Алматыда үй тонауға келіп, ерлі-зайыптыны атып кеткен қаскөй табылмай жатыр.
Алматыда ерлі-зайыптыны "электрик" атып кеткен: оқиғаның мән-жайы белгілі болды
Фото: polisia.kz
1,488
оқылды

Алматыда үй тонауға келіп, ерлі-зайыптыны атып кеткен қаскөй табылмай жатыр. Элита санатындағы тұрғын үй кешенінде бақылау камерасы толып тұрғанымен, біреуі де істемейді,   – деп хабарлайды Aikyn.kz.

КТК телеарнасының хабарлауынша, сондықтан да күдіктінің түр-әлпетін де дереу анықтау мүмкін болмаған. Ал қарақшыға қарсылық танытып, оқтан жараланған күйеуі мен әйелі қазір ауруханада жатыр. Бірнеше ота жасалып, жағдайы жақсарған.

Телеарна мәліметінше, қаланың жоғары бөлігіндегі тұрғын үй кешендерінің біріндегі оқиға жұма күні таңертең болған. Қара киініп, қаруланған ер адам пәтерге айламен кірген.

Болжам бойынша, күдікті пәтерге кірмес бұрын ішкі жарықты өзі өшірген. Содан кейін өзін "электрикпін" деп таныстырып, есікті аштырған. Полицейлер саусақ іздерін алды, оны қызыл бояудан байқауға болады. Оқиға орнынан түсірілген видеодан қабырғалардың тесілгенін, еден мен жиһаз қанға боялғанын байқаймыз.

"Үндемей кіріп келген. Бір соққан. Сөйтіп, жатқызған. Байлап жатқан кезде күйеуі шыққан. Сол кезде екеуі төбелескен, әйелі пышақ алып кетуге кеткен. Жәл сол сәтте үш рет атқан ғой. Мына жақта балалармен қар күреп жатқанбыз. Еркек "бізге шабуыл жасап жатыр" деп айқайлады. Біз жүгіріп бардық", - деді куәгерлердің бірі.

Тапаншаның оғы, көршілерінің айтуынша, 40 жастағы әйелдің кеуде тұсы мен білегіне, 39 жастағы күйеуінің қолына тиген. Екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізіліпті. Ер адамға бірден операция жасалып, аман қалды. Қазір оның жағдайы орташа деп бағаланып отыр. Енді әйеліне операция жасалмақ. 

"40 жастағы пациент №7 клиникада политравма бөлімшесінде стационарлық деңгейде емделіп жатыр. Сол жақ білек анотомиясын қалпына келтіру үшін ота жоспарланады", - деді №7 аурухананың бөлім меңгерушісі Рамазан Әскеров.

Тергеу мәліметінше, қылмыскер пәтерді тонамақ болған, бірақ жоспары іске аспай, қашып үлгерген.

Наурызбай ауданының Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғап, іздестіру шараларын жүргізуде. Алайда тұрғын үй кешеніндегі бейнебақылау камералары істемейді, сондықтан қылмыскердің қайда жасырынғаны белгісіз.

"Наурызбай ауданы ПБ қылмыстық іс қозғалды. Бұл қылмысты ашуға бағытталған кешенді тергеу, іздестіру жүргізілуде. Оқтан жараланған отағасы сақтандыру компаниясында жұмыс істейді екен. Ал әйелі үйде бала бағып отыр", - деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.