Алматыда неше ата-ана баласына вакцина салдыруға келіскен?
Алматыда неше ата-ана баласына вакцина салдыруға келіскен?
© gov.kz
247
оқылды
Мектеп оқушыларын коронавирусқа қарсы вакциналау алдымен медицина мекемелерінде жүргізіледі. Қалада бүгінге дейін 30 мыңнан астам ата-ана баласына Pfizer вакцинасын салдыруға келісім берген. Бұл туралы Алматы қалалық қоғамдық Денсаулық басқарма басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева бүгінгі өткен брифингте мәлімдеді.
"Алматыда 12 жастан 17 жасқа дейінгі жастағы 170 мың бала бар. Оның ішінде ата-аналардың 20 пайызы балаларға Pfizer вакцинасын салдыруға келісім беріп отыр. Бұл - шамамен 30 мыңнан астам ата-ана. Алайда, бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін, себебі, сәт сайын келісім бергендер артып жатыр", - деді Светлана Сұлтанғазиева.
Сондай-ақ ол балаға вакцина салу үшін анасы не әкесінің бірінің рұқсаты болуы міндетті екенін атап өтті. Қалада Pfizer вакцинасын салу 12 қарашада басталмақ. Бірінші кезекте 16-17 жастағы балаларға салына бастайды. Балаларға аталған вакцина алдымен медицина мекемелерінде салынады. Ал, мектептерге, медицина қызметкерлері тек арнайы шақырту болған жағдайда ғана барып егетін болады. Айта кетейік,Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы елімізге 10 қараша күні жеткізілді. Бұл күнде Алматыдағы дәрі-дәрмек қоймасында осы вакцинаның алғашқы 46 800 дозасы тұр, Яғни бірінші компоненттің 23 400 дозасы және екіншісінің 23 400 дозасы бар. Екі компоненттің қабылдау арақашықтығы 21-28 күн болуы қажет.

Pfizer вакцинасын жүкті, емізулі баласы бар және 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге салынады деп жоспарланған.

Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы