Атырауда «Pfizer» екпесін 76 мың адамға салады
Атырауда «Pfizer» екпесін 76 мың адамға салады
© inform.kz
296
оқылды
Кеше елімізге Дүниежүзілік денсаулық ұйымы мақұлдаған Covid-19 вирусына қарсы «Pfizer» вакцинасының алғашқы партиясы Қазақстанға жеткізілді. Атырауға «Pfizer» вакцинасы қараша айының соңына дейін жеткізіледі. Облысқа кезең-кезеңімен I-ші және II-ші компонентті жаңа вакцинаның 153 270 дозасы әкелінеді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен өткен өңірлік штаб отырысында айтылды. Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, аймақта 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдерді COVID-19-ға қарсы вакцинациялау үшін, дайындық жұмыстары басталды. Сондай-ақ, «Pfizer» вакцинаға арналған екі мұздатқыш әкелінді. 12 қарашаға дейін израильдік вакцинаның 17 550 дозасын жеткізу жоспарлануда. Атырау облысында «Pfizer» екпесін алуға қарсы көрсетілімі жоқ әйелдер мен балалар саны 76 мыңды құрайды. Ресми мәлімет бойынша, Атырау облысында 12 мен 18 жас аралығындағы балалар саны 63 138 адамды құрайды. Ал, бала емізетін және жүкті әйелдер саны – 35 362. Оның 70 пайызының COVID-19 індетіне қарсы екпе алуына қарсы көрсетілімдері жоқ. Денсаулық сақтау басқармасының ресми ақпаратына сәйкес, 12 мен 18 жас аралығындағы балалар тұрғылықты жері бойынша емханаларда және ата-анасының рұқсатымен ғана екпе алады. Бүгінгі көрсеткішті айтсақ, аймақта 21 жүкті әйел коронавирустық инфекциямен ауырып жатыр, оның тоғызы инфекциялық стационарларда ем алуда. Індет балаларды да аяп жатқан жоқ. Ауру белгісі 35 баладан анықталып, олардың 3-еуі инфекциялық стационарларда ем алуда. Атырау аймағы бүгінде эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығынан «Жасыл» белдеуде. Қазіргі таңда 156 науқас инфекциялық стационарларда ем алуда, індет жұқтырған 14 науқас реанимацияда жатыр. 154 науқас үй жағдайында емделуде. Аймақта Covid-19 қарсы вакциналардың I компонентімен 244 437, ал II компонентімен 221 515 адам егілді.