Алматыда қоймалардың бірінде жойқын жарылыс болды. Бұл туралы Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
«16 қараша күні сағат 19:36-да Алматы қаласы ТЖД 101 пультіне қоймалардың бірінде өрт шыққаны туралы куәгерлерден қоңыраулар түсе бастады. Дереу ТЖД күштері мен құралдары Медеу ауданы Тәтібеков көшесі, 10 мекен жайы бойынша жоғары дәрежедегі шақырту бойынша жіберілді. Алғашқы өрт сөндірушілер 6 минутта жеткенде, газ жарылғаны анықталды. Құтқарушылар жеткенде 80 шаршы метр аумақтағы тауарлар мен түрлі материалдар толы қойма ашық жалынмен жанып, отқа оранғаны белгілі болды» делінген мәлімдемеде.
Төтеншеліктердің айтуынша, қоймада газ баллондары болғандықтан жарылыс қаупі және өрттің көрші нысандарға таралу қаупі туындаған.
«Өрт сөндіруге және жарылыстың алдын алуға қажетті шұғыл шаралар қабылданды. Өрт сөндіру барысында жанып жатқан қоймадан 50 және 25 литрлік газ баллонының 11-і эвакуацияланды. Тілсіз жау 20:00-де оқшауланып және 20:05-те жойылды. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қабылданған шұғыл шаралардың арқасында өрт сөндірушілер көрші қоймаларды оттан қорғап қалды», - деп хабарлады ТЖД-ның баспасөз қызметі.
Өртті сөндіруге 18 бірлік техника, жеке құрамнан 50-ден астам адам, оның ішінде өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің басшылығы жұмылдырылды.