Кедейлер қымбатшылық құрсауында қалды
Кедейлер қымбатшылық құрсауында қалды
348
оқылды
Қазақстанды қымбатшылық қысып барады. Жалпы, 2021 жыл бай мен кедей арасының алшақтығын айқын аңғарта түсті. Шенеуніктер жалақысынан айына жарты миллион теңгені тек тамаққа жұмсайтынын ашық айтса, тапқаны қапқанына жетпейтін қарапайым бұқара тиын-тебенін қайда жеткізерін білмей дал. Азық-түліктің өзіне әрең үнемдеп отыр.

Бай байыған сайын...

Жалпы, халықтың материалдық жағ­дайы­ның төмендеп кеткенін Ұлттық банк те ашық жариялады. Биыл банк өкілдері инфляциялық болжам бойынша сауалнама жүргізген. Сонда халықтың басым бөлігі елімізде қымбатшылық сақталады деген пікір білдірген. Шынымен де келесі жылы баға 33 пайызға дейін өсетіні болжанып отыр. «Мысалы, қазанда несие алғандардың үлесі шілдемен салыстырғанда 3 пайызға өсті. Ал ақша жинайтын халықтың үлесі кері­сінше 3 пайызға азайды», – деп мәлім­деді Ұлттық банктің ақша-несие сая­саты департаменті директорының орынбасары Денис Чернявский. Тіпті, сол қымбатшылық салдарынан таяуда ақтаулық Рүстем Тінеев атты азамат 6 баласын жұмыртқа сатып асырау үшін амал­сыз 10 қабатты үйдің шатырына тауық бағып, 70 мың теңге айыппұл арқалаған еді. Бұл жағдайға бейжай қарай алмаған кә­сіпкер Сырымбек Тау мен блогер Дәулет Тө­леутайұлы әлеуметтік желідегі оқырман­дарынан «жылу» жинап, көпбалалы отбасына 20 сотық жерімен және жиһазымен баспана алып берді. Бұл ретте көпшіліктен 12,5 миллион теңге жиналған. Енді олар бас­­панадан артылған ақшаға күні жұмырт­қаға қарап қалған отбасына дүкен мен қора салып бермек. «Сүйеу болсын, тіреу болсын мың қазақ, сүрінгенде, бүгілгенде бір қазақ» дегендей, биліктен қайыр болмасын түсін­ген жұрттың осылайша бірін-бірі демеп отыруға көшкені – ащы да болса ақиқат. Бірақ бірді-екілі емес, мың-мил­лиондаған отбасының жағдайы көңіл көншітерлік болмаған заманда кім кімді жарылқап, қа­рық қылғандай?!. Сондай-ақ Семейде 3 айдан бері жалақы ал­ма­ған жылу электр орталығының жұмыс­шыларына басшылық сүт пен нанға талон беріп немесе түскі ас ұсынған. Онсыз да аз еңбекақыларын қолдарына соңғы рет шілдеде ұстатыпты. Ал кәсіпорын басшы­лығының мәлімдеуінше, айлықтың кешігуіне 300 миллион теңгеге жуық қары­зын қайтармаған тұтынушылар кінәлі көрінеді. «Қыркүйек айынан бері 145 миллион теңге берешекпіз. Оның 1,8 миллионын төледік. Күнделікті түсіп жатқан қар­жыны осы жалақыны төлеуге жұмсап отырмыз», – деп ақталды кәсіпорын директоры Азат Сарпеков. Енді сол берешекті қазір 1 150 адам зарыға күтіп отыр. Елімізде сол сияқты жұмысшылардың 4/1 бөлігі 45-105 мың теңге аралығында ғана айлық алады екен. Сонымен қатар 36,9 пайызы 105-210 мың теңге аралығын­дағы табысты қанағат тұтып жүр. Бұдан бөлек, қазір еліміздегі әр алтыншы бала кедей отбасында өсіп жатыр. Олардың 90 пайызы – көпбалалы отбасылар. Осылайша қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының ғалымдары елде балалар кедейлігі бар деген қорытындыға келіп отыр. Өйткені бізде бір балаға берілетін жәрдемақы 11 жарым мыңнан сәл асады. Енді елімізде 454 мың көпбалалы отбасы бар десек, оның ішінде жұмыссыз ата-аналар көп. Елдің жағдайы осындай болып тұр­ғанда, таяуда тілшілердің «Азық-түлікке айына қанша ақша жұмсайсыз?» деген сұрағына Мәжіліс депутаты Анатолий Симонов «қатырып» жауап берді. «Айына өз басыма 50 мың теңгедей кетеді. Ал отбасымды қоса есептегенде, 250 мыңдай жұмсалады», – дейді ол. Ал оның алдында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев азық-түлікке айына отбасымен 50-60 мың теңге жұмсай­тынын айтқан болатын. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин болса, жалақысының миллион теңгеге жуық екенін, оның 500 мыңдайы айына отбасын­дағы 4 адамның тамағына ғана жұм­сала­тынын жасырмады. Жасырмайтын жөні де бар. Себебі бүгін­де супер-бай мен әлемнің қалған бөліктері арасындағы алшақтық кеңейе түскен. Тіпті, былтыр өндірілген ақшаның 82 пайызы жаһан халқының ең бай 1 пайызының қал­тасында қалса, кедейлерде ешқандай өсу бай­қалмаған. Oxfam ком­паниясының ат­қарушы директоры Марк Голдринг биыл 42 адам әлемдегі ең кедей­лердің жартысында бар байлыққа ие бол­ғанын мәлімдеді. Бұн­дай жағдайға салық­тан жалтару, фир­малар­дың саясатқа ық­палы, жұмысшы­лардың құқығының тапталуы негіз болған. «Қарап отырсаңыз, бұл – теңсіздіктің қолайсыз деңгейі», – дейді Марк Голдринг. Statista.com жүргізген әлемдік рейтинг бойынша қазір біз байлардың саны артқан 10 елдің ішінде жүрміз. Пандемияға қара­мас­тан, бүкіл әлемде бай-бағландардың саны артқан. Ал нақты Қазақстанның өзінде шіріген байлардың саны кейін қазіргіден 33 пайызға артатын көрінеді. Осыдан-ақ әлеуметтік теңсіздіктің шынайы жобасын көруге болады. Ке­дейлердің сіңірі шыға түссе, бай­лар үсті-үстіне байи түспек. Тіпті, коро­надағдарыс жағ­дайында да қалтасы қалыңда­ған олигархтардың саны есе­лен­генін кө­ріп отырмыз.

Азық-түлік бағасы ырыққа көнбей тұр

Биыл елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік әжептәуір қымбаттаған. Атап айтқанда, жыл басынан бері сәбіз 68,2 пайызға, пияз 30,2 пайызға, күнбағыс майы 60 пайызға, қырыққабат 27,1 пайыз­ға, картоп 29,7 пайызға, қарақұмық жармасы 22,2 пайызға, тауық еті 15,5 пайызға, қант 12,5 пайызға бір-ақ ытқыды. Сондай-ақ сүт өнімдері бір жылда 7,6 пайызға, мал еті және ет өнімдері 9,5 пайызға қымбат­таған. Нан бағасы да 5,9 пайызға, ұн 11,1 пайызға, мака­рон өнімдері 11,1 пайызға артып отыр. Оған қоса дизель отынының бағасы бірден 16,6 пайызға көтерілді. Соның салдарынан оның 1 литрі біраз өңірде 215 теңгеге жетті. Ұлттық банктің есебінше, қазан айында көмір мен газ бағасы да аспандап кеткен. «Өңірлердің көбінде сұйы­тыл­ған газ қымбаттады. Бұл тауардың ба­ға­сы республика бойынша 6,4 пайызға артып отыр. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қала­сы мен Қарағанды облысында электр энергиясы­ның тарифі көтерілді (8,5 пайыз және 5,3 пайыз). Ал көмір республика бойынша 2,1 пайыз қымбаттады. Әсіресе, Қарағанды об­лысында баға қатты артты (9,5 пайыз)», – деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі. Қыл аяғы әлгі қымбаттаған азық-түлікті тұтынғаннан кейін қажет болатын дәретхана қағазының өзі ырыққа бағынбай кеткен. Өйткені биыл қағаз сүлгілер өндірісі 6,6 пайызға (3,5 мың тонна), дәрет­хана қағазы өндірісі 9,7 пайызға (23,8 мың тонна) қыс­қарған еді. Отандық компаниялар халықтың дәретхана қағазына, қағаз сүлгілерге, бет­орамал­дарға сұра­нысын 68,7 пайызға қана­ғаттандырып отыр. Былтыр бұл көр­сеткіш 72,2 пайыз болған-ды. Ал импорт, керісінше, 7,9 пайызға артқан.

Мамандар не дейді?

Сарапшылардың пікірінше, еліміздегі «жұмысы бар кедейлер» мәселесі негізінен коронадағдарыс кезінде күшейе түскен. Ал саясаттанушы Расул Жұмалы елімізде негізгі пайда көзін мемлекет немесе мемлекеттік бизнес иемденіп отыр деген пікірде. «Бізде күнкөріс минимумы, орташа жалақыны есептеп шығару методикасы да дұрыс емес. Ең жоғары жалақы (500-600 мың теңге) мен төменгісін (40-50 мың теңге) негізге алып, соның ортасын есептеп шығарады. Мұның бәрі жоқ нәрсені бар қылып, әлеуметтік жағдайдың орташа дамуының оңтайлы екендігін көрсету үшін жасалады. Шын мәнінде 42 мың теңгеге өмір сүру мүмкін емес қой?.. Әлем елдерінде санау реті мүлдем басқа. Оларда халықтың басым бөлігі қандай жалақы алады, соның орташасын шығарады. Сонда шынайы болады», – дейді ол. Осы орайда Расул Рысмамбетов бізде адам еңбегі бағаланбайтынын баса айтты. «Мен ауылда бір пошта қызметкерінің 21 мың теңге алатынын білемін», – дейді экономист-сарапшы. Міне, осыдан кейін-ақ еңбекақысы еңсесін түсірген жұрттың қолайлы өмірді дамыған Еуропа елдерінен іздеп, «Бәлен жерде алтын бар...» деп жыл сайын үдере көшіп жатқанына бірдеңе деудің өзі қиын.