Дәрігерге зәруміз
Дәрігерге зәруміз
600
оқылды
Отандық денсаулық сақ­тау саласы көптеген кемші­лік­тен көз ашпай келеді. Өте күр­делі мәселенің ба­сында дәрігерлер тап­шы­лығы тұр. Елімізде маман­дар жет­пейді, ал медицина сала­сында оқығандар не кәсібін өзгертіп, кейбірі шетелге кетіп жатыр. Жыл сайын маман атанып жатқан жас дәрігерлер қайда жүр, тапшылықтың орнын неге толтыра алмай отыр?

Табыстың төмендігі тапшылық тудырды ма?

Қазір елдегі денсаулық сақтау саласында 262 200 адам жұмыс істейді екен. Оның 76 мыңнан астамы – дәрігер, 186 мыңға жуығы – орта мед­персонал қатарында. Былтыр елде бар дәрігерлер саны 250 мыңнан астам еді. Сәл өскені байқалады. Бірақ әлі 6,8 мың маман қажет, 3 947 дәрігер, 2 885 медбике мен фельдшер жетіс­пейді. 2020 жылмен салыстыр­ғанда қажеттілік екі есеге жуық азайғанға ұқсайды. Былтыр 12,7 мың қызметкер (4 222 дәрігер мен 8 583 орташа дәрежедегі маман) керек болған. Дегенмен жағдайды жақсыға балай алмаймыз. Бұл тапшылық қайта үдей беруі де ғажап емес. Көп мәселенің бірі секілді көрін­генмен, халықтың саулығына жауап беретін саланың маңызы зор. Жағдайы жеткен адам жеке клиникаларда ақылы түрде емделеді делік, бірақ қалған жұрт қайтпек? Дәрігер жетіс­пеген соң мемлекеттік ауруха­наларда кезек басталады. Онсыз да осы жағдайды кешіп отырмыз. Әсіресе, солтүстікте кадр тапшы. Миллионға жуық тұр­ғыны бар Қостанай өңірінде жағдай қиын. 1300 маман қажет, оның 823-і медбике мен фельд­шердің орны. Бірақ бұл мәселе барлық аймақта бар. Ақмолаға 733, Алматыға 541, Солтүстік Қазақстан облысына 525 кадр жетпейді. Нюанстар өте көп. Алматыда медбике тапшы болса, Жамбыл мен Қызылордада жеткілікті, бірақ керісінше дәрі­герлер табылмайды. Жағдайы өзге өңірлерден жақсырақ деген Қарағанды облысының өзіне 100 қызметкер керек болып тұр екен. Ал Денсаулық сақтау ми­нистрлігі дәрігер тапшылығына бірнеше себепті алға тартқан. Бәрі сайып келгенде материал­дық жағдайға тұжырымдалған. Ведомство «көші-қон көрсет­кішінің артуы, денсаулық сақтау саласына жас кадрлардың аз келіп, бұрынғы кадрлардың қартаюы, жалақының төмен екені, ынталандыру болмауы мен қызметкерлердің әлеуметтік қорғалмауын» алға тартады. Бұдан соң медицинадағы сапалы қызмет көрсету жайлы айту әбестік шығар. 2020 жылғы дерек бойынша, Қазақстанда дәрігерлердің орташа жалақысы 258 708 теңге болып, ал медицина қызмет­керлері айына 161 281 теңге көлемінде ғана жалақы алған. 2025 жылға дейін дәрігерлер кемі 550 мың теңге айлық алады деп жоспарланғанын білеміз. Бірақ жоғарыдағы басшының айлығы өсе ме әлде науқастардың ор­тасында жүрген нағыз маманның айлығы өсе ме, күмәнді дүние. Оның үстіне мамандар кезең-кезеңімен іске асатын жоспарды күткісі келмейтіндей. Біліміне сенген, өзге елде жүріп күн кө­ріп, жоғарылау жалақы алуға дә­мелілер шекара асып кетеді.

Мамандар шетелге кетіп жатыр

Кез келген білікті маманның өзіндік талабы бар. Талап деп сілтеп отырғанымыз – ол да өзгелердей жоғары жалақы мен қолайлы орын іздейді. Егер қалағанын таппаса, мамандығын құрбан етіп, ебі келген басқа салаға ауысуы мүмкін. Шетел асып кетіп жатқандарын көріп отырмыз. Мәселен, 2017-2020 жылдары Қазақстаннан 4 259 медицина қызметкері кеткен. Кеткендердің білімі мен құ­зыреті неғұрлым жоғары болса, оларға шетелде жұмыс табу оңайырақ. 2021 жылдың бірінші тоқсанында тағы 186 дәрігер басқа елдерге тұрақты тұруға көшті. Шыны керек, пандемия елдегі медицина саласының олқылықтарын түгел ашты. Кө­бінесе біздің мамандар пост­кеңес­тік елдерге көшеді. Әсі­ресе, Ресейге. Себебі тілдік ке­дергі жоқ, орыс тілін білсе жет­кілікті, қазақстандық диплом ол жақта жарай береді. Солтүстік пен шығыс өңірлер маманнан көп айырылып жатыр. ШҚО – 668, Қарағанды облысы – 657, СҚО – 581, Қостанай облысы 439 кадрын жоғалтқан. Ал 2018 жылы ТМД елдеріне медици­налық білімі бар 1121 адам, алыс шетелдерге – 104, 2019 жылы – 1212, 2020 жылы 760 адам кеткен. Осыдан-ақ жағдайды бағамдай берейік. Бұл ел үшін қауіпті тенденция. Отанда өсіп, оқып-тоқып, кейін шетелге аттанғандар арқылы Қазақстан адами капиталынан айырылып отыр.

Жастар жарылқаусыз ба?

Қалаларда маман табылмай жүрген кезде аудандардың жайы тіптен қиын екені даусыз. Ең тапшы мамандық иелері – терапевт. Өзгені былай қойғанда, елордада да дәрігерлер жетіспей жатыр. Қазірдің өзінде 534 маман жоқ. Әсіресе, педиатр, терапевт, жалпы тәжірибелік дәрігердің орны бос тұр. Ем­ханаларда учаскелік дәрігерлер 2 сағат қана қабылдап жатыр. Осындайда «Медицина сала­сын­да білім алған жастар қай­да?» деген сауал еріксіз шығады. Кейінгі кезде медициналық оқу ордасын бітірген жас маман­дардың көбі мемлекеттік емхана жүктемесінің көптігіне шыдамай кетіп қалатыны көп айтылады. Себебі бір дәрігердің мойнында алдына келген науқасты қарау­мен қатар, мобильдік топпен шақыртуға шығу міндеті бар. Пандемия басталғалы бұл жүк­теме екі есе артқан. Оларды да түсінуге болар, себебі дамылсыз жұмысы үшін жақсы жалақы алғысы келеді. Өзге мәселелерге алаңдамауы тиіс. Айлығы шай­лығына жетпей жүрген маман­ның баспана мәселесі тағы бар. Ретке келтіру үшін не істеліп жатыр? Нұр-Сұлтан қаласының Денсаулық сақтау басқармасы «бұл мәселені біртіндеп ше­шеміз» дейді. – Қазір емхана басшы­ла­рымен жас мамандарды тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Баспана мәселесін ше­шуге қатысты түрлі тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік жасалады. Еліміздегі ипотекалық несие арқылы ден­саулық сақтау саласы қызмет­керлеріне биыл 82 пәтер бөлінді. Қазір үш ауданда жас мамандарға арналған жатақхана құрылысы басталды, – дейді қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

Оқу ордалары дәрменсіз бе?

Әйткенмен 82 пәтермен бар проблема шешіле қалмасы анық. Біз медицина мамандарын даярлайтын университеттермен байланысып көрген едік. Сауал сол: оқуын аяқтаған жастар қай­да кетіп жатыр? С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық ме­дицина университетіне хабар­ласқанымызда олар түлектердің қайда барып жұмыс істейтінін шешетін арнайы комиссия барын айтты. Медицина ұйым­дары жас маманмен еңбек келісімшартын жасайды. 2019 жылдан бастап «Білім беру ту­ралы» заңға сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқыған азаматтар оқуын бітірген соң 3 жыл бойы мемлекеттік емханаларда жұмыс істеуі тиіс. Сол бойынша түлектердің бірі жұмысқа барса, кейбірі рези­дентурада білімін жалғастырған­ды құп көреді екен. Ал Қар­а­ғанды медицина университетінің академиялық жұмыс жөніндегі проректоры Виктор Риклефс елімізде оқуын тәмамдап, дип­лом алған мамандарға дұрыс жағдай жасалмайтынын айтады. Әсіресе, медбикелердің мәр­тебесі көлеңкеде қалып қойған. Мысалы, Қарағанды облысында зейнет жасына жақындаған мамандардың орнына резидент­тер даярланып жүр. Жылына бір мыңға жуық дәрігер оқытатын медициналық университеттен тек 100-ден астам ғана медбике шығады екен. – Жоғары білімді медбике­лер аз. Қоғам, тіпті ондай маман­дықтың бар екенін біле бермейді. Оған арнайы гранттар бөлінген. Қоғамдық денсаулық сақтау саласында да мамандар жет­пейді. Оны пандемия анық көрсетті. Себебі дәстүрлі түрде бәрі әйтеуір дәрігер болғысы келеді. Бірақ қазір дәрігерлердің жұмысын жеңілдету үшін мед­бикелерге де орасан зор жауап­кершілік артылып жатыр. Сон­дай-ақ фармацевтер де тапшы. Қазір бұл салада 105 адам ғана оқиды. Бұл нарықтағы қажет­тілікті өтеуге жеткіліксіз, – дейді ол. Жалпы, университеттерден бөлек, республикадағы 26 мем­лекеттік, 37 жеке колледжді қоссақ, шамамен жылына 12 мың медицина қызметкерін түлетеді. Ендігі еңбек нарығында ең болмаса медбике тапшы болмауы керек еді. Бәлкім, олар осы салада жұмыс істеуге құ­лықсыз болып, басқа салаға кете ме екен? Әлде жас мамандарды ынталандыра алмай отырмыз ба? Әйтеуір медицина саласы ең көп қаржы бөлінетін жер бол­ғанына қарамастан, оңала алмай келеді.

Мадияр Төлеу