадиция мәселесі қолға алынады. Онымен елімізде тек қана Бас прокуратура айналысады. Ал қашқын­ды алдыру, оны ұстаудан да қиын мәселе. Ресми ақпаратқа сүйенсек, еліміздің  құ­қық қорғау органдары бүгінде 2 341 адамға іздеу жариялапты. Оның ішінде мемлекет­аралық іздестіруде – 750, халықаралық іздестіруде – 1 591 адам. Бұл тәуел­сіздік алған жылдардан бері жүргізіліп келе жатқан есептің ішіндегі ұсталмағандары. Ал жалпы барлығы іздестіруде 5 мыңдай адам болғанын ескерсек, олардың жартысынан астамы қолға түсті деген сөз. Қашып жүргендердің қарасы көп болатынының себебі бірінші кезекте олардың қай елде, қай қалада жүргендерін анықтаудың қиын­дығында. Соңына аңду түскенін сезген қаш­қын басқа қалаға немесе елге кетіп қалуы мүмкін. Олардың жалған құжат жа­сат­қанын, болмаса басқа елдің азамат­тығын алғанын да жоққа шығаруға болмайды. Бұл олардың ендігі кезекте сол елдің заңымен қорғалатынын білдіреді. Елімізде атышулы «ғасыр оқиғасына» айналған LRT ісі бойынша басты күдікті­лер­дің әлі қолға түспей жүргендігінің бір себебі осында. Қанат Сұлтанбеков пен Талғат Арданның Интерпол тізімінде жоқ деген мәселенің бір себебі оларды үркітіп алмау үшін жасалған жедел амалдар болуы мүмкін. Әйтсе де, олардың емін-еркін әлеу­меттік желілерде бой көрсетіп жүр­геніне қарап, ешқандай жазаға тартылмайтынына сенімді екендігін аңғаруға болады. Ал оның қаншалықты рас екенін уақыт көрсетер. Өйткені мұндай оқиғалар елімізде бұған дейін де болған. Тіпті, Сұлтанбек­овтің өзінің бұған дейін де істі болып, ол жазадан 2 млрд теңге айыппұлмен құтыл­ғанын ескерсек, онда Қазақстанның заңнамасы алдындағы сенімділігі бекер емес сияқты. Қалай болғанда да, бұл мемлекет пен құқық қорғаушылардың имиджіне үлкен сын болғалы тұр. Әзірге бұл сынның олар бірінші кезеңінен ғана өтуде. Ал Америка мен Түркияда жүрген қашқын­дар қолға түскен жағдайда бұл сынақтың екінші кезеңі басталады. Осы тұста экстрадиция­лық қатынастардың әлі пісіп-жетілмегендігі, оның қанша ғасырдан бері практикада болса да институционалдық сипат ала алмай келе жатқаны, халық­аралық заң­намалар атласындағы және гуманитарлық құндылықтарды бағалау­дағы ала-құлалық және түптеп келгенде экстрадиция мәселесінің саяси сауда тетігіне оңай айналып кете беретіні бұл сын мен сынақты қиындата түспек.

Себептен де себеп бар

Іс жүзінде мұндағы әр оқиға бөлек-бөлек қарастырылуға жататын субъективті мәселе екені анық. Сондықтан да халықаралық тәжірибеде тұтқындарды бер­геннен бұрын бермей қалу ықтимал­дылығы зор. Бас тарту себебіне жататын негізгі-негізгі 5 факторды атап кетуге болады. Олар: 1) өз елінің азаматтарын бермеу, 2) іздеуде жүрген адам ең қатал жазаға (өлім) кеседі деген оймен бермеу, 3) азаптайды деп бермеу, 4) салықтай құқықбұзушылық үшін бермеу және 5) саяси қылмыстары үшін бермеу, керісінше саяси баспана беру. Алғашқы фактор көптеген мемлекеттерге, әсіресе азаматтық құқықтың дәстүрлі түрін ұстанатын елдерге тән. Нақты бір елге байланысты ол үзілді-кесілді (императивті) немесе келісуге болатын (дискреционды) түрде кездеседі. Мұндағы критерийлер сұратып отырған елдің ішкі заңнамалық ахуалына байланысты болып келеді. Әйтсе де, Ха­лық­аралық заңнама, соның ішінде «Ұйымдасқан Трансұлттық қылмысқа қарсы Конвенция» бұл тұста aut dedere aut judicare (не бер, не жазала) қағидатын қолдайды. Әйтсе де, мұндай құжаттың мемлекеттер үшін міндетті емес екені өкінішті-ақ. Ондай жағдайда ол өзге елде заң бұзған қылмыскерлер жазасыз қалып жатады. Біздің еліміз үшін бұл фактор бойынша су жаңа мысал – еліміздің дотацияларын қалтасына басып қашып кеткен Балушкиннің ісі. Екінші фактор мен үшінші факторда бір-біріне өте ұқсас жайттар қарастырыл­ған. Экстрадициялап алдырған азаматтарын дарға асқан немесе қинап өлтірген елдердің мысалын ізгілікті ниетпен мысал етпей-ақ қоялық. Ал біздің елге қатысты айтар болсақ, Қазақстанда өлім жазасына (кейбір жағдайларда ғана) тыйым салын­ған. Ал кейбір халықаралық сарапшылар кезінде Франция түрмесінде отырған Мұхтар Әблязовты ол елдің соты Ресейге де, Украинаға да, Қазақстанға да бермей қалған себебі осы азаптау мәселесімен байланысты деген тұжырымдама айтқан болатын. Ұзақ жылдардан бері «опалда» жүрген қашқынның осынша уақыт жазасыз қалуы да сондықтан. Төртінші, салықтай құқықбұзушылық үшін бермеу факторына келер болсақ, бұл әр елдің қаржылық моделінің әртүрлі екендігімен байланысты. Сондықтан да бір елде қаражатқа, соның ішінде салыққа қатысты жасалған қылмыс, келесі бір елде (ол қашып барған елде) қылмыс болып саналмауы мүмкін. Мамандардың айтуынша, мұндай жайт орталық Еуропа елдеріне тән екен. Қаржы пирамидаларын құрып, аңғалдардың аузын айға қаратып, ақшасын қағып кететіндердің бірінші кезекте сол елдерге қашатыны, қаржы пирамидасы ол жақта жартылай лигитимді саналады. Саяси қылмыстары үшін бермеу, керісінше саяси баспана беру факторына келер болсақ, бұл осы себептердің ішіндегі ең бір уәж ретінде тез қабылданатын және кепілдендірілген қауіпсіздік пен жеңілдіктер берілетін түрі боп тұр. Қолында қызмет пен билік тұрғанда қарпып асап, шетелге қашқан шақта қылмысын саяси­ландыруға ұмтылатындардың қатары көп болуы да сондықтан. Әйтсе де, қабылдап алып отырған елдің «көзі ашық, көкірегі ояу» билік тармақтары мен сот жүйесі бары анық. Саяси баспанаға көп ретте диктатор­лық, тоталитарлық елдерден қашып келген ие болып жатады.

Байлар Ұлыбританияға қашады

Экстрадиция – өте күрделі процесс. Оның объективті де, субъективті де жақтары бар. Мұндай сипат сұрау салушы да, беруші жаққа да тән болып келеді. Мәселен, іздеудегі адам лаңкес болса, онда оған қос ел де объективті түрде қарайды. Өйткені Халықаралық терроризммен күрес туралы конвенцияда солай көзделген. Ал одан өзге жағдайда мемлекеттік маңызды шешімдердің өзі субъективті сипатта қабылданады. Ол бірінші кезекте, екі ел арасындағы келісімшартқа байла- нысты. Әйтсе де, әлем елдерінің ішіндегі ең бір қашқынды бермейтін елдердің бірі Ұлыбритания екен. Байларды көбінің Ұлыбританияға қашатын себебі осы. Олар оның қаржысына жағдай жасайды, өзіне жағдай жасайды да, мүмкіндігінше содан пайда көреді. Уақытында, Березовский, Абрамовичтардың сол жақтан пана тапқаны соның айғағы. Бұл тізімге, әрине сондай-ақ АҚШ-ты да қосуға болады. Бұл екі елге ортақ ұстаным – өз елінің азаматтарын бермейтін елдермен экстрадиция туралы келісімшарт жасаспау. Оның арғы жағында геосаясат жатқаны анық. Ал осы екі ел арасындағы әлемге шу болған WikiLeaks компроматтар порталының негізін салушы Джулиана Ассанжды Ұлыбри­тания­ның Америкаға бермей отырғаны, мұндағы проблеманың қаншалықты саяси реңкке ие екенін аңғарта түседі. Мұның алдында бірнеше жылдар бұрын Гэри Маккинмен болған жағдай да экстра­дициялық қатынастардың күрделігінен хабар береді. 2000 жылдардың басында хакер жігіт Лондонда отырып, Американың үкіметтік және әскери компьютерлерін бұзып кірген болатын. Ондағы ойы жат планеталықтар туралы ақпараттарды табу екен. Америка қанша талап етсе де, Англия оны азаптауы немесе өлімге итермелеуі мүмкін деп бермей қойған. Ал оған керісінше, қылмыскерлер өз елінде тайраңдап жүргенін жақтыртпайтын ел – Германия. Сондай деректің соңғы мысалы ретінде, күні кеше неміс елінен экстрадицияланған 1989 жылғы Айдос Шәріповті айтуға болады. Бас прокуратура­ның хабарлауынша, ол Еуроодақ елдерінде (Литва, Норвегия, Германия, Дания, Финляндия) жұмысқа тұрғызамын деп, адамдарды алдап шақырып алып, ақшасын алып, өздерін қаңғытып тастап кеткен. «Жалған жұмыс берушінің» әрекетінен 60-тан астам адам зардап шеккен. Келтірілген шығын – 34 миллион теңге. Одан кейінгі кезекте, Мажарстан, Словакия, Чехия, Францияны атауға болады. Бұл елдер де өзге көршілерімен салыстыр­ғанда экстрадиция мәселесінде өте икемді келеді. Бірақ бұл қылмыскерді саяси сауда құралына айналдырмайды деген сөз емес. Мәселен, 2020 жылдың 31 қаңтарында Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан шыққан соң Австрия, Германия және  Словения сынды үш ел Англиямен экстрадициядан бас тартатынын мәлімдеді. Бұл туралы олар Еурокомиссияны ресми түрде хабардар етті.  

Нұрлан ҚОСАЙ