Арқаға арқар қайта жерсіне ме?
Арқаға арқар қайта жерсіне ме?
894
оқылды
Біз бүгінде «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» деген тәмсілге сүйеніп, айдың, күннің аманында кең-байтақтың қоңыр аңына ие бола алмағанымызды ауа райы­ның қолайсыздығына ысыра салуға әдеттенгенбіз. Негізінен гәп қыстың ғана емес, өзіміздің де қытымыр­лығымызда болып тұр. Жер дүние тыныштығын Құдайдың құтты күні тікұшақтың тырылымен, оптикалық мылтықтың тырсылымен қашыра берсек, қырқасы аз құба жонға қоңыр құлжа қайтіп тұрақтамақ?!

Танымымыздан тыс қалмаған еді...

Әңгімені әріден бастасақ, ежелгі сақ дәуірінде осы кәдімгі арқар елдігіміздің рухты символдарының бірі болғаны мәлім. Мысалы, Есік қаласының маңынан табылған Алтын адам баскиімінің жоғары бөлігіндегі алтыннан құйылған арқар мүсіні мен көне Берел қазбаларынан, көшпелі көне тайпалардың жәдігер ескерткіштерінен арқар, көкбөрі мүсіндері кездесетінін алсақ та жеткілікті. Тіпті, арқар адырна, қобыз, шертер аспаптары мен ет астауы, сандық секілді бұйымдарда бейнеленген. Қазір ұлттық қолөнер бұйым­дарында жиі қолданылатын қошқармүйіз оюымыздың өзін көнекөз қариялардың «арқармүйіз» деп атағанын бертінге дейін өз ауыздарынан естіп өстік. Ал бұдан әріде қазақ даласындағы балбалдар мен жартас­тардың бетінде арқардың петроглифтері бейнеленгенін білеміз. Демек, ол – біздің табиғатымыз бен қазақы болмысымызға етене жақын түз тағысы. Ата-бабалары­мыздың арқарды қойдың «арғы тегі» ретінде жоғары бағалағанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Ал қазір ше?

Бес ауданда бессандырағы жүр

Сөйтіп, қазақ қатты қадірлеген қоңыр аң Арқада қазір де бар. Негізінен Қарағанды облысының Қарқаралы, Бұқар жырау, Осакаров, Ақтоғай және Шет аудандарына қайта жерсіндірілген. Оларды авиациялық санау мен жалпы санына мониторинг жасау 10 жылдан бері тұрақты жүргізіліп келе жатыр. Кейінгі санақ нәтижесіне сүйенсек, 2020 жылы Қарағанды облысын мекен еткен арқар саны 7 376 басқа жеткен. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, аңның бұл түрі ұдайы өсіп келеді екен. Мысалы, 2019 жылы – 7 275 бас, 2018 жылы – 7 184, ал 2017 жылы 6 968 басты құраған. Сондай-ақ биыл Қарағандыдағы хайуанаттар бағына Беларусь елінен арқардың «муфлон» деп аталатын тұқымынан бір жарым жастағы екеуі жеткізілді. Бұл тұқым бізде бұрын-соңды болмаған көрінеді. Біреуінің құны шамамен 700 мың теңге. Зообақ мамандары Қызыл кітапқа енген жануарларға Аладдин, Жасмин деген ат қойыпты. Жолда 5 күн жүріп келген олар да «атақонысы» Арқаға бірден жерсініп кет­кен. Осы орайда, Қарағанды облысында күзгі-қысқы аң аулау маусымы да басталып, жергілікті Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жануарларды аулау ережесін түсіндірді. Айтуларынша, өңірде терісі бағалы аңдарды аулау маусымы 15 ақпанға дейін жалғасады. «Қазір Қарағанды облысының аума­ғында 139 аңшылық шаруашылығы бар. Оның 106-сы аңшылық пайдаланушыларға бекітілген. Ал 33-і уәкілетті органмен өзгеше белгіленбесе, аумағында аң аулауға тыйым салынған резервтік қорда. Жануар­лардың жасы мен түрлеріне сәйкес аң аулауды жүзеге асыруды, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түр­лерінің тіршілік ету ортасын сақтау және жақсарту мақсатында жануарлар дү­ниесіне ұқыпты қарауды сұраймыз», – деп атап өтті басқармадағылар. Демек, аң аулау, сондай-ақ жануарлардың сирек кездесетін түрлерін жою ережелері сақталмаған жағдайда заң бұзушылар браконьерлік үшін жауапқа тартылатын болады. Бір арқарды атсаң 10 миллион теңге айыппұл арқалайсың. Алайда ол талапқа пысқырып жатқан браконьерлер жоқ. Қазір Қарағанды облысының өзінде жануарлардың басты жауы төрт аяқты емес, екі аяқты «жырт­қыштар» болып тұр.

Тынышын қашыруды тыймаса болмайды

Арқардың Қызыл кітапқа енетін жөні де бар. Себебі олар қой сияқты көктемде бір немесе екі қозыдан төлдейді. Ал қыста биік таудан төмен түсіп, Қарағанды қырқалары сияқты аласа тауға тұрақтайды. Ол дегеніңіз – оққа байланғанын оңқа тұрғызуға тырысатын сұрмергендердің бағын бір сынап көретін сәт. Қазір Қытай фармацевтикасында киік пен арқардың мүйізіне сұраныс көп. Сондықтан да браконьерлерді астыртын қаржыландыру асқына түсіп, тұнып тұрған тұла бойы дертке шипа аң-жануарларды заңсыз аулау тыйылар емес. Демек, нарықта сұраныс артқан сайын браконьерліктің көрігі қыза түскен. Оған табиғатты қорғау заңдарының әлсіздігі де себеп болып отыр. Ұстала қалған жағдайда айыптылар айыппұлмен құтылғанға әбден үйреніп алған. «Аңшылық, саяткерлік жасағанның өзінде де ерекше аңшылық мәдениеті қалыптасқан. Жерімізді мекендейтін аң-құс, жануарлардың жойылып кету қаупін төндірмей, бабаларымыз табиғат аясын­дағы тепе-теңдікті сақтап отырған. Оған дәлел, ежелгі қазақ аңшылары аң аулау кәсібімен айналысқанның өзінде қасқыр, шибөрі, аю секілді аса жыртқыш аң түрлері болмаса, аңшылықта мылтықты аса пайдаланбаған. Малмен көзін ашып өскен қазақ баласына жалпы тіршілік иесіне, табиғат төліне қатыгездік, қиянат жасау – мүлдем жат нәрсе», – дейді жануарлар дүниесінің сарапшысы Игілік Әмірғалин. Оның айтуынша, бүгінде жекеменшіктегі малдарды арқар жайылатын жерлерге жаю да келеңсіз жағдай. Жұрттың малымен бірге иттері, техникасы, басқа да қондыр­ғыларының у-шуы түз тыныштығын бұзып, онсыз да желге құлақ түрген үркек жануарды жазғы жайылым үшін таудан түсе алмайтын етіп тастайды екен. Соның өзі-ақ арқарларға едәуір жай­сыздық тудырып жатыр десек, олар жайылатын тау жоталарында өсетін емдік шөп­терді жинаушылар мен туристердің шат­қалда рұқсат­сыз серуендеуі де аннан қаш­қан, мұннан қашқан арық-тұрақ байғұстарды емін-еркін жайылтпайды.

Санақ нәтижесі де көңіл көншітпейді

Жалпы, арқар Орталық Азияның 11 мемлекетін мекендейді. Ол елдерде 10 түрі бар десек, соның бесеуі, яғни Қазақстан арқары, Алтай арқары, Қаратау арқары, Тянь-Шань арқары, Үстірт арқары дегендей негізгі түрлері – Қазақстан аумағында. Тіпті, бұрын Қызылқұм арқары да болған. Олар қазір «қолда барда алтынның қадірін білмеген» Қазақстанда емес, көрші Өзбек­стандағы ерекше қорғалатын аумақтарда сақталып отыр. Бізге қарай кейде шекарадан өтіп, келіп-кетіп қана жүреді екен. Қазір қолымызда Қазақстандағы арқар саны 18 465 бас болды деген дерек қана бар. Орталық, солтүстік өңірлерде Қараған­дыдан бөлек, Ақмола облысында – 390, Павлодар облысында 1 485 бас жануар мекендеп жатыр екен. Ал олардың кейінгі қатарының не сиреп, не артқанын білмек болып сұрау салғанымызда, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бізге соңғы санақтың әлі аяқталмағанын мәлімдеді. Еске сала кетсек, бұл ведомство тарапынан арқардың өрісін қадағалау ісін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Охотзоопром» РМҚК жүргізеді. Олардың міндеті – сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарларды сақтап, қорғаумен айналысу. Әйтеуір кезінде Арқадан жаппай ауған арқар да ертеде қазақ даласында еркін жосып жүрген жабайы түйе, жабайы сиыр (тур), солтүстік бұғысы, жабайы жылқы (тарпаң), тұран жолбарысы сияқты түз тағыларының кебін киіп қалмаса жарар еді.

Еркеғали БЕЙСЕН