Ет жобасы оң нәтижесін берді ме?
Ет жобасы оң нәтижесін берді ме?
©gelio-nsk.livejournal
604
оқылды

Ауыл шаруашылығындағы ең әлеуеті жоғары бағыт – ет өндірісі саласы. Бұл бағыт егін, сүт өнімдеріне қарағанда табысты әрі сұранысқа ие. Әсіресе, әлемдегі ең ірі ет импорттаушы елдердің үздік бестігіне кіретін Қытай мен Ресей Қазақстанның іргесіндегі шекаралас мемлекеттер болғандықтан бұл мүмкіндікті тиімді пайдалануға толық негіз бар. Қытайдың экономикалық жағынан дамуы соған сай, етті тұтыну көлемінің артуы біздің ел үшін жағымды үрдіс. Әсіресе, былтырдан бері шығыстағы көршімізде сиыр етін тұтыну көлемі айтарлықтай артқан. Ендігі меже көрші елдерге сұранысқа ие сапалы ет экспорттау.

Кеңес үкіметі тарқағаннан кейін мал басы саны күрт кеміді

Кеңес кезіндегі совхоз бен колхоздағы 7 млн сиырдың 90 пайызы сүтті болды. Ондағы негізгі мақсат – мал өнімдерін сатып пайда табу емес, үкімет бекіткен межені орындау. Қазақстанның ет одағының басқарушы директоры Жеңіс Бекназаровтың айтуынша, Кеңес үкіметімен бірге бүтін бір сала қоса ыдырады. Оны қалпына келтіру оңайға түскен жоқ. «Кеңес кезіндегі совхоз, колхоздар кәсіби тұрғыда мал шаруашылығымен айналысты. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін малды халыққа таратып берген соң, ол бірден нарыққа шықты. Осыдан кейін малдың құны түсті. Бір қойды екі қорап шайға, бір қап ұнға ауыстырған кездер болды. Бұған қоса, ветеринария саласының құлдырауы да өзінің кері ықпалын тигізді. Республика бойынша ішкі көші-қон алмасу процессі жүрді», − дейді Жеңіс Бекназаров. 90 жылдарға дейін жүйелі түрде байланыста жұмыс істеп тұрған мал шаруашылығында тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда түбегейлі өзгеріс жүрді. Кеңес үкіметі кезінде совхоз, колхоздағы мал басының үлесі − 85 пайыз болса, жеке қосалқы шаруашылықтың үлесі − небәрі 15 пайыз болатын. Ал  2010 жылы ұйымдасқан шаруашылықтардағы мал басы саны − 18 пайызды, ал жеке қосалқы шаруашылықтағы мал басы саны − 82 пайызды құрады. Салдарынан мал шаруашылығы айтарлықтай құлдырады. «Үкімет қосалқы шаруашылық бойынша заң қабылдауды жоспарлап отыр. Ауылды елді-мекендердің маңындағы жердің құнсыздануы тікелей соларға байланысты. Меніңше, қосалқы шаруашылықты емес, кәсіби шаруашылықты дамытуымыз керек. Кәсіби шаруа деп малы екі бастан көп шаруаларды айтамыз. Мемлекет оларға жайылымға жер, субсидия, жем-шөп мәселесін шешіп беруге көмектесу керек. Сөйтіп, кәсіби шаруа өзінің 100-200 малын алып, ауылдан бөлек шаруашылықпен айналысуы тиіс. Мысалы, ауылда бір отбасының 200 шошқасы бар делік, ол қасындағы көршілеріне қандай зиян тигізіп отыр? Оны ешкім ескермейді. Қосалқы шаруа қожалығын дамытамыз деп осындай олқылықтарға жол береміз», − дейді Қазақстанның ет одағының басқарушы директоры. Малды жаппай қосалқы шаруа қожалықтарына берудің салдарынан мал басы саны күрт төмендеді. Мысалы, ірі қара мал басы саны 1991 жылы − 9,7 млн бас болса, 2000 жылы − 4,1 млн, ал 2011 жылы − 5 млн мал болды. Ұсақ мал басы саны 1991 жылы − 35,7 млн болса, 2000 жылы − 10 млн, 2011 жылы − 18 млн-ға жетті.

Мал басын асылдандыруға басымдық берілді

Мемлекет «Ет жобасын» жүзеге асыру үшін ет бағытындағы мүйізді ірі қара малдың экспорттық әлеуетін дамыту мақсатында қабылданған «Сыбаға» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама ауылдағы «мал басын көбейтемін» деген ағайынға берілген зор мүмкіндік.  «Сыбаға» аясында берілетін несиенің үстеме пайызы төмен, қайтару мерзімі ұзақ. Бұған қоса, 2019 жылдың қорытындысы бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау бағдарламасы бойынша АӨК 24 644 шаруашылық субъектісі субсидияланды. «Ірі қара малдың аналық мал басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізу» бағыты бойынша жалпы сомасы 18,1 млрд теңгеге 12 682 шаруашылық субсидия алды. Оның ішінде мал басының саны 50-ден 100-ге дейінгі 6 565 ұсақ шаруашылық, 100-ден 300-ге дейінгі 4 771 орта шаруашылық және 300-ден жоғары 1346 ірі шаруашылыққа мемлекет тарапынан субсидия арқылы қолдау көрсетілді. Елдегі асыл тұқымды малдың үлесі 2011 жылы 4 пайыздан 2021 жылы 12 пайызға жетті. Шаруаларға мал басын асылдандыру үшін тегін бұқа үлестірілді. Нәтижесінде «Элиталық тұқым өсіру және мал тұқымын асылдандыру ісін сақтау және дамыту» бағдарламасы іске асты. Соның арқасында 5 жылдың ішінде 6 мың бас асыл тұқымды мал санатына жатты. Бұл жалпы мал басы санының 1 пайызына да жетпейтін көрсеткіш болғанымен мал сапасын жақсарту мақсатында жасалған негізгі қадам еді. Сиыр мен қашардың 58 мың бас импортталды. Ауыл шаруашылығы министрлігі мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында шетелден асыл тұқымды етті ірі қара мал сатып алуға ден қойды. Атап айтқанда, «ҚазАгро» холдингі тарапынан жеңілдетілген несие есебінен 2011-2012 жылдары 30 мыңға тарта ангус, герефорд, симменталь тұқымды етті ірі қара малдар Еуропа, АҚШ, Канада және Австралия елдерінен сатып алынды. Сонымен қатар, бұл іс-шараға пайдаланылған жеңілдетілген несие сомасының жартысына жуығын мемлекет тарапынан өтеу де қарастырылды. Бірақ субсидия шаруа қожалығына берілді. Мемлекеттің тегін көмегін алу мақсатында саны бар сапасы жоқ шаруа қожалықтары көбейіп шыға келді. Қазақстан бойынша 2010 жылы ірі қара малдың ішінде асыл тұқымды мал басы саны − 2,9 пайызды ғана құрады. Оның өзі «асыл тұқымды» деп айтуға келмейді. Әсіресе, қазақтың ақбас сиыры өз маңыздылығын әрі сапасын жоғалтып алды. Нәтижесінде сиыр салмағы 154 келіге дейін төмендеп кетті. Бұрын 225 келі болатын. «Кеңес кезінде асыл тұқымды мал шаруашылығы саны  – 27  болса, 2012-2013 жылдары мемлекет субсидия бөлгеннен кейін асыл тұқымды мал шаруашылығының саны 200-ге жетті. Негізінде бұл шаруа қожалықтарының саны бар, сапасы жоқ еді. Яғни, мемлекеттен тегін субсидия алу үшін ғана ашылды. Бұлай дейтінім, малдың сапасы нашарлады, саны азайды. 90 жылдардың басында бұқаны екі жыл сайын ауыстыру сияқты мәселеге ешкім мән бермеді. Жол көрсететін кәсіби мамандар болмаған соң, әркім шамасы жеткенше не біледі соны істеді. Салдарынан әлемдік стандарт бойынша малдағы еттің салмағы 225 келі болуы тиіс болса, бізде бұл көрсеткіш 150 келіден төмен түсіп кетті. Тек 2011 жылы әлемдік тәжиірбені ескеріп мемлекет мал басын асылдандыру мақсатында субсидияны шаруа қожалығына емес, мал басына береді. Оның өзінде асыл тұқымды деп атайтындай малдың етінің салмағы мен сүтінің нәрлілігі тексерілді. Осы ретте тағы айта кетерлігі, субсидияны малды сатушыға емес, сатып алушыға берді. Бұл қадам арқылы нарықта тұрақты сатып алушы қалыптасты», − дейді Жеңіс Бекназаров. Оның айтуынша, қазір мал басын асылдандыру бойынша шаруалардың көзқарасы өзгерген. Шаруалар ұрғашы малға жақсы бұқа қосатын болса, сапалы өнім алатынын түсінді. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде бұрын орташа есеппен мал етінің салмағы − 150 келі болса, енді етке 20-25 келі, ал малдың салмағына − 45 келі қосылды. «Жергілікті аналық асыл тұқымды емес малға (абориген) бұқаны қосқан кезде одан туған малдың генетикалық сырт пішіні және ет беру әлеуеттілігі жоғарылайды. Ол малды тағы да асыл тұқымды малмен будандастыратын болса, одан туған малдың қанындағы асыл тұқымдылық пайызы арта түседі. Дәл осылай 5-6 рет қайталанған кезде, мал толықтай асылдандырылған болып саналады. Кезінде сырттан мал алып кету туралы бастама болған кезде жұрт дұрыс қабылдаған жоқ. Бірақ бұл өз нәтижесін берді. Соны арқасында үлкен шаруа қожалықтары пайда болды», − дейді кәсіпкер, Алматы облысы фермерлер одағы басшысы Бақытжан Абдрасилов.

Жайылымды жерлердің жайы

Ел аумағының төрттен бір бөлігі жазық дала, жартысы шөлейт және қалған бір бөлігі таулы аймақ десек, соның 80 пайызы ауыл шаруашылығына қолайлы екен. Еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемі 220 млн гектар болса, соның 187 млн гектары – мал жайылымдары. Бірақ малдың көбі қыстақ пен жайлаудан гөрі ауыл маңында жайылғандықтан ауыл жанындағы 15-20 шақырымға дейінгі жерлер азып-тозып, табиғи өнімділігі төмендеп кеткен. «Жайылымды жерлерді кезінде біреулер иеленіп алған. Қазір олар сол жерді не өздері ұқсатып отырған жоқ, не біз сияқты кейіннен шыққан шаруаларға тапсырмайды. Мемлекетке өткізуге де ниеттері жоқ. Өз жекеменшіктеріне өткізіп, кейін басқаға сатып жіберуді көздейді. Бұған қоса, ауылдағы жұрт малын жайлауға жібергісі келмейді. Өйткені, бұл шығын. Ортақ ақша шығаруға тура келеді. Сол үшін «малымыз ауылдың ортасында жүре берсін» дейді. Ол мал біреудің егін алқабына түседі. Сосын оның иесі малды қамап қояды. Осыдан барып, ауылдағы ағайынның «мал жаятын жер жоқ» деген дауы туындайды», − дейді Бақытжан Абдрасилов.

Ветеринария саласын дамыту кезек күттірмейтін мәселе

Кеңес үкіметі тарағаннан кейін ветеринария саласында айтарлықтай қиындықтар туындады. Урбанизацияның салдары сол кездегі ветеринария саласының құрдымға кеткенін көрсетті. Оңтүстіктен солтүстікке тасыған малдардан аурулар тарай бастады. Әр өңірде малдарды үзіліссіз жер ауыстыру салдарынан бруцеллуз ауруы белең алды. Мысалы, 2003-2004 жылдары бруцеллуз жұқтырған мал саны күрт артқан. Осы мәселенің алдын алу үшін 2007 жылы АШМ ветеринария саласына реформа жасады. 2010 жылы ірі қара малдың 82 пайызы қосалқы шаруа жожалықтарында болса, 18 пайызы ұйымдасқар шаруашылықтарға тиесілі еді. Осы кезде облыстарда ақылы негізде қызмет  көрсететін ветеринария орталықтары ашылады деп жоспарланды. Бірақ қосалқы шаруа қожалықтары мал дәрігерлеріне ақы төлеуге ниеті болмады. Салдарынан жеке ветеринарлық сала дамымады. «Біздегі мал соятын кір аймақтан таза аймаққа өту мәселесін ветеринарлық қызмет дұрыс қадағалаймайды. Салдарынан мал арасында тарайтын аурулар жалғасады. Ветеринарияны барлығына кінәлі деп айта алмаймыз. Өйткені, өзіміз іс жүзінде көріп отырғанымыздай маман тапшы. Мысалы, медицина саласына баллы жетпегендер ветеринарияны таңдайды. Оның өзінде көбі қыз балалар екен. Олар диплом алу үшін оқитыны түсінікті. Тіпті, маман иесі атанған күннің өзінде қыз балалар тек іс-қағазбен айналысудан арыға бармайды. Тіпті, біліктілігі жоқ мал дәрігерін жұмыстан шығарайын десе де, оның орнын алмастыратын білімді маман жоқ. Мемлекет осы мәселені қолға алу керек», − дейді Алматы облысы фермерлер одағы басшысы.

Малдың тұяғы, терісі, мүйізін сатып пайда табуға болады

Қазақстанның ет одағының басқарушы директоры Жеңіс Бекназаровтың айтуынша, ет экспорты дамыған елдерде мал бағасының жартысы ішек құрылыстардың құны құрайды. Мысалы, сиырдың етін 1000 долларға сатса, ішек құрылысты тағы да 1000 долларға сатады. Оның ішіне қаны, тұяғы, терісі, мүйізіне дейін сатылады. Бұл кәдімгі сұранысқа ие өнім. «Бізде қазір малдың тек еті ғана сатылады. Ал ең ірі ет импорттап отырған Қытай қазір малдың ішкі құрылысы мен мүйізін сатып алуға дайын. Тіпті, бұған дейін малдың терісін Түркия мен Италияға экспорттап отырған шаруаларға мемлекет тері өнімдерін сыртқа сатуға тыйым салды. Оның себебі, өз ішімізде 4 бірдей тері өңдейтін зауыт ашылды. Ал олар шаруалардан теріні «тегін» яғни, тиын-тебенге сатып алғысы келеді. Мал шаруашылығы саласында үкімет кадр даярлау, ғылымды дамыту және ветеренария мәселесін және экспорт нарығын ашуға басымдық беру керек. Ал қалғаны нарық талабы бойынша дамиды», − дейді Жеңіс Бекназаров.

Түйін. Биылғы көрсеткіш бойынша Қазақстанда 25 мың фермер мал басы санын арттыру үшін жұмыс істеуде. Нәтижесінде асыл тұқымды мал басы саны 3%-дан 12%-ға артты. Мал етінің салмағы – 154 келіден, 175 – келіге жетті. Республика бойынша ішкі нарықты сиыр етімен қамтамасыз ету 104 %-ды құрады. Тұтастай алғанда мал шаруашылығының дамуы сыртқы ет экспортын дамытуға жол ашты. Бастысы, шаруалар қанша уақыттан бері жолға қойылмаған мал шаруашылығы саласын бірізділендірді. Атқарылған жұмыс алдағы уақытта еңбектің табысты болуына кепілдік береді.