Шортандыдағы газ жарылысы: жапа шеккендердің саны көбеюі мүмкін
Шортандыдағы газ жарылысы: жапа шеккендердің саны көбеюі мүмкін
Фото: ТЖМ-нен алынды
335
оқылды

Өкінішке қарай, жарылыстан жапа шеккендердің саны 11 адамға жеткен. Денесін күйік шалған 10 адам ауруханаға жеткізілген, олардың бесеуі – бала. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлім болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Газ бір қабатты үш пәтерлі барақ үйдің екінші пәтерінде жарылған. Төтенше жағдайлар қызметінің алдын-ала болжамдары бойынша тұрмыстық балоннан газ шығуынан болған. Тұтанған газдан екінші пәтердің шатыры опырылып құлаған. Өрттің жалпы аумағы шамамен 350 шаршы метр аумақты шарпығаны анықталды.

«Оқиға орнына дереу кезекші қарауыл екі автоцистернамен  аттанған. Өрт болған үйге жеткенде, барақ үйдің үш бірдей пәтерінің де шатырын өрт шарпып, екінші пәтердің шатыры құлағаны анықталды», – дейді Ақмола облысы департаментінің бастығы Манарбек Шапағатов.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері мен жағдайларын анықтау үшін оқиға орнында полицияның жедел тергеу тобы мен өрт сөндіру зертханасының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

«Өкінішке қарай, газ жарылысынан екі әйел мен бір баланың мәйіті табылды. Сондай-ақ он адам түрлі деңгейдегі жарақаттармен Шортанды аудандық ауруханасына жеткізілген», – деп толықтырды Манарбек Шапағатов.

Оқиға орнына Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов та шұғыл аттанған.

«Қазіргі сәтте зардап шеккен адамдардың саны 11 адамға жетті. Олардың ішінде бесеуі бала болған. Он адам ауруханаға жатқызылды. Мәселе өте күрделі болып отыр. Сондықтан санитарлық авиациямен балалар және ересектер хирургтары аттанды. Қайтыс болған адамдардың саны ұлғаюы мүмкін», – дейді басқарма басшысы Нариман Сыздықов.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Шортанды ауданы төтенше жағдайлар бөлімімен өрт қауіпсіздігі айлығы аясында жеке тұрғын үй секторларында алдын алу шаралары өрттің алдын алу шаралары өткізілген. 8 қараша күні азаматтық қорғаныс органдары «Сенім» жастар ресурстық орталығымен бірлесіп аталған үйде улы газ концентрациясын анықтайтын арнайы датчик орнатып, тұрмыста өрт қауіпсіздігінің ережелері мен нормалары бойынша нұсқаулық өткізілген. Ал аудан әкімдігі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағдарламасы шеңберінде 306 мың теңге сомасына улы газды анықтайтын 202 дана датчик сатып алған.

Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел жәрдем, полиция және өрт сөндіру қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы