Жәдігерлер жайнамайтын жер
Жәдігерлер жайнамайтын жер
548
оқылды
Тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерт­кіштерді, өнер туындыларын, құнды мұраларды сақтайтын мекемелердің барлығының жағдайы бірдей емес. Арасында шағын бөлмені пана қылып отырғандары да бар. Сондай киелі мекеннің бірі Атыраудағы өнер музейіне зәулім ғимарат бұйырмай тұр. Неге? Елімізде музейлердің барлығы типтік жобада салынған ғима­рат­та орналасып, жәдігерлер түп­нұс­қасын сақтайтындай жағдайда емесі белгілі. Айталық, Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі мекемесі 1992 жылы ашылып, оған Үкімет қау­лысымен КСРО Суретшілер Ода­ғының мүшесі, суретші Шай­мар­дан Сариевтің есімі берілді. Музей өзінің негізгі құры­лым­дық бағыты мен қызметі жа­ғынан ғылыми зерттеу орта­лығы іспетті. Бүгінде музей қорында екі мыңнан аса графика, кескіндеме және қолөнер бұйымдары сақ­тал­ған. Музей қорында қазақ кес­кіндемесінің көрнекті өкілдері Ә.Қастеев, Ү.Әжиев, С.Мәмбеев, Н.Гаев, К.Баранов, М.Қалимов, Ш.Сариев, Ә.Сыдыханов, Ж.Шар­­денов, Т.Мұқат, Е.Сидор­кин, Г.Исмаилова, С.Саносян, С.Романов, Б.Пак, А.Дячкин, Т.Әбуов, А.Молдабеков, мүсінші Б.Әбішев сынды бірегей қыл­қа­лам шеберлерінің туындылары барын мақтан етеміз. Музей қоры суретшілер көр­мелері, байқау-көрмелер, сим­позиум, сатып алу, сыйға тарту акциялары арқылы толығып оты­рады. Музейде өнер туынды­лары туралы тақырыптық, шолу экс­курсиялар 3 тілде жүргізіледі және бейнелеу өнері студиясы жұмыс істейді. Қазір экспозиция залда­рын­да үш жүзге тарта туын­ды қо­йылған. Музейге көрермен тарту, суретшілер туындыларын насихаттауда үнемі әртүрлі шара­лар өткізіліп, қала тұрғындары, әсіресе жастар көбірек атса­лысады. Алайда көптеген тағылымдық іс-шаралар өтетін өнер музейіне келген адамдардың ғимарат ішін­де еркін жүруі мүмкін емес. Ер­кіндік болмаған соң келушілердің әр суретке қарап суретшінің ой-тол­ғамын зерделеп, өзінше па­йым жасауға да мұршасы болмайды. Сурет өнеріне деген қызығу­шылығы басым қала тұрғыны Ме­дет Ибатолла да көрмеге кел­генде суретшілермен картина­лары туралы кеңірек сөйлесуге мүмкіндік таппайды. «Елордадан көрме келеді. Жергілікті суретшілердің де көр­месін тамашалап тұрамын. Бірақ ғимараттың тарлығы әр суретті толық ойдан өткізуге мүмкіндік бермейді. Кісі қарасы көп бол­ғанда бір картина алдында жақын көру үшін ұзынсонар кезек пайда болады. Музейге жаңа типтік жобадағы ғимарат керек. Қазіргі жағдайымыз мұнайлы өңір деген атымызғы сын», – дейді ол. Бұл проблеманы музей бас­шысы Төлеген Орынбасарұлының өзі де ашық айтып отыр. Оның ай­туынша, проблемалар да жет­кілікті. – Ең күрделі проблема, бұл музейдің қазіргі ғимараты ескі музей де, яғни 1945 жылы салын­ған перзентхана, балалар ауру­ханасы болған. 1999 жылы күрделі жөндеуден өтіп, музеефикация жұмыстары жүргізіліп, Ш.Сариев атындағы өнер музейіне пай­да­ла­нуға берілген. Ғимараттың жалпы көлемі – 991,9 шаршы метр. Экспозициялық залдың көлемі – 504,6 шаршы метр. Музей залда­рының сыйымды­лығы – 100 адам. Өнер музейі жер­гілікті бюджеттен қаржылан­дырылады. Штат кес­тесі 28 адам­ға қаралған», – деген Төлеген Орынбасарұлы музей саласын­дағы білікті, арнайы бі­лімі бар мамандардың жетіспеуі, музей мамандарының тұрақ­сыз­дығы, жалақының төмендігі мен әлеу­меттік қолдаудың жоғы қи­нап тұрғанын айтады. Музейдегі экскурсия жүргізу­шісі – 86 850 теңге, 22 жыл еңбек өтілі бар зал қараушы 54 968 теңге жалақы алады. Маңызды да жа­уапты қор сақтаушының жала­қысы – 91 184 теңге. 25 жыл өтілі бар өнертанушының айлығы – 100 мың теңге. Оларды әлеуметтік қолдаудың жоғы көңіл қын­жылтады. Мамандардың тұрақ­сыз­дығына осы мәселе себеп болып тұрғаны сөзсіз. Лайықталған ғимараттың му­зей қызметіне сәйкес еместігі, экс­позициялық залдардың тар­лығы және қор сақтау бөлмесінің ешқандай талапқа сәйкес кел­мей­тіні, жәдігерлерді сақтауда үлкен қиындықтар туғызып тұр. Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік музейінің басшысы Тө­леген Орынбасарұлының ай­туын­ша, Атырау қаласында тип­тік үлгідегі жаңа бейнелеу өнері музейін салу кезек күттірмейтін өзекті мәселе.

«Алтын адамдар» зәулім ғимаратта тұруға лайық емес пе...

Еліміз бойынша жәдігерімен тамсандыруда және көшпелі көрмелер өткізуде Атырау об­лысы тарихи-өлкетану музейінің орны бөлек десек, артық емес. Сексен екі жылдық тарихы бар Атырау облысы тарихи-өл­кетану музейінде еліміздің өт­кенінен сыр шертетін, тарихын таңбалайтын құнды жәдігерлер көп-ақ. Атырау облысының Аралтөбе қорғанынан 1999 жылы табылған Алтын адам музейдің жауһары десек те болады. Еліміз бойынша табылған екінші «Алтын адам­ның» сырт киімі түгелдей алтын әшекейлермен безендірілген. Өткен жылы Миялы қорға­ны­нан табылған әйел алтын адам да музейде «менмұндалап» тұр. Сармат тайпасының ақсүйегі та­рихи жадымызды жаңғыртқан жаңалық болды. Атыраудан табылған «Алтын адамдарды» қалпына келтіруде белгілі шебер Қырым Алтынбеков көп еңбек етті. Атырау облысы тарихи-өлке­тану музейінің жалпы қор саны 63 210 сақтам бірлікті құрайды. Оның ішінде негізгі қор 31 285 сақтам бірлік, қосымша қор 31 925 сақтам бірлік. Бас қор сақтаушы Д.Бисем­баеваның айтуынша, музей құн­дылықтарын сақтау, оларды саралау мен зерттеу үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы құралдармен жабдықталған 5 қор сақтау орындары бар. Қор сақтау бөлмесінде био­ло­гиялық режим бойынша жә­дігер­лердің сақтығына бай­ланысты санитарлық-про­филактикалық тазалық күндері өткізіліп тұрады. Жаз айларында жәндіктер үйір келетін жүннен тоқылған кілем, алаша мен бау-басқұрлар күнге жайылып, дә­ріленіп тұрады. Ауа темпера­турасы мен ылғалдылығы бо­йын­ша температуралық ылғал­дылық орнатылған. Музейге келушілерді там­сандырған «Алтын адамдардан» бөлек, ұлтымыздың болмысына куә болған асыл мұра, қазақтың біртуар ұлдары мен күллі қазаққа есімдері белгілі өнер иелерінің қолданған домбыраларының Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде сақталуы – біз үшін мақтаныш. Көріп тамашалаған жандар үшін ғажап дүниелер. Бүгінде музейдің қорында тоқ­­санға жуық домбырадан ­жи­­­нақталған домбыралар кол­лек­циясы музей экспозициясы­нан орын алып, халыққа жан-жақты насихатталып келеді. Домбы­ралар коллекциясы му­зейдің «Өлке мәдениеті мен әде­биеті» экс­позициялық за­лын­да арнайы шыны сөрелерде орналасқан. Ресми ақпарат көздерінен біл­геніміздей, жобалық-смета­лық құжаттар дайындалып, му­зейге жаңа ғимарат салу жоспар­ланып отыр. Музейлер – бірнеше ғасыр­лардың тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін ғы­лыми түрде зерттеп, жинақы түр­де ұрпаққа жеткізіп отырған орталық. Алайда атына сай болу үшін жәдігерлері жалт-жұлт етіп, келушілерді қуантып тұрмаса, мүмкіндігін паш ете алмасы анық.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы