Ақмола облысындағы спорт мектеп-интернатында балаларға әлімжеттік көрсеткен
Ақмола облысындағы спорт мектеп-интернатында балаларға әлімжеттік көрсеткен
Сурет: Tengrinews.kz
646
оқылды

Степногорскте Бөгенбай батыр атындағы дарынды балаларға арналған спорттық мектеп-интернатында жоғары сынып оқушылары төменгі сынып оқушыларына әлімжетік көрсеткен. Әлеуметтік желілерде тарап кеткен видеоларда балалардың ақшасын тартып алып, өздерін ұрып-соққан, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары мен облыстық тиісті басқармалар оқу орнында тексеріс жүргізіп, тергеу амалдары басталған. Бейне кадрларда жасы үлкен балалар өзінен кіші балалардың ақшасын тартып алып, қорлағанын бейнекамераға да түсіріп тұрған. Оқиғаға қатысты облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы қызметтік тексеріс жүргізілгенін хабарлады.
«Спорттық мектеп-интернатында болған тәртіптің өрескел бұзылуына байланысты мектеп-интернаттың әкімшілігімен қызметтік тексеріс жүргізілді. Кінәлі спортшы-оқушылар мектеп-интернаттан шығарылды. Мұндай жағдайдың орын алуына жол берген қызметкерлерге мектеп әкімшілігі әкімшілік жаза қабылдаған. Барлық материалдар толық зерттелгеннен кейін кінәлілердің бәрі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады», - дейді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасынан.
Ал полиция аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жариялады.
«Степногорск мектеп-интернатында балалардың дене жарақаттарын салу фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 141-бабы «Балалардың өмірі мен денсаулығын қамтамасыз ету бойынша міндеттерін тиісті түрде орындамау» және 194-бабының 2-тармағы «Қорқытып алу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Алдын-ала анықталғанындай, 21 қазан күні дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған спорт мектеп-интернатында 8-сыныпта оқитын кәмелет жасына толмаған балалар 7-сыныптың екі оқушысына дене жарақаттарын салғаны анықталды. Мұны олар видеоға түсіріп алған», - дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптамасы тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы