40-50 мың жалақы алатын орманшылар шаруа қожалықтарына кетіп жатыр
40-50 мың жалақы алатын орманшылар шаруа қожалықтарына кетіп жатыр
302
оқылды
Орманшылардың жалақысы өте аз. 40-50 мың теңге көлемінде алады. Бұл туралы ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ділдәбек Оразбаев Өскемендегі ақпараттық орталықта өткен брифингте айтты.
«Мұндай жалақыға кім тұрақтайды? Мәселен, шаруа қожалықтарында 140-150 мың теңге төлейді. Содан да болар, кейбір мамандарымыз сол жаққа кетіп жатыр. Дегенмен де бұл мәселе қазір министрлікте қаралып жатыр» деді инспекция басшысы.
Брифингте Президенттің 2 миллиард ағаш отырғызуға қатысты тапсырмасының Шығыс Қазақстанда қалай орындалып жатқаны жайында да айтылды. Инспекция ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 5 жыл көлемінде (2021-2025) облыста жалпы ауданы 40,6 мың гектарға 196,8 миллион ағаш көшеттерін отырғызу жоспарлануда. ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты 13 орман шаруашылығы 15 мың гектарға 76 миллион, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» 25 400 гектарға 120 миллион, 600 мың дана, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 198 гектарға 792 мың дана ағаш көшеттерін егуді межелеп отыр.

Азамат Қасым, Шығыс Қазақстан облысы