Жұмысшылар мен науқастар қақпада қаңтарылып қалды
Қала тұрғыны Сергей Похомовтың жүрегінің сыр беріп жүргеніне біраз болған. Соңғы кезде қатты мазалап жүргендіктен, шұғыл түрде ота жасатуы тиіс болыпты. Емдеу дәрігері тез арада құжат жинап, еліміздің бас қаласына баруға кеңес берген. Алайда құжатын реттеу үшін емханаға ерте келгенімен, мына жағдайды көріп, науқастың одан сайын көңіл күйі түседі. Даурығып, айқай шығарғанмен, қолдан келер шара жоқ. Таңғы суықта дірдектеген емделушілер осылайша сағат 10-ға дейін сыртта жүреді. Науқастар мұндай өрескелдікке жол беріп отырған Денсаулық сақтау басқармасының басшылығына наразылығын да білдіріп жатты. Оқиға орнына жеткен басқарма басшысы мәселені 10-ға таяу реттеп, барлығы да жұмыс орнына жайғасты. Осындағы медицина саласының мамандары ғимарат иесіне қапалы. Табан астында айтылған шешімге наразы. «Мұндай маңызды шаруаны алдын ала 1-2 ай бұрын ескертуі тиіс», – дейді олар. Емханадағылар тіпті көшіп-қонудан шаршаған. Соңғы бес жылда үш рет қоныс аударыпты. Мұнда келгендеріне де небәрі 1 жарым жыл болған. Енді үйрене бастағанда тағы көшу кімге ұнасын?! Оның үстіне, қара басы емес, толып жатқан медициналық аппарат пен техникалар, құжаттарды ары-бері тасу, оларды орналастыру да біраз уақытты алады. №2 емхананың бас дәрігері Нұрбике Адимбаева «енді осылайша тағы ойда-жоқта ғимараттан шық дейтін болса, қарсылығымызды білдіріп, құзырлы органдарға шағымданамыз», – деп отыр. Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов нысанның сенімгерлік басқаруға өткенін бір күн бұрын ғана естігенін жеткізді. «Барлығы заңды. Бастысы, халыққа қолайлы жағдай жасалады. Науқастар да, ұжым да түгел осында қала береді. Бұл емхананың бұрынғы отырған орны өте ескі еді. Қондырғылары, керек-жарағы болмаған. Сол үшін біз 17 түрлі талабымызды қоя отырып, аталған емхананың жағдайын жақсарту мақсатында сенімгерлік басқаруға беруге ұсынғанбыз. Бірақ басқа жеке компания ұтып алған», – деді басқарма басшысы. Алайда қалалық емхананың сенімгерлік басқаруға берілуі жергілікті халыққа ұнап отырған жоқ. Олар жекенің қолына емес, бұрынғыша мемлекеттік емхана болып қалғанын қалайды.Сенімгерлік басқаруға алған компания нені мойнына алмақ?
Айта кетейік, ресми мәліметтерге сүйенсек, №2 емхана жалпы ауданы 3832,7 шаршы метрді құрайтын үш бейімделген 2-3 қабатты стандартты емес ғимараттарда орналасқан. 1960 жылы салынған Абай даңғылы №35 үйдегі және 1938 жылы салынған Абай даңғылы №16 үйдегі ғимараттардың 100 пайыз тозығы жеткен екен. Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Жалдамалы ғимаратта орналасқан емхана 60 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Материалдық-техникалық базамен жабдықталуы 74 пайызды құрайды. Алайда жабдықтардың 80 пайызға жуығы ескірген. Сондықтан Шымкент қаласының әкімдігі емхананы соңғы үлгідегі диагностикалық және функционалдық медициналық құрылғылармен жабдықтау қажеттілігін ескере отырып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес 15 жылға сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру үшін конкурс өткізген. Басқарма басшылығы сенімгерлік басқаруға беру арқылы емхананың компьютерлік томографиямен, магнитті-резонансты томографиямен, флюроскопиялық аппараттармен, барлық датчигі бар ультрадыбыстық, маммографиялық аппараттармен және жоғары сапалы талдаулар жүргізуге арналған бірқатар соңғы зертханалық диагностикалық құрылғымен, жаттығу терапиясымен қамтылу мүмкіндігі бар екенін айтады. «Емхана мемлекеттік емес сектордағы сенімгерлік басқаруға берілгенде медициналық көмек сапасы артып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмек те айтарлықтай жаңаруы тиіс. Жаңа медициналық технологиялар мен инновациялардың трансферті, операциялық және стратегиялық басқару сапасын арттыру нәтижесі күтіледі. Медицина қызметкерлерін ынталандыру деңгейі артады деп сеніп отырмыз. Оларды жетекші шетелдік сарапшыларды тарта отырып, біліктілігін арттыру курстарына қатысуын, қазақстандық және шетелдік медициналық ұйымдарда тағылымдамадан өтуін, шеберлік сабақтарын өткізу арқылы дәрігерлер мен медбикелердің кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыруы міндеттелген», – дейді басқарма басшылығы. Сондай-ақ қазір тендер жеңімпазы емхананы қабылдап алу бойынша шаралар қабылдап жатыр. Жалға беруші жағдайды түсінбей, емхана жұмысын шектеп тастаған. Енді емхананы сенімгерлік басқаруға алған тендер жеңімпазы бейіні мен штаттық кестесін сақтай отырып, аталған шарт бойынша барлық міндеттемені өз мойнына алмақ. Шарт жасалған сәттен бастап емхананың барлық міндеті сенімгер басқарушыға жүктеледі. Басқармадағылар сенімгерлік басқаруға алған компания осындай талаптарды орындайды деп нық сеніммен отыр.Шымкенттік медицина нысандарын жөндеуге миллиардтар бөлінеді
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 13 мемлекеттік емхана, №2 қалалық аурухана алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік 3 аурухана бар. Басқарма мамандары жыл сайын тозығы жеткен ғимараттарға жөндеу жұмыстарының жасалып тұратынын айтады. Ал «Шымкент» ӘКК медициналық ұйымдарға арналған жаңа ғимараттар салу үшін инвесторлар тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді. Биыл ешқандай жаңа медициналық ғимарат салынбаған. Дегенмен қалалық перзентхананың ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары үшін жалпы 1,7 млрд теңге 2 жылға қаралған. Оның биыл 178 млн теңгесі бөлініпті. Одан басқа, 5 медициналық ұйым ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптама жүргізу үшін ақшалай қаражат қаралған. Осы тұста айта кетейік, байқағанымыздай, Шымкенттік медицина мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстары үшін миллиардтар қаралатыны таңғалдырып отыр. Мәселен, жоғарыда атап өткендей, перзентхананың күрделі жөндеуі үшін 2 миллиардқа жуық қаржы қаралса, №2 қалалық аурухананың жөндеу жұмысына (фосфор ауруханасы аталып кеткен) 3,8 млрд, яғни 4 миллиардқа жуық қаржы бөлінген. Мамандар осы қаржыға бір емес, екі аурухана салуға болатынын айтып шырылдап жүр. Тіпті, осы ауруханаға кеткен шығын бойынша бүгінде дау басылмай келеді. Ал сенімгерлік басқаруға келетін болсақ, бұл мәселеде соңғы кездері жеке тұлғаның қызығушылығы басым болып тұр. Кейбір мемлекеттік органдар да соңғы кезде белгілі бір нысанды миллиардтаған қаржыға салып, оны күтіп-баптап отыра алмаймыз деген сылтау-себептермен жекеменшікке бірнеше талаппен беруді әдетке айналдырды. Алайда, өкінішке қарай бәріне «ләббай» деп келісімшартқа отырып алған сенімгерлік басқару иесі сәл уақыттан соң талаптарды орындамай, қызметкерлердің наразылығын тудырып жүр. Дәл осыған ұқсас жағдайлар бірнеше жерде қайталанып келеді. Мүмкін, осыған бір нақты ұстаным енгізілуі қажет шығар...Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы