300 мың теңге немесе UFC есігін кімге ашады? – Нұрбек Қарабала ММА индустриясының дамуына сенімді
300 мың теңге немесе UFC есігін кімге ашады? – Нұрбек Қарабала ММА индустриясының дамуына сенімді
589
оқылды

Қазақстандағы ММА индустриясының дамуы мен тежеуіш факторлары, Naiza лигасының жауынгерлері мен алдағы жоспары, спорттағы бизнес және қаржы туралы Naiza президенті Нұрбек Қарабала Aikyn.kz сайтына сұхбат берді. 

Нұрбек Қарабала

Біздің жауынгерлер туралы айту мүмкіндігін қалт жібермедім

 – Күні кеше Абу-Дабиде өткен UFC-дің турниріне барып қайттыңыз. Көздеген мақсатқа қол жеткіздіңіз бе? – Иә, ол жерге барғандағы басты мақсатымыз өзіміздің  қандас бауырымыз Дамир Исмагуловтың жекпе-жегін тамашалау болды. Әлбетте, турнирге келген соң UFC президенті Дана Уайтпен кездесуді де мақсат тұттым. Турнир барысында Данамен танысып, Қазақстандағы ММА индустриясының дамуы және біздің жауынгерлер туралы айту мүмкіндігін қалт жібермедім. Алдағы уақытта тағы да жолығып, өзара келіссөз жүргізуге келістік. – Қазақстанда ММА индустриясын дамыту туралы идея қайдан келді? Елімізде бұл спорт түрінің болашағы қандай? – Әлемдік тәжірибеге келсек, спорт – үлкен бизнес. Спорт – жастарды дұрыс жолға бағыттайтын тәрбие құралы. Біздің Қазақстанда спорт әлеуметтік тұрғыдан жақсы дамыған, бірақ бизнес ретінде кенже қалған. Спорт арқылы ақша табуға болады дегенге ешкім сенбейді. Біз тәуекелге бел буып, бұл стереотипті жоққа шығармақпыз. Себебі әлемде спорттан келіп түсетін экономикалық пайда едәуір. Спорттың имиджге де әсері өте үлкен. Спорт баланы далада төбелеспеуге, тәртіпке үйретеді. Біздің кезімізде жаттықтырушы күнделігімізді тексеріп, оқу үлгерімін қадағалап отыратын. Екі немесе үш деген баға алсақ, бізді жаттығу залына кіргізбейтін. Ал қазір спорт арқылы білім алу деген принцип бұрынғыдай емес. Сондықтан бұл мәселені де көтеру керек. ММА индустриясының дамуы елімізде жаңа мамандықтардың қалыптасуына негіз болып жатыр. Бұрынғыдай заңгер, мұнайшы болғысы келетін жастар қазір аз. Олар өздерін жан-жақты дамытуды ойлайды. ММА спорты әлемдік деңгейде танымалдылығы жағынан үздік спорттық бестікке кіреді. Жастар халық арасында танымал спорт жұлдыздарына қарап бой түзейді. ММА жәй ғана спорт түрі емес, оның айналасында қаншама клубтар, промоушндер, мамандар жұмыс істейді. Қаншама спортшылар бар, олар жаттығу жасайды, шайқасады, ақша табады. Мұның бәрі индустрияны жасап отыр. Меніңше, алдағы 3-4 жылда біз мықты промоушндердің қатарына кіреміз. Нәтижесінде, елімізде жалпы спорттың танымалдылығы мен жастардың спортқа, әсіресе кәсіби спортқа қызығушылығы артады. – Бір файтердің гонорары қанша? Оның құны неге байланысты анықталады? – Әрбір жауынгердің әлемдік деңгейде өз рекордтары бар. Мысалы, бір жауынгерде 5 ұтыс және 1 жеңіліс болса, оның бесеуін қалай ұтқаны туралы мәлімет шығады. Naiza турнирінде шайқасатын жауынгерлердің гонорары 300 мың теңгеден басталады. Спортшы шайқастарын нокаутпен аяқтаған, өз елінде танымал болса, сәйкесінше, гонорары да жоғары болады. – Әзірге турнилердің бәрі Алматыда өтіп жатыр. Нұр-Сұлтанға қашан келесіздер? – Нұр-Сұлтанда келер жылы турнир өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін бас қалада барлық жағдай қарастырылған. Сондықтан, күтіңіздер. Нұрбек Қарабала

Бәсекелестік туралы қазақстандық лигалар ақша таба бастағанда ғана айтамыз

– «Вести спортқа» берген бір сұхбатыңызда UFC топтарымен шайқас өткізуге дайынбыз дедіңіз. Ол кімдер арасында болуы мүмкін? – Қазіргі таңда промоушнде 60-қа жуық жауынгермен келісімшартқа қол қойылған. Оның ішінде төрт салмақ бойынша чемпиондарымыз анықталған. Олар – Әліби Ыдырыс, Николай Самусев, Ильдар Құдайбергенов және қырғызстандық файтер Айжігіт Еркебайұлы. Сонымен қатар қазір жақсы рейтингте тұрған тәжірибелі спортшымыз Диас Еренғайыповты да атап өткім келеді. Ресейден, Өзбекстаннан, және басқа да ТМД елдерінен мықты жауынгерлер бар. Бұл ретте Naiza жауынгерлері UFC белбеуі үшін шайқаспаса да, сондағы жауынгерлермен төбелесуге дайын екенін айтқым келеді. – Қазақстандағы жалғыз лига емессіздер. Басқа промоушендермен өзара бәсекелестік бар ма? – Бәсекелестік туралы қазақстандық лигалар ақша таба бастағанда ғана айта аламыз. Сондықтан әзірге лигалар арасында бәсекелестік жоқ. ММА Қазақстанда бизнеске айналмайынша бәсекелестік жөнінде айтудың мәні жоқ. Айналдырған бес-алты лига ММА спортының дамуы жолында көп жұмыс істеп жатыр. – Naiza ұйымдастыратын турнирлерді отандық теледидардан көрсетпейді. Жарысты YouTube-тен ғана көріп жүрміз. Лига телевизияға шыққысы келмей ме? – Әрине шыққымыз келеді. Қазіргі таңда бірнеше телеарналармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ал, жалпы телевизия арқылы сапалы контентті халыққа көрсетуге дайынбыз. – Жоғарыда айтып кеткен чемпиондарға қандай үміт артасыз? – Бұл біріншіден спорт, екіншіден ММА оңай спорт түрі емес. Жауынгердің жасы мен тәжірибесі өте маңызды. Мысалы Николай Самусев, Әліби Ыдырыс және Айжігіт Еркебайұлы жас жігіттер. Олар әлі де ұзаққа шабады деп ойлаймын. Ильдар Құдайбергенов жасы жағынан олардан үлкендеу және біраз уақытын белгілі бір себептерге байланысты жоғалтып алды. Дегенмен, қарсыласына дес бермейді. Басқа салмақтарға келсек, осы жылдың соңында 77 және 84 келі салмақта чемпиондарды анықтасақ деп отырмыз. Ал, келесі жылы барлық салмақ бойынша чемпиондарды анықтайтын боламыз.  width=

Әлемдік деңгейдегі спортшылар – біздің елдің елшілері

– Спортты кәсіби бизнеске айналдыру мүмкін бе? – Әрине, мүмкін. Кәсіби бизнеске айналдыру басты мақсаттардың бірі. Оның үстіне тарихи аспекті тұрғысынан қарайтын болсақ, халыққа бұрыннан шоу және қарынның тоқтығы керек болатын. Бұл қажеттілік әлі де өзектілігін жойған жоқ. Халық қызыққан сайын бизнес те жүре бастайды. – Турнирлердің карды қалай құрылады? – Кардты құратын арнайы матчмейкерлер болады. Олар жауынгерлермен келіссөздер жүргізеді. Келіскен жағдайда шайқасады. Әрине, одан бөлек басқа да талаптар болады. Мәселен, жауынгерлердің рекордтары (көрсеткіштері), халыққа бұл екеуінің шайқасы қаншалықты қызық болатыны секілді мәселелер де маңызды рөл ойнайды. Турнирдің кардын команда болып ойластырамыз. Кейде белгілі бір себептермен, яғни денсаулыққа немесе ковид жағдайларына байланысты жауынгерлер кардтан шығып қалып жатады. Ондай кезде әрдайым қосалқы шешімдер дайын тұрады. – Кәсіби ММА индустриясын құру жастарға не береді? – Спорт арқылы біз ұлттық қаһармандарды тәрбиелейміз, өсіреміз. UFC-дің тәжірибесіне қарайтын болсақ, қазіргі таңда олардың жауынгерлерін әлем таниды. Хабиб Нұрмұхамедовтың басындағы папахасын, біздің Шавкат Рахмоновтың тымағын жанкүйерлері зерттеп, спортшының ұлтын, тарихын, дәстүрін тани бастайды. Елімізді таныту үшін көп нәрсе керек емес. Әлемдік деңгейге шыққан спортшылар, міне солар біздің елдің елшілері. Елдің имиджі үшін нағыз жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, спорттан тыс танымалдылығының арқасында бизнестерін бастап кеткендері қаншама. Ауылды жерде тұратын қазақтың балалары көп. Олар үшін спорт үлкен әлемге жолдама іспетті. Оның үстіне олардың көбісі талантты, еңбекқор. Өзіміз де ауылда теледидардан шайқастарды көріп өстік. Спортшылардың ту жамылып, ел намысын қорғап жатқанын көргенде, біз де сол күнге жетсек екен деген бала арман болды. – 2022 жылға қандай жоспар бар? – Жоспар көп. Келер жылы жиырмаға жуық турнир өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде он шақтысы іріктеу кештері болмақ. Сондай-ақ тағы бір мақсатымыз Қазақстандағы және Орталық Азия өңіріндегі ММА айналасындағы іс-шараларды жаңа белеске шығаруды көздейміз. Мықты команда құрдық, спорттық менеджментті дамыту үшін кәсіби жаттықтырушылар мен жауынгерлерден бөлек спорттағы заңнаманы бүге-шігесіне дейін білетін заңгерлерді, маркетологтарды, экономистерді, кеңесшілерді өсіріп жатырмыз.