Туризм – әрі имидж, әрі инвестиция
Туризм – әрі имидж, әрі инвестиция
956
оқылды
Туризм саласының мемлекеттің имиджін қалыптастыруда атқарар рөлі зор. Оның әлемдегі мысалдары да аз емес. Ұқсата білгенге, демалыс мақсатындағы саяхат, тіпті ел қазы­насының қомақты кіріс бөлігін де құрайды. Мәселен, Мысыр, Түркия, Қытай, Гонконг, Тайланд және тағы да басқа көптеген ел өздерінің ту­ристік тартымдылығымен танылып отырғаны аян. Сол секілді еліміздің де мұндағы әлеуеті орасан. Тарихи да, табиғи да, ұлттық код жағынан да алғышарт толық қалыптасқан. Әйтсе де, тәуелсіздік жыл­дарында имидж­дік-инвестициялық технология ре­тінде туристік саланы жолға қою үшін қаншама ірі реформалар жасалды.

Қаржы да, қажыр да көп қажет ететін сала

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ еліміз туризм саласын дамытуды қолға ала бастады. Өйткені Кеңес Одағы жабық мемлекет болғандықтан мұнда бұл саланың нарықтық мүмкіндіктері ешқандай да ескерілмеген болатын. Шипажай-профилакторийлер жүйесінің сервистік ауқымы тек квоталық сипатты қамтыды. Оның үстіне Қазақстанның жер көлеміне байланысты туристік нысандар бір-бірінен қа­шық орналасты да, бұл ондағы инфра­құрылым­дарды ұйымдастыруда үлкен шы­ғын­дарды талап етті. Оған енді ғана аяққа тұрған мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктері жетпейтін еді. Сондықтан да әу бастан-ақ еліміздегі туризм бәсеке­лестік ортаның еншісіне тиген болатын. Мұндағы нарық негізінен сыртқы туризмге деген сұраныстың жоғары болуымен ерекшеленді де, ішкі туризм ұзақ жылдар кенже қалды. Сонымен бірге жергілікті күрт континентальді климат та белгілі бір деңгейде қолайсыздықтар тудырып, мау­сым­дық шектеулер саланың дамуында фак­торлық күшке ие болды. Сондықтан да көп қаржыны да, қажырды да талап ететін туризм саласы елімізде соңғы отыз жылда хал-қуатынша дамып келеді. Жылдар шежіресімен негізгі оқиға­ларды тарқатып айтар болсақ, 1993 жылы Қазақстан Дүниежүзілік туризм ұйымына мүше болып, осы жылы «Туризм индустриясын дамытуға арналған Ұлттық бағдар­лама» қабылданды. Ал араға төрт жыл салып, 1997 жылы «Қазақстан Республика­сының Ұлы Жібек жолының тарихи орта­лықтарын қайта өрлету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұралар сабақтас­тығын дамыту тұжырымдамасы» мен «Жал­пы туризм дамуының Стратегиясы» жасалды. 2000 жылы 13-16 қараша ара­лығын­да Қазақстанның Туризм Қауымдас­тығы АҚШ-тың «Конвеншн-бюро» ұйы­мы­ның грантының арқасында ең алғаш рет Лондонда өткен Wоr1d Тrаvе1 Маrket туристік жәрмеңкесіне қатысты. 2001 жылы 13 маусымда «Қазақстан Республика­сын­дағы туристік қызмет туралы» заң қабыл­данды. Онда республикадағы туристік саланы дамытудың бірінші кезектегі шаралары, туристік қызметті лицензиялау және тағы да басқа мәселелер тұжырымдалды. 2002 жылы республикада 430 туристік ұйым, фирмалар мен әртүрлі бюролар жұ­мыс істеген екен. Онда 6 мың адам, оның ішінде 1 500 кәсіптік экскурсия жүргізуші­ (гидтер) қызмет көрсетіп, Қазақстан­ның туристік фирмалары дүниежүзінің 80-ге жуық елімен қарым-қатынас орнат­қан. Бірнеше елге чартерлік әуе рейстері жолға қойылыпты. Мәселен, Алматы қала­сы­ның 25 фирмасы 5 облыс орталығынан Үндістанға, Түркияға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Пәкстанға, Корея Республикасына, Грекияға, Польшаға және т.б. елдерге чартерлік әуе рейстерін ашқан. Осы жылдары еліміздің Туризм және спорт ака­демиясы, Қазақ халықаралық қаты­настар және әлем тілдері университеті, Алматы мемлекеттік университеті, Қазақ ұлттық университеті, «Тұран» университеті сияқты және тағы да басқа бірнеше жоғары оқу орындарында туризм мамандары даярлана бастады. 2007 жылы «Қазақ­стан-2030» Стратегиясында туризм саласы экономиканың приоритетті саласы болып танылды. Статистикалық талдауға сәйкес, осы жылы барлық туристік қызмет айтар­лықтай өскен екен. 2006 жылмен салыс­тырғанда елімізге келген туристер саны 12,8%-ға (5 млн 310,6 мың адам), сапарлап шыққандар 23,2%-ға (4 млн 544,4 мың адам), ішкі туризм 12,5%-ға (3 млн 932,6 мың адам) артқан. Осы жылы Президенттің Жарлығымен 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Оның индикаторлары бойынша 2011 жылы ішкі туризмді 4,5 млн адамға, келуші туристер санын 9,5 млн адамға жеткізу көз­делген. 2014 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі «Туристік саланы 2020 дейін дамыту тұжырымдамасын» әзірледі. Оның аясында 5 туристік кластер (Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, ШҚО, ОҚО, БҚО) қарастырылды. Ал 2015 жылы «100 нақты қадам» жоспарында туризмді дамыту шарттарына әсер ететін бірқатар институционалдық өзгерістер ұсынылды.

Туризм түлеткен 30 жыл

Бүгінде Қазақстандағы туризм саласы жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келеді. Көптеген көрнекі нысандар реставрациядан өткізіліп, музейлер мен көрме орта­лықтары ашылды. Ақпараттық технологиялар ресурсы кеңінен пайдаланылуда. Соның бір мысалы – жеті тілде ақпар беретін Kazakhstan.Travel ұлттық туристік порталының ашылуы. Туристік нарықтың қызметін одан әрі ынталандыру бойынша заң­намалық актілер қабылданып, көрсе­тілетін қызметтер желісі ұлғайтылды. Инфра­құрылымды дамыту мен инвес­тиция­лық тартымдылықты арттыру үшін де барлық жағдай жасалып жатыр. Сондай-ақ туризм саласын дамыту мақсатында 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Мамандардың айтуынша, Қазақстан туристік дестинация ретінде әлі де болса даму кезеңінің ең бастауында тұр. Мәселен, 2019 жылы елімізге 8,5 млн турист келген болса, оның 90%-ы ТМД елдерінің азаматтары екен. Олар елімізде әрі кетсе үш тәулік қана болған. Ал шетелдерге қыдырып барғандар саны 10,7 млн адам. 2020 жыл туризм саласын тұралатып кетті. Туроператорлар мен турагенттіктердің кірісі 60%-ға дейін азайды. Бұл ахуал ішкі туризмге қолайлы жағдай туғызу қажеттігін айқындап берді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында әрі пандемия кезіндегі мүмкіндікті кеңінен пайдаланып қалу мақсатында елімізде республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам туристік іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Соның ішінде мәдениет, әдет-ғұрып пен дәстүрлерді насихаттауға бағытталған этно-туризм ерекше танымалдыққа ие. Жоспарлы шаралардың арасынан Алматы қаласында қолөнершілердің «Ұлы дала мұрасы» жәрмеңкесін, кулинарлық Kok bazar Fest, Ақтөбе облысында «Көшпенділер мұрасы», ШҚО-да BUQTYRMA FEST фестивальдарын атай кетуге болады. Киелі туризмді дамытуды ынталандыру және тарихи-мә­дени объектілерге туристік қызығушылық­ты арттыру мақсатында Қарағанды облысы Ұлытау ауданында «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін ашу, Шығыс Қазақстан облысында «Абай жолымен» ақпараттық туры және тағы басқа іс-шаралар қарас­тырылған. Сондай-ақ 30 жылдыққа елдің бірегей тарихи-мәдени және табиғи көрікті жерлерін қамтитын 30 жаңа трансұлттық және өңірлік туристік өнімдер каталогы ұсы­нылып отыр. Оның қатарында Ұлы Жібек Жолы бойындағы ТОП-10 туристік дестинациясы бар. Қазақстанның туристік мүм­кіндіктері мен әлеуетін шетелдік ауди­тория­ға таныстыру мақсатында Алматы қаласында әлемнің 30 елінен келген 150 журналистің қатысуымен халықаралық шаңғышы Журналистер клубының (SCIJ) жыл сайынғы кездесуін ұйымдастыру көзделген. Туризм саласында 30 зәкірлі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ туристік потенциалды жүзеге асырудың жаңа белесі ретінде қос бірдей ірі халықаралық жоба қолға алынбақ. Олар – Ақтау қаласынан Каспий теңізі арқылы Астрахан (Ресей), Махачкала (Дағыстан), Баку (Әзербайжан), Энзели (Иран), Туркменбашы (Түрік­мен­стан) порттарына қатынайтын халықара­лық круиздар ұйымдастыру және Байқоңыр ғарыш аймағында жаңа технологияларды пайдалана отырып, планетарий, мұражай, ұшуды басқарудың мини-орталығын, кәдесыйлар орталығын салу.

Жерің сенің ертегі

Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан­дықтан Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып қорықты жерлер ежелден-ақ саяхат пен туризм нысандары болып саналады. Бүгінде Қазақстан аумағы бойынша 700-ден астам туристік бағдар белгіленген. Оларға Қазақстанда жиынтық сыйымдылығы 33 мың орынды құрайтын әртүрлі санатты 372 қонақ үй қызмет көрсе­т­еді. Республикамыздың әсем де әде­мі жерлерінде бірнеше туристік базалар орналасқан. Олар – Іле Алатауындағы «Шымбұлақ» шаңғы базасы, Павлодар облысы Жасыбай көлі жағасындағы «Баянауыл», Қарағанды облысындағы таулы-орманды «Қарқаралы», Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма бөгені жағасын­дағы «Алтай мүйісі», Орал қаласы Жайық өзені маңындағы «Орал», Түркістан облысы Бадам жазығындағы «Оңтүстік», Көк­ше­тау таулы аймағындағы «Золотой бор» базалары. Сондай-ақ, елімізде белгілі бір туристік маңызы бар зоологиялық-бота­ника­лық қорықтар да жеткілікті. Оларға Алматы қорығы, Іле атырауы, Тарбағатай, Жалтыркөл, Ұлытау, Бетпақдала, Қарақия-Қаракөл, Зеренді қорықшалары, Шарын каньоны және Шарын өзеніндегі «Шетен тоғайы», Күміс қылқанды орманы, Жаман­шық тауы, Айғайқұм, Әншіқұм, Жаңғақ тоғайы, Бүркіттау шоқысы, Тұма бастаулары және Қостанай облысындағы ор­манды-тоғайлы Наурызым алқабы жатады. Елімізде туризмді барлық түрі бойынша дамытуға мүмкіндік бар. Соның ішінде жалпыға бірдей ең негізгі төрт түрін атай кетсек, олар - табиғи-рекреациялық (эко­логиялық), тарихи-археологиялық (тарихи), зиярат ету (діни) және спорттық (саламатты өмір салты) туризм. Табиғи-рек­реациялық нысандар - Солтүстік Қазақстан аймағындағы Көкшетау, Бурабай, Баянауыл, Ерейментау, Шығыс Қазақстан аума­ғындағы Зайсан, Марқакөл, қазақстандық Алтай, Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Батыс, Солтүстік Тянь-Шань, Алтынемел тау­лары, Жетісу алабы, Батыс Қазақстан­дағы Үстірт, Мұғалжар, Каспий ойысы, Жайық өңірі, Орталық Қазақстандағы Қарқаралы, Қызыларай, Бектауата, Ұлы­тау, Алматы облысындағы Іле-Алатауы ұлттық саябағы, Түрген-Шамалған өзен­дері аралығындағы шатқалдар, Түрген, Есік, Талғар, Алматы, Қаскелең, Шамалған елді мекендері және т.б. Қазақстан аума­ғындағы 9 мемлекеттік қорықта ғылыми-экологиялық туризмді дамытудың алғы­шарттары толық қалыптасқан. Тәуеп ету (діни) мақсатындағы туризм нысандары негізінен еліміздің оңтүстігінде және батысында көптеп орналасқан болса, олардың ішінде танымалы – түркі әлемінде қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және Маңғыстаудағы Бекет ата мешіті. Тарихи-археологиялық ескерткіш­тердің туристік-экскурсиялық нысандары­ның қатарында сонау ықылым замандардан келе жатқан Жетісудағы Сақ қорған­дары, қола дәуіріндегі жартастағы петроглифтер, бірегей ғибадатханалар бар.

Нұрлан ҚОСАЙ