Баспанамен бірге Отанды тұрғыздық
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, республикамыз тәуелсіздік алғалы, яғни 1991-2019 жылдар аралығында барлығы 154,4 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды. 1,4 миллионнан астам азаматтың тұрғын үй жағдайы жақсарды. Бұған қоса, 2020 жыл қорытындысында – 15,3 миллион, ал 2021 жылғы қаңтар-тамыз аралығында, яғни 8 айда 8,9 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй іске қосылды. Осылайша, 30 жылдықта ел игілігіне табысталған баспананың жалпы көлемі 180 млн шаршы метрге жуықтады. Салыстыру үшін айтсақ, 80-жылдары одақ көлемінде «Баспана-91» деген «болашаққа бағдарланған» бағдарлама жүзеге асырылды. Республикамызда 1970 жылдардан бастап жыл сайын әрі кеткенде 6 миллион шаршы метр тұрғын үй салынатын. Ал 1985 жылдан кейін көрсеткіштер шамалы жақсарды: 1986 жылы – 6,8, 1987 жылы – 8,3, ал 1988 жылы рекордтық 8,8 млн шаршы метр баспана қолданысқа берілген. Қазір бұл көлемді тәуелсіз Қазақстан жарты жылда салады. Оның үстіне, Кеңес кезінде тіпті саманнан соғылған, бірер жылдан соң жерге сіңіп, апатты күйге жететін жертөле үйдің өзі санатқа қосылушы еді. 30 жылда 180 миллион шаршы метрдей тұрғын үйдің тұрғызылуы көп пе, аз ба? Мұны да салыстырудан байқаймыз: Қазақстанда бодандық заманында салынған барлық баспана көлемі 209 млн шаршы метрге әзер жеткен. Басқаша айтқанда, патша және Кеңес өкіметі ғасырлар бойы жүргізген баспана құрылысын Қазақ елі тәуелсіздіктің 3 онжылдығында-ақ еңсеріп тастады. Амандық болса, тәуелсіздіктің алдағы онжылдықтарында, әсіресе өңірлерде қарасы қалың «хрущевкалар», «ленинградтық үйлер» және басқа да апатты жағдайға таяп қалған ескі тұрғын үйлер тегіс бұзылып, орнына жаппай заманауи тұрғын алаптары мен жаңа шағынаудандар тұрғызылады деген үміт бар. Бүгінде республика бойынша тұрғын үй қоры 388,5 миллион шаршы метрді құрайды. Барлық тұрғын үй саны 2,5 млн бірліктен асады, оның ішінде 350 мыңдайы – көппәтерлі тұрғын үй. Қалған 2 миллионнан астамы – жеке тұрғын үйлер. Әйткенмен, ауыл-аймақта көпқабатты тұрғын үйлердің басым көпшілігі – ескі үйлер. Нақтылай кетсек, 1970 жылға дейін 121 234 көппәтерлі тұрғын үй (КПТҮ) салынған. 1971 жылдан 1980 жылға дейін – 68 812, 1981 жылдан 1990 жылға дейін 68 345-і бой көтерген. Басқалары тәуелсіздік жылдарында пайда болды. Қазір еліміз бойынша 18,1 мың КПТҮ күрделі жөндеуді талап етеді. Мемлекеттің тұрғын үй бағдарламалары да осындай үйлердегі қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталады. Қалай болғанда, қазақстандықтардың баспанасыздық мәселесінің шешіліп, үйге ие болуымен бірге олардың бойындағы отаншылдық сезімі күшейді, болашаққа деген сенімі нығайды.Сала даму тарихының тағылымы
Бір ерекшелігі сол, Қазақстан тек халықтың әлеуметтік аз қорғалған жіктері үшін емес, сондай-ақ орташа ауқатты азаматтар үшін де тұрғын үй салуды ынталандыру шараларын қабылдады. 2005-2007 жылдары мемлекеттік тұрғын үй құрылысының бірінші бағдарламасы іске асырылды. Ол коммуналдық тұрғын үй және қолжетімді баспана құрылысына бағдарланды. Балалы жас отбасыларға, меморгандар мен меммекемелердің қызметкерлеріне, әлеуметтік сала қызметкерлеріне басымдық берді. Осы жылдары қаржыландырудың барлық көзінен тұрғын үй құрылысына 1 триллион 113 млрд теңге инвестиция бағытталды. Жоспар бойынша 15,8 млн шаршы метр салынуы керек болса, іс жүзінде 17,9 млн шаршы метр пайдалануға берілді. Осы бағдарлама аяқталған соң саладағы саясат 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында жалғасты. Онда басым санатқа жатқызылған, үй кезегінде тұрған аз қамтылған азаматтарға мән берілді, сонымен бірге бюджеттік қарызды пайдалана отырып, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы азаматтардың басым санаттарын кредиттеу шаралары қолға алынды. Аталған кезең қорытындысында 19,7 миллион шаршы метр тұрғын үй іске қосылған. Экономикалық дамуға да серпін берген тұрғын үй құрылысының қарқыны мен ауқымын сақтау, жеке инвестицияларды тартуды ынталандыру, тұрғын үй құрылыс жүйесінің әлеуетін неғұрлым кеңінен пайдалану мақсатында «Тұрғын үй құрылысының 2011-2014 жылдарға арналған» бағдарламасы бекітілді. Жаңа бағдарлама жаңа тетіктерді енгізді: арасында «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» арқылы сата отырып, жергілікті әкімдіктердің несиелік тұрғын үй салуының жаңа схемасы, жеке тұрғын үй салу ісін дамыту, комбанктерді қорландыру арқылы коммерциялық тұрғын үй секторын қолдау, тұрғын үйге қолжетімділікті арттырудың басқа бағыттары болды. Нәтижесінде, тек 2011 жылы 6,5 млн шаршы метр баспана берілді. 2012 жылы 7 міндетті қатар шешуге бағытталған «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламалық құжаты әзірленді. Онда толыққанды әрі теңгерімді тұрғын үй нарығын құру, жеке инвестицияларды тарту және МЖӘ тетігін ынталандыру, жер телімдерін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамту, азаматтардың өз бетінше үй салуына жәрдемдесу, апатты тұрғын үйлерді бұзу, азаматтардың тұрғын үй кооперативтерін, жеке құрылыс салушыларды қолдау, құрылыс индустриясын дамыту көзделді. Бұл бағдарлама құрылыс пен құрылыс материалдары өндірісін қатар өркендетуге ықпал етті. 2012-2014 жылдары 19,5 млн шаршы метр жоспарланса, іс жүзінде 21 млн шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне табысталды. Осыдан кейін Елбасының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы аясында өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамытуға, экономикалық өсу орталықтарында халық пен капиталды шоғырландыруға бағытталған «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы бекітілді. 2013-2015 жылдары салаға құйылған инвестиция көлемі 497,8 млрд теңгеден 740 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл Қазақстандағы жалпы тұрғын үй қорын 340,6 млн шаршы метрге дейін ұлғайтты, 24 млн шаршы метр жаңа баспана қатарға қосылды.Азаттықтың игіліктері ауқымды
Дағдарысқа қарсы күрес міндеттерін іске асыру мақсатында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мембағдарламасы әзірленіп, бекітілді. Соның арқасында баспана және инфрақұрылым салуға енді Ұлттық қор қаражаты тартылды. 2015-2016 жылдары 19,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ізінше, Елбасының тапсырмасымен, тұрғын үй құрылысы саласындағы барлық ресурсты бір бағдарламада шоғырландыру мақсатында 2017-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жер» атты инфрақұрылымдық даму мембағдарламасы өмірге жолдама алды. 2017-2018 жылдары оның аясында елде 36,8 миллион шаршы метр жаңа баспана бой көтерді. Шамамен 333 мың азаматтың тұрғын үй жағдайы жақсартылды. Бұл – Қазақстан тарихындағы жаңа рекорд. 2019 жылы жалпы көлемі 13 млн 133 мың шаршы метр немесе 2018 жылғыдан 104,9%-ға көп көлемде тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның басым бөлігі – 11 млн 268,9 мың шаршы метр немесе 85,8%-ы жеке инвесторлар және сатып алушы азаматтар қаражаты есебінен салынған. Кейін «Нұрлы жер» бағдарламасының мерзімі ұзартылды. Бұл саланың бүгінгі бет-бейнесі Кеңес кезіндегіден өзге. Айталық, Кеңес Одағында тұрғын үй құрылысын мемлекет өзі жүзеге асыратын, соңынан дайын үйді өзі үлестіретін. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, қазір салаға тартылған жеке инвестиция мемқаражаттан 6 есе көп. Тағы бір тарихи дерек: қызыл империяның күйреуі қарсаңында, 1986 жылы КСРО-ның бірінші және соңғы президенті Михаил Горбачёв «Баспана-2000» («Жильё-2000») мембағдарламасын жариялады. Онда Кеңес үкіметі ХХІ ғасырда әрбір кеңестік отбасы орта есеппен 1 адамға шаққанда 22 шаршы метр баспанамен қамтылатынын уәде етті. Сол тұста Кеңес Одағында тұрғындардың үймен орташа қамтылуы небәрі 14,6 шаршы метрді құрайтын. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанда тұрғын үймен қамтылу көлемі 1 тұрғынға шаққанда 21,9 шаршы метрге жетті. «Жалпы алғанда, «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру басталғалы, яғни 2017-2020 жылдар аралығында елде 52 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 470 мың баспана салынды. Тұрғын үй құрылысына 3,6 триллион теңгеден астам қаражат тартылды. Оның ішінде 864 млрд теңгесі – мемлекеттік инвестиция. Ал жеке инвестиция мемқаражаттан 6 есе артық тартылды», – деп хабарлады Индустрия министрлігі. 2021 жылы еліміз бойынша 17 миллион шаршы метр тұрғын үйді немесе 163,1 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде, ел тарихындағы кезекті рекорд орнатылады. Мұндай көлемге Кеңес кезінде үш жылда ғана қол жеткізілетін.Заманамен заңғарлар жаңғырады
Қазір тұрғын үй құрылысына инновациялар енгізілуде. Бұл тек құрылыс материалдарына қатысты емес. Мысалы, мегаполистерде өркен жайған «Ақылды үйлер» бұрын тек ертегідей естілетін. «Халыққа қолайлы жағдай жасау үшін заманауи технологияларды қолдана отырып, тұрғын үй сапасын арттыру және үйді интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау жұмыстары өріс алды. Құрылыс объектісінің барлық кезеңінде – жобалау, салу және пайдалануда оның энергиялық тиімділігін қамтамасыз ететін БИМ технологияларды енгізу көзделуде. Оларды алдымен технологиялық күрделі объектілерде, одан ары барлық құрылыс нысанында қолдану жоспарланған. Жобалау процесінде энергия үнемдейтін технологияларды қолданса, болашақта тұрғын үйді күтіп-ұстауға кететін тұрғындардың шығынын да 30-40% азайтуға болады», – деп мәлім етті ведомство. Сондай-ақ Қазақстанда Е-QURULYS құрылыс сапасын бақылаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылып жатыр. Бұл жүйеде құрылыс объектісін онлайн режимде қадағалап отыруға болады. Бақылаушы органдар осы жүйеге қосылып, шұңқыр қазудан бастап, жобаны іске асыру аяқталғанға дейін құрылыстың барлық процесін бақылай алады. Сондай-ақ бизнеске қысым жасалуына жол берілмейді. Құрылыс процесінде жасырын қалатын жұмыстар, мысалы іргетастар мен бағандардағы арматураны орналастыру және басқасы фото және бейнеформатта архивте сақталады. Әрбір нысан құрылысының бүкіл хронологиялық тарихы тұрғындарға, құзырлы органдарға, зерттеушілерге ұзақ жылдар бойы қолжетімді болатын көрінеді. ТКШ жүйесін цифрландыру және аспаптандыру процесі жүргізіліп жатыр. Бұл су, энергетика және өзге ресурстарды тұтынуды үнемдеп, «Ақылды үй» жүйесін енгізуге мүмкіндік береді. Осының бәрі салада Қазақстанды көшбасшы қатарға шығарады, озық елдерге жақындатады.Айхан ШӘРІП