Партияаралық кеңестің отырысы өтті
Партияаралық кеңестің отырысы өтті
173
оқылды
Парламент Мәжілісі жанындағы Партияаралық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Партия­ара­лық кеңес құрамындағы парламенттік емес партиялардың ұсы­ныстары заң шығару жұмысында әдеттегідей ескерілетінін атап өтті. Отырысқа Мәжіліс депутаттары, соның ішінде «Ақ жол», Қазақстан­ның Халық партиясының жетек­шілері, Қазақстан халқы Ассамблея­сынан, сонымен бірге парламенттік емес Adal, «Ауыл» және Жалпыұлттық социал демократиялық партиялары­ның өкілдері қатысты. Жиында Нұрлан Нығматулин Мәжіліс депу­таттарының жұмысындағы заң жоба­ларын талқылауға барлық саяси пар­тиялар өкілдерінің белсенді қа­тысуы осы диалог алаңының қажет­тілігін көрсететініне назар аударды. Нұрлан Нығматулин атап өт­кендей, VII шақырылымдағы Пар­ламент жұмысы басталғаннан бері Мәжілістің қарауында барлығы 128 заң жобасы болды. Бүгінде оның 80-і мақұлданып, Сенатқа жолданды. Оларды талқылау кезінде Парла­менттік емес партиялардың өкілдері жұмыс топтарына қатысып, әсіресе, қоғам назарын аударған заң жоба­ларына, сонымен қатар экономика­лық және әлеуметтік құжаттарда өздерінің нақты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Палата Спикері депутаттардың Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформаларды заңнамалық қамта­масыз ету жөніндегі жұмыстарын айта келіп:
– Біз «Сайлау туралы» Конститу­ция­лық заңға өзгерістер енгіздік. Олар Президенттің Мәжіліске «өту шегін» 7-ден 5% - ға дейін төмендету, сайлау бюллетеньдеріне «Барлығына қарсы» бағанын енгізу, сондай-ақ ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу туралы ұсыныстарын іске асыруға бағытталған, – деді.
Мәжіліс Төрағасы депутаттар мақұлдаған заң жобаларының ішінде ел Президенті бастамашылық жа­саған шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге толық заңнамалық тыйым салуды көздейтін Жер қаты­настары мәселелері бойынша заң жобасын ерекше атап өтті. Іс-шарада Нұрлан Нығматулин «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар, Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізілгеніне тоқталды. Депутаттар «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы» заң жобасын қарап, мақұлдады. Онда сатып алуды жүзеге асырудың қағидаттары мен тәсілдері, сатып алуға қатысуға бай­ланысты шектеулер, сатып алуды жоспарлау қағидалары және әлеуетті өнім берушілерге қойылатын бі­ліктілік талаптары айқындалады.
– Осы және басқа да заң жобалары бойынша «Nur Otan», Қазақстанның Халық партиясы және «Ақ жол» пар­тияларының парламенттік фракция­лары, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы жемісті еңбек етті. Осы жолда көпте­ген ұсыныстары заң жобалау жұ­мы­сында көрініс тапқан «Ауыл», Adal партиялары мен Жалпыұлттық со­циал-демократиялық партиясының белсенді ұстанымдарын атап өткім келеді, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Нұрлан Нығматулин атап өткен­дей, қазір Мәжіліс қоржынында 41 заң жобасы бар. Олар: бәсекелестікті дамыту, кәсіпкерлік қызмет саласын­да жаңа реттеушілік саясатты енгізу, бюджеттік заңнаманы жетілдіру, бала құқықтарын қорғау, волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар туралы, сондай-ақ сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл мәселелері және тағы басқалар. Мәжіліс Төрағасы саяси пар­тия­лардың палатаға енгізілетін заң жо­балары бойынша тұжырым­да­малық ұсыныстарын кеңес оты­рысында тал­қылауды ұсынды. Осы отырысқа қатысқан парла­менттік емес партия мүшелері де Пар­тияаралық кеңестің уақыт та­лабы­мен құрылған маңызды саяси диалог алаңы екенін, ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін айтты. Партияаралық кеңесті қорытын­дылаған Нұрлан Нығматулин Мәжі­лістің алдында қаралып отырған заң жобалары бойынша пікірлердің ба­рынша көп спектрін қамтитын және халықтың мүдделерін ескеретін оң­тайлы шешім табу және қалыптастыру міндеті тұрғанын атап өтіп, депутат­тық корпус осы бағыттағы жұмысты парламенттік емес партиялармен және жалпы азаматтық қоғаммен бірге жалғастыратынын айтты.

Ж.НҰРЛАН