Беласу: дамудың келесі кезеңі
Беласу: дамудың келесі кезеңі
566
оқылды
Ағылшын тілінде milestone деген ұғым бар. Қысқа мағынасы – белгілі бір процестің дамуындағы маңызды әрі өзекті кезең. Бұл термин жобаны басқару (Project Management) саласында да кең қолданылады. Бел­­асу деп тәржімалауға келетіндей. Егер өткен күндерге көз тастасақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік басқару мерзімінің бел ортасына келіппіз. Ел сенімі артылған 5 жылдық уақыттың 2,5 жылы артта қалды. Біз президенттік кезеңнің келесі milestone-ы немесе беласуы­ның алдында тұрмыз деуге болады. Неге? Мәселе тек жарты мерзім­нің артта қалуында емес. Пандемия әлемді, адамзатты, Қазақстанды өзгертті. Енді кәдуілгі, дәстүрлі ел басқару әдістері нәтижесін бермеуі мүмкін. Постпандемия дәуірінде кре­ативті, жылдам, нақты дерекке негізделген, стратегиялық шешімдер қажет. Сонымен, осы қысқа мер­зімде біз қандай жолды жүріп өттік? Келешекте жоғарыдағы та­лап­қа сай келеміз бе? Қазақстан тарихындағы екінші Пре­зиденттің қызметі осыншалық сын-тегеуріннен басталады деп кім ойлапты? Арыс, Жамбылдағы жарылыстар, Мақта­аралдағы су тасқыны, этникалық жанжал, коронавирус пандемиясы, дәрі тапшы­лығы, экономикалық қиыншылықтар және тағысын тағы. Алайда жұмыла көтерген жүк жеңіл. Аталған сынақтардан еліміз аман өтті, еңсесі түскен жоқ, ер­теңге сенімі жоғалмады. Оған себеп көп. Қиындықтар елді жұмылдырды әрі Президент тарапынан ұтымды шешімдер қа­былданды. Міне, сол шешімдерді талдап көрсек.

Саяси өзгеріс – уақыт талабы

БҰҰ-ның Бас ассамблеясында сөй­леген сөзінде Қ.Тоқаев «Тұрақты даму экономикалық өсімге ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік және саяси дамуға да байланысты» деген еді. Бұл – кеше ашылған жаңалық емес. Ғасырлар бойы Еуропа елдерінің дамуынан туған аксиома. Неге? Өйткені саяси жүйе либерализацияланбаса, жабық әрі қатаң режимде қала бер­се, елді жемқорлық жайлайды, халықта құқықтық нигилизм туады, абсентизм орнайды. Бұл өз кезегінде экономикалық өсімді тежейтіні хақ. Осы себепті саяси ашықтық – стратегиялық талаптың бірі. Ал интернет пен әлеуметтік желі кең тара­ған заманда мұны жоққа шығару мүмкін емес. Бәлкім, осы себепті Президент бастама еткен алғашқы өзгерістердің басым бөлігі саяси-құқықтық жүйені жетілдіруге бағытталды. Митинг туралы, парламенттік оппозиция туралы жаңа заңды даяр­лауға, Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сін құруға, «Жала жабу туралы» бапты Қылмыстық кодекстен алып тастауға, саяси партияларды тіркеу талаптарын жеңілдетуге, партиялық тізімде әйелдер мен жастарға арнайы квота бөлуге, ауыл әкімдерін сайлауды өткізуге тапсырма беруі саяси реформалардың негізгі бө­лігін құрады. Егер бұл өзгерістерді бейтарап тұрғыда бағаласа, олар саяси жүйенің бірнеше секторын қамтығанын байқаймыз. Яғни, партиялық жүйе, парламенттік жүйе, жер­гілікті өзін-өзі басқару жүйесі, азамат­тардың өз ұстанымын жариялау және оны қорғау құқығы, тағы басқа салалар. Ең бастысы, аталған жаңа заңдар тұрғындар­дың өмірін, қоғамдағы белсенділігін шынайы өзгерте бастады. Бір ғана ауыл әкім­дерін сайлау құқығы аймақ тұрғын­дарына біраз мүмкіндік бергенін айта кеткен жөн. Олар тек ауыл әкімін сайлап қана қойған жоқ, сондай-ақ енді өз елді мекеніне бұрынғыдан да жауапты бола бастады. Биыл жазда өткен ауыл әкім­дерінің сайлауында жеңіске жеткен әкімдердің 51 пайызы жаңадан сайланған­дар екен. Яғни, менің дауысым ештеңе өзгертпейді деген қасаң түсінік қалып барады. Ауыл тұрғындары жаңа азаматтарды таңдаған. Оған қоса, әкімді сайлау ісі бүгінгі жаңа­шылдық емес. Елбасы Н.Назарбаевтың 2016 жылы «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында көрсетілген реформа­лардың жалғасы деп түсінуге болады. Себебі онда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдірудің бір әдісі ретінде әкімді сайлау мен жергілікті бюджетті қалыптастыру көрсетілген. Әрине, пандемия саяси реформаларды біршама тежеп қойғанын байқадық. Алайда қоғамның саяси өмірі өзгере бастады. Мәселен, бұрындары әкімдік қыз­мет­­керлері «саяси қатер», «рево­люция­ның ұшқыны» деп бағалайтын қарапайым митингі қазір жаңа заң қабылданған соң еліміздің кез келген қаласында биліктің рұқсатынсыз өткізуге болады, тек алдын ала ескерту қажет. Мәселен, жақында ғана тіркелген «Ел тірегі» партиясының жақ­тастары елорда мен Алматыда кезекті митинг ұйым­дастырды. Бүгінде бұл күн­делікті көп шараның бірі сияқты естіледі. Жалпы, аталған өзгерістер аза­маттық қоғамның дамуына жағдай жасауы тиіс. Яғни, тек алғышарттарын түзеді, ал берілген мүмкіндікті одан әрі тиімді пайдалану азаматтардың өзіне тікелей байланысты.

Бақуатты өмір бүгін басталуы тиіс

Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толып, жаңа мемлекет құрылды десек те, әлі де Кеңес кезеңінің көп «мұрасы» толық шешілген жоқ. Тізбектесек, ол тізім ұзын сонар болары анық. Кедейлік, баспана тапшылығы, моноқалалар, ин­фра­­құрылым­дардың ескіруі және басқа­лар. Дегенмен көне түйткілдер жаңа ше­шімдерді талап етеді. «Кезекке тұр, уақытың жеткенде жарылқаймыз» деген Үкіметтің дәстүрлі жауабы бүгінде көпшілікті қанағаттандырмайды. Әлеу­меттік проблеманы нарық әдісімен шешетін мүмкіндік керек. Оған қоса, азаматтар ертең, келешекте емес, дәл бү­гіннен бастап жақсы, лайық өмір сүргісі келеді және бұл – табиғи қажеттілік. Осы себепті Президент Тоқаевтың әлеуметтік мәселерді шешудегі біршама бастамасы проблемалардың түйінін толық тарқатып жібермесе де, көп азаматты несие құлдығынан, баспанасыз көшпенді өмірден, кедейліктің қамы­тынан құт­қар­ды деуге болады. Ең бастысы, бұл шешім­дердің нәтижесі ұзақ­мерзімді, бүгін кө­рініп, ертең естен шы­ғатын популистік қадам емес. Себебін тарқатайық. Ең алдымен, несие амнистиясын алайық. 250 мыңнан аса адамның 300 мың теңгеге дейінгі несиесі бюджет есебінен кешірілді. Оған қазынадан бақандай 105 млрд теңге бөлінді. Бұл Жарлыққа күмән келтіргендер де аз болған жоқ. Себебі «біреудің ұялы телефонға, үтікке алған несиесін мен неге өз салығымның есебінен өтеуім керек» деген пікірлер жиі айтылды. Орынды аргумент. Алайда бұл бір реттік шешім еді және жұрт масыл­дыққа бой үйретпеуі үшін банктерге төлем қабілеті төмен кісілерге несие беруге де тыйым салынды. Яғни, бей­берекет несие таратуға шектеу қойыл­ды. Бұл әлсіз топтарды қарыз батпағынан шығып, тұрмысын түзеуге ықпал етті деуге болады. Оған қоса, несие амнистия­­сы әлемде кең тараған тәжірибе. Мәсе­лен, Ирландия (1992ж.) Корея (2013ж., 2017ж.), Грузия (2018ж.), Әзер­байжан (2019ж.), Исландия (2007ж.), Ұлы­­бри­тания (2008ж.) өз уа­қытында дәл осы­н­дай ше­шім қабылдаған.
Қазақстан тарихында алғаш қабыл­дан­ған ерекше әлеуметтік шешімнің бірі – зейнетақы жинағын баспана алу үшін шешуге рұқсат беру (кейін өзге де мақ­саттар қосылды). Аталған Жарлыққа тағы да күмән келтірген қаржыгерлер болды. Себебі олар азаматтар зейнетақы жина­ғын бүгін жұмсап, қартайған ша­ғында қаражатсыз қалып кетуі мүмкін деп алаңдады. Мұндай тәуекелді де жоққа шығаруға болмайды. Оған қоса, баспана нарығында баға өсуі мүмкін еді.
Дегенмен 2021 жылы жарияланған баспананың қолжетімділігі рейтингінде Қазақстан 109 елдің арасында 35-орынды иеленді. ТМД елдерінің алды. Алайда бұл көрсеткішке тоқмейілсуге болмайды. Көп отбасыларға баспаналы болу үшін қара­жат жетпейді. Азаматтар 30-35 жасқа кел­се де, «өз үйі – өлең төсегіне» жете ал­май­ды, алайда 10-15 жыл қызмет қы­лып, біршама зейнетақы жинағын топ­таған. Президент сол ақшаны үй алуға рұқсат беру арқылы 470 мыңдай адамның баспаналы болуына жағдай жасады. Осылайша, зейнетақы қорындағы 2 трлн теңгеге жуық қаражат нарыққа шықты. Әрине, ол да түрлі биз­нестің жандануына ықпал етеді. Сондай-ақ 55 мыңдай адам 50 млрд теңгеге (жи­нақтан) емделу мүм­кін­дігіне ие болды. Бұл нені көрсетеді? Мыңдаған адам «жар­қын болашақ», «алаңсыз өмір» деген мақ­сатын жылдар бойы күтпей 2021 жылы-ақ оған қол жеткізді. Себебі зейнетақы жинағы өзінің адал ақшасы. Денсаулығын түзеп, үйлі болғандардың тұрмысы да түзеледі. Бұл алаңсыз қарттыққа, зейнеткерлікке апарар жол. Яғни, Президенттің аталған Жарлығы бүгіннің ғана емес, келешектің де әлеуметтік мәселесін шешуге жағдай жасады.

Онжылдықтың басты күресі

Әр он жыл сайын әлемде дағдарыс қай­таланады деген ұғым бар. Дүние тари­хының даму спиралі соны көрсетеді. Бұл рас па, жоқ па, белгісіз. Жаһанды дүр сіл­кіндірген 2008 жылғы қаржы дағда­рысы мен коронавирус пандемиясы бас­талған уақыттың арасы – 11 жыл. Бірақ «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, 2019 жылы тарай бастаған эпидемия әлем бұрын-соңды көрмеген дағдарыс әкелді. Бүгінге дейін дүниежүзі бойынша 251 млн адам аталған кеселді жұқтырып, 5 млн-ға жуығы одан көз жұмды. Бұл тек тіркелгендері. Жалпы, пандемия әлемдік эко­­номикаға 4 триллион доллар шығын әкелді деген дерек бар. Кесапат Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Талай адам ауруға шалдықты, қайтыс болды, дәрі-дәрмек, ауруханада орын жетпеді. Кейбірі әлі де аурудың салдарымен күресіп келеді. Пандемия біздің қоғамның сан алуан кемшілігін көрсетті. Кеселмен күресуге бөлінген ақшаны жымқырғандар да табылды, отандық медицина, фармацевтика қуатты емес екен. Онлайн білімге дайын болмай шықтық. Дегенмен мұндай қысылтаяң сәтте мемлекет басшылығы қате жіберуге құқығы жоқ еді десек, артық емес. Себебі инфекцияның таралуын шектеу үшін әр күнді тиімді пайдаланып, ұтымды әрі жылдам шешімдер қабылдау талап етілді. Сондықтан да Президент Тоқаев ел тарихында алғаш рет республика көлемінде төтенше жағдай жариялады. Үкіметтің барлық жұмысын үйлестіру үшін Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Ауруды ауыздықтау үшін бірден қалалар арасына блок-бекеттер қойылды, оқу процесі онлайн режимге ауысты, әуе, теміржол қатынасы тоқтатылды. Көше­дегі ретсіз серуенге, той-томалаққа тыйым салынды. Жұмыссыз қалған азаматтарды қаржылай қолдау үшін 42 500 теңгеден жәрдемақы үлестірілді. «Nur Otan» партиясы өз атынан бөлек көмек қорын ұйымдастырды. Мұқтаж жандарға азық-түлік, басқадай материалдық көмек көрсетілді. Әрине, өзіңді өзгелермен салыстыра беру психологиялық ком­плекстің белгісі болар, бірақ кейде жағдайды сараптау үшін салыстыру қажет-ақ. Мә­селен, Орталық Азияның басқа елдерінде Қазақстандағыдай бюджет есебінен қол­дау көлемі болған жоқ. Айталық, көрші қырғыз елінде пандемия барысында үкіметтің әлеуметтік функциясын кейде волонтерлер, тіпті ұйымдасқан қылмыс­тық топтар да атқарған кездер болды. Қалай десек те, мұның барлығы уа­қытша шара екені, эпидемияны тоқта­тудың негізгі жолы жаппай вакцинация екені белгілі еді. Осы себепті Мемлекет басшысы сол кездегі қолжетімді вакцина ресейлік «Спутник V»-ті елімізге көп көлемде жеткізіп, отандық екпені жасап шығаруға пәрмен берді. Кеше ғана ауруханада орын таппай, дәрі тапшы болған елдің медицинасы қауіпті инфекцияға қарсы вакцина жасап шығара алады дегенге сенетіндер аз еді. Алайда 1 жыл мерзімде отандық QazVac дүниеге келді. Бүгінде Қазақстанда алты бірдей вакцина тіркелді, соңғысы Pfizer өнімі күні кеше елге жеткізілді. Осылайша, 2021 жылдың қараша айының ортасында 8,4 млн халық осы екпенің бірін салғызды. Бұл – халық­тың 44 пайызы. Әрине, бұл Еуропа елдеріндегідей 70-80 пайыздық көрсеткіш емес. Дегенмен «мұсылман болу әсте-әсте» демекші, ол межеге де жетерміз. Бұл тұста 8 млн халықты вакциналау оңай болмағанын, билік өзінің әкімшілік ресурстары арқылы табандап талап қой­ғанын, антиваксерлерге қарсы тойтарыс беруіне тура келгенін айта кеткен жөн. Осы шаралардың арқасында 10 қараша күні Қазақстан «жасыл аймаққа» көшті. Яғни, коронавирусқа қарсы кешенді қадамдар нәтижесін берді деген сөз.

Келешекке тың көзқарас

Сөз басында постпандемия дәуірі мемлекеттік менеджментті өзгерте бас­тағанын айттық. Енді ескі әдістер тиімсіз болуы мүмкін. Жұрт онлайн өмірге бой үйретті. Оған қоса, шешімдер үлкен деректерге (Big Data), жасанды интеллектің (AI) жұмысына негізделмесе, әдеттегі «болашақта тұрмыс түзеледі» деп жалпылама мақсат қою енді жарамайды. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен былтыр Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік пен Реформалар жөніндегі жоғары кеңес құрылды. Бұл бастамалар экономикалық, әлеуметтік, саяси реформаларды терең­дету және мемлекеттік жоспарлау саласына стратегиялық көзқарас (strategic vision) қажет екенін көрсетті. Агенттік биыл Президент тапсырмасымен 10 ұлт­тық жобаны ұсынды. Олар білім, бизнес, медицина, экология, қауіпсіздік, цифрландыру және басқа да бағыттарды қам­тиды. Ұлттық жобалар бұған дейін жылдар бойы қолданыста болған мемлекеттік бағдар­лама­ларды алмастырады. Олардан ерекшелігі де бар. Негізгісі – ұлттық жобалар сандық көрсеткішке емес, адамға бағытталған. Яғни, бұрынғыдай мақсат бір саланы пәленше пайызға дамыту емес, адамның әл-ауқатын, адами капиталын арттыру. Мемлекеттік бағдар­ламаларды бағалау жұмыстары, Есеп комитетінің тексерістері көптеген инди­катордың орындалмай келе жатқанын көрсеткен. Ал ұлттық жобаларды бағалау әдістері басқаша. Әрине, кейде Үкіметтің бастамалары «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарадының» кебін киіп, жарнамасы нәтижесін басып озып жатады. Алайда бұл жолғы ұлттық жобалар ескі қателіктерді қайталамас деген үміт бар. Пандемия бізді көп нәрсеге үйретті. Соның бірі – қоғамды цифрландыру саласында кенжелеп қалғанымыз. Дегенмен 1 жылда біраз сала онлайн режимге жылдам ауысты. Бұған дейін дәрігерге жазылу, оқушының тапсырмасын тексеру, онлайн сабақ оқу жолға қойыла бастаған еді. Енді мемлекеттік қызмет саласының кезегі келді. eGov порталын жетілдіру міндеті тұр. Алайда бұл функцияны 500 млн долларға ресейлік «Сбер» компаниясына беру туралы келісім қоғамда қатты сынға ұшырады. Себебі қазақстандықтардың жеке деректері Ресейге өтіп кетуі және Мәскеуге техно­логиялық тұрғыда тәуелділік туындауы мүмкін деген алаңдаушылық мол. Иә, АҚШ-тың сайлау жүйесіне хакерлері арқылы араласты деп айып тағылған Ресейден көп нәрсені күтуге болады. Алайда цифрландыру арқылы мемлекеттік қызметті жетілдіру, деректерге негізделген шешім қабылдау, адами фактор мен шығынды азайту деген игі идеялар болашаққа апарар жол екені анық. Бұл – Президент Тоқаевтың тапсырмасы.

Алтын Орда мұрагері

«Өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі, өткенін еске алған – өскендіктің белгісі», – дейді қазақ. Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды десек те, Дешті Қыпшақ даласы ұлы қағанаттар мен хандықтардың ізі қалған кеңістік екенін жадымызда сақтауымыз қажет. Елбасы Н.Назарбаев­тың «Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ» дегені де бекер емес. Талай империяның түбіне жеткен көшпенділер армиясы Тұран даласының қорғаны еді. Соның бірі – Бату хан негізін қалаған Алтын Орда бүгінгі Қазақстанның ататегі, протомемлекеті екені тарихи факт. Алтын Орданың алып территориясы қазіргі республикамыздың жерінде жайылып жатты. Бүгін осы тарихи мұрамызды қайта зерделеп, жаңғырту – аса маңызды миссия. Бұл халықтың рухани өрлеуіне, жас ұрпақтың қалыптасуына оң әсерін тигізері хақ. Осы мақсатта Президент Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдығын өз дең­гейінде атап өтуге себепші болды. «Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институтын» ашуға тапсырма берді. Алтын Орда мемлекеті туралы жаңа зерттеулерге мемлекеттік қолдау көрсетіліп, іс-шаралар ұйым­дастырылады. Ал биыл қазан айы­ның соңында Алтын Орданың астанасы болған Сарайшық қаласы қоныс тепкен Атырау жерінде «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» халықаралық конференциясы өтті. Бұл нені көрсетеді? Постпандемия кезеңі шұғыл экономикалық, әлеуметтік, тіпті саяси дамуды талап етсе де, халықтың рухани кемелденуін ұмытуға болмайды. Елдің тарихи мұрасын тың деректермен бекемдеп, халықтың жадында жаңғырту күн тәртібінен түспейтін миссия.

Сөз соңында...

Әр мемлекеттің өз даму кезеңдері болады. 2019 жылғы 19 наурыз Қазақстан үшін сындарлы сәт еді. Кейінгі 2 жылдай уақытта мемлекет басшылығында Елбасы Н.Назарбаевтың ұстанған саясатының сабақтастығын сақтап, жалғастыру және эпидемияны ауыздықтап, экономикалық өсімді төмендетпеу міндеті тұрды. Аталған міндет абыройымен атқарылған соң енді постпандемия дәуірінде республиканы келесі беласу күтіп тұр. Бұған дейін Президент Тоқаев басшылығымен жүргізілген реформалар, стратегиялық шешімдер жүзеге асырылатын кезең келе жатыр. Ол – президенттік 5 жылдық уақыттың екінші бөлігі әрі Қазақстан дамуының келесі кезеңі.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА