Озық оқу ордасы
Озық оқу ордасы
©Досжан Балабекұлы
443
оқылды

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Жақсылық жасауда өзара жарысыңдар» деген екен. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Қансейітұлы осы қасиетті қағиданы жүзеге асыру мақсатында өз қызметіне қызу кірісіп кетті. «Қаракет қыл, пайдасы көпке тисін» деп хәкім Абай айтқандай,  алғашқы күннен бастап,  дүйім халық,  мұқым елге пайдасы тиетіндей игі де ізгі істерді қолға алды.

Оқу ордасының әлеуметтік әлеуетін дамыту үшін 2021-2025 жылдарға арналған жоба-жоспарларын бекітті. Сөйтіп нақты да ауқымды істер атқарыла бастады. Атап айтар болсақ, Жансейіт Қансейітұлы ректор болып келгелі бері университет қызметкерлерінің айлығы екі мәрте көтерілді. Соның арқасында қазір – оқытушы – 285 мың, аға оқытушы – 312 мың, доцент – 389 мың, профессор ­­­– 500 мың теңге жалақы алады. Сондай-ақ халықаралық басылымдарда мақаласы жарияланған 234 ғалымға 74,8 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалыпты. Мұндай жарылқауды оқытушы-профессорлар құрамы тәуелсіздік алғалы бері көрмеген. Әрине, кез келген қызметкер өз қызмет орнында өзін суда жүзген балықтай сезінуі тиіс. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін  күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта білім ошағында жеті оқу корпусы болса, соның үш оқу корпусында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. Сондай-ақ оқу корпустары мен жатақханаларды қайта құру және қызметтік тұрғын үй салу жоспарда бар. Мұндай күрделі жөндеу қара шаңырақта қырық жылдан бері жасалмаған. оқу ордасы Қысқасы, ғимараттардың іші-сырты, есік-терезесі, едені, қабырғасы, жолы – бәрі жаңаланады. Барлық аудиториялар жаңа жиһаздар мен интерактивті тақталар және мультимедиялық құрылғылармен жабдықталады. Қазіргі таңда мыңға жуық компьютер алынып, тиісті орындарға таратылды. Осы орайда күллі ұстаздар қауымын ерекше қуантқан жағдайды айта кеткеніміз абзал. Бұрын оқытушы-профессорлар құрамы индикативтік жоспарды орындаудан бас көтере алмайтын. Тіпті дәріске дайындалуға мұрша бермейтін. Қазіргі ректор сол қағазбастылықтан арылтып, соның 212-сін қысқартты. Ең бастысы, іс-қағаздары қазақ тілінде жүргізіле бастады. Алдағы уақытта да шәкірттерге  сапалы білім, саналы тәрбие беруі үшін оқытушы-профессор құрамын қолдап-қуаттау ісі жалғасын табатын сыңайлы. «Өз пайдаңды ойлама, Ел пайдасын ойла, Өз пайдаң соның ішінде!» деп Жүсіп Баласағұн айтпақшы, Жансейіт Қансейітұлы – өз пайдасын емес, ел пайдасын ойлаған басшы. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде айтар болсақ, университет ректорының қолдауымен білім ордасының Баспасөз қызметі жаңа бағытта жұмыс істей бастады. «Қазақ университеті» газеті мен телестудияның һәм жақында ғана жаңарған сайттың штаты қайта жасақталып, өз алдына отау тікті. Бұдан былай телестудия аптаның айшықты оқиғалары мен жағымды жаңалықтарын таратып, оқытушы-профессорлардан салиқалы сұхбаттар жүргізеді. Сонымен бірге ҚазҰУ-да заманауи теннис орталығы ашылды. Бұл орталықтың жаттығу залы, медициналық қызмет көрсететін, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелері һәм дәмхана мен спорт дүкені санитарлық талаптарға сай жабдықталған. Тағы бір атап өтетін жайт, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиеті 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесіне орай,  «Ардагерге құрмет» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Осы шара шеңберінде 2 соғыс ардагеріне, 88 тылдағы еңбеккерге, 13 ауған соғысының жауынгеріне, 20 университет Ақсақалдар кеңесінің мүшелеріне азық-түлік себеттері таратылып, қаржылай көмек көрсетілді. Сонымен қатар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қалашықта «Елбасы саябағы», ал  Ұлыстың ұлы күні «Ағаштар аллеясы» ашылды. «Елбасы саябағына 300-ге жуық алма, шие, өрік ағашы,  «Ағаштар аллеясына» 300-ден астам қырым қарағайы мен алтай шыршасы отырғызылды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – әлемдегі 200-топ үздік ЖОО қатарына енген Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалғыз университет. Аталған оқу ордасы QS жаһандық рейтингі бойынша 165-орынға ие. оқу ордасы Қасиетті қара шаңырақ ұстаздарының арасында Ұлттық ғылым академиясының 10 академигі мен 7 корреспондент-мүшесі, ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың 14 лауреаты бар. Сондай-ақ осы оқу орнына АҚШ пен Еуропа елдерінде сабақ берген Уалбай Өмірбаев және Базбек Дәулетов секілді профессорлар тартылған. Айтпақшы, білім ошағының 400-ден астам оқытушысы – «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантының иегері. «Не сөйлейтініңді біл, кімге сөйлейтініңді біл, қай жерде сөйлейтініңді біл, қай кезде сөйлейтініңді біл, қалай сөйлейтініңді біл» деген екен Бөлтірік шешен. Сол айтқандай, жақында университет ректоры Жансейіт Қансейітұлы онлайн және офлайн форматта кездесу өткізіп, елге есеп берді. Осы жиында ректор жоғары оқу орнының жеткен жетістіктері мен алдағы уақытта атқарылар жоба-жоспарлары туралы кеңінен баяндады. Сөз соңында: «Қазіргі уақытта университет ұжымы жоғары білім мен ғылымның сапасын арттыру бойынша стратегиялық міндеттерді шешуге ұмтылуда. ҚазҰУ-дың одан әрі дамуы еліміздің адами капиталы мен ғылыми-технологиялық әлеуетін күшейтуге ықпал ететін болады», – деді. «Өзіне сенген адам ғана ұлы істерге бара алады» деген екен Марк Твен. Сол айтқандай, біз Жансейіт Түймебаев ректор болып келгелі бері атқарылған игі де ізгі істерді ғана тілге тиек еттік. Ал оқу ордасының алған асулары мен жеткен жетістіктер мұнан да көп екендігі даусыз. «Құраннан Алланың иiсi шығып тұрады, Хадистен Мұхаммед пайғамбардың иiсi шығып тұрады, ал әрбiр адамнан өз ұлтының иiсi шығып тұру керек!» деген екен Мәулана Руми. Сол айтпақшы, Жансейіт Қансейітұлы – ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүрген азаматтардың бірі де бірегейі. Оның бойынан ылғи да қазақ халқының иісі аңқып тұрады. Оған Алланың нұры жаусын!

Ермахан Шайхыұлы