Бай­суфи­нов ұлттық құрамаға лайық па?
Бай­суфи­нов ұлттық құрамаға лайық па?
336
оқылды

Қазақстандық маман Талғат Бай­суфи­новтың Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалғанына 1 жылға жуықтады.

Осыған орай, 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аяқталар тұста бапкерді қызметінен алу туралы сыбыстың шеті шыға бастады. Анығын айтқанда, топ­тағы басты фаворит саналған әлем чемпиондарымен өткен ойыннан кейін «Біздегі футбол маңындағы шенділер шетелден бапкер алдыртып ақша жасауды ойлап жүрген шығар. Оған Франциядан ірі есеппен жеңілгеніміз жақсы сылтау болды» деген сыңайдағы алып­қашпа әңгімелер айтылды. Жуырда бұл мәселеге қатысты Талғат Маруаұлының өзі де пікір білдірген еді.
– Менің жұмыстан кетуіме қатысты әңгіме­лер айтыла бастағанын білемін. Өйткені келі­сім­шартым жылдың соңында аяқталады. Ары қарай бұл мәселені федерациядағылармен талқылап, нақты шешім шығарылады. Мені ұлттық құрама тізгінінде көргісі келмейтін, алаңдап жүргендерге айтарым – уайымда­маңыздар, келісімшарт мерзімі жақында бітеді. Мен бұл жауапкершілікті о баста өз мойныма алдым, нәтиже де маған тиесілі болып қалады. Сондықтан әр ойын үшін уайымдаймын, оған өзім жауапты боламын. Келісімшарт аяқталған соң федерациядағылар құрамаға жаңа бас бапкер қажет деп тапса, мен кетуге дайынмын, – деп ашық айтқан Қазақстан ұлттық құрама­сының жаттық­тырушысы.
Бастапқыда Байсуфиновке ұлттық құра­маны жаңарту, қайтадан жасақтау міндеті жүктелгені көпке белгілі. Өйткені құрамада бірнеше жылдан бері ойнап келе жатқан бірталай ойыншы бар. Олардың жасы бүгінде біразға келді. Сондықтан Қазақстан коман­дасының сапына жаңа, жас футболшыларды шақыру талабы қойылды. Федерация басшылары дәл осы жұмысты Талғаттың тұсында көргісі келді. Жыл бұрын жаңадан жасақталған жаттықтыру­шылар құрамы осы мәселелердің барлығын іске асыруға ұмтылып-ақ келеді. Өкініштісі, Талғат Байсуфинов жаттық­тырған Қазақстан командасы әлі күнге дейін ресми ойындарда мүлдем жеңіске жетпеді (5 тең ойын, 7 жеңіліс). Франциямен сырт алаңдағы ойында құрама тарихтағы ең ірі жеңілісіне (8:0) ұшыра­ды. Бірақ жеңіске пара-пар ойындарымыз да көп болғанын ұмытпау керек. 2018, 2022 жыл­дар­дағы әлем чемпионатына іріктеу ойындарында азулы деген Польшамен, Босниямен, Румыниямен, Украинамен (екі рет) тең түстік. Одан бөлек, жолдастық кездесулерде Қытай, Әзербайжан және Тәжікстанды жеңдік. Алда оған мүмкіндік берілсе, Ұлттар лигасында отандық маман өз кемшіліктерін түзетуге ынталы. Бір қызығы, Қазақстан құрамасын кейінгі 10 жылда 6 бапкер жаттықтырған. Соның бесеуі шетелдік мамандар. Бұл аралықта Талғат Маруаұлы бапкерлік қызметке екі рет тағайын­далды. 2020 жылдың 14 желтоқсанында құрама бапкері қызметіне қайта келген ол 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде бас командамызбен 8 ресми матчқа қатысты. Сол сегіз ойынның үшеуінде тең түсті, бесеуінде жеңілді. Алайда, топта Франция, Украина, Бос­ния, Финляндия секілді кіл мықты қарсы­ластармен жасыл алаңда жолықты. Олардың қай-қайсысы да FIFA рейтингісінде бізден әлдеқайда алда жүрген құрамалар. Сондықтан аталған командалармен тең ойынның өзі үлкен жетістік саналды. Өзге бапкерлермен салыстыру үшін айтсақ, мақтаулы деген Станимир Стоилов біздің құраманы тізгіндеген тұста 6 ресми ойынға қатысып, cоның біреуінде ғана жеңіске жеткен. Оның өзінде алақандай мемлекет Андорраны жеңді. Тіпті, сол Андорраның өзі бізбен бір мәрте тең ойнағаны бар. Жеңе алмай жүрген құрамаларымыз Грузия мен Латвия болды. Ал Байсуфиновтен бұрын құраманы екі жыл жаттықтырған Михал Билек кезінде 4 ресми кездесуде жеңіске жеттік: Шотландия, Литва және Сан-Марино (екі рет). Скоттардан бөлек, өзге екеуін жеңдім деп желпінудің өзі артық. Чехиялық маманның жеңілген құрамаларының тізімінде Беларусь, Албания, Кипр, Литвалар бар. Сондай-ақ осы екі шетелдік бапкер де Ұлттар лигасы деген тең деңгейлес құрамалар арасындағы жарысқа қатысты. Онда да жарытып ойнай алмадық. Алғашқысы D лигасында екінші орын алса, екіншісі C лигасын төртінші орынмен түйіндедік. Егер Байсуфинов осы Андорра, Сан-Мариноларды жеңе алмай жатса, онда отандық маманды қалай сынасақ та жарасар еді. Одан бөлек, 2017 жылы Байсуфиновті орта жолда қызметінен алып, Ресейден Александр Бородюкті шақыртқан едік. Бірақ ресейлік бапкердің 7 ойында бірде-бір рет жеңіске жете алмай, еліне ертерек қайтқанын көргенбіз. Тағы бір мысал, Талғат Маруаұлы құрама тізгінін 2016 жылы алғаш рет қолға алғанда FIFA рейтингісінде 132-орында тұрдық, ал жыл соңында 98-орынға көтерілдік. Бұл рекордтық көрсеткіш саналды. Ал 2017 жылы Бородюк баптаған тұста Маруаұлы шығарған биіктен бір-ақ құлап, 137-сатыға жайғастық. Одан кейінгі Стоилов пен Билек те рейтингті 120-орыннан ары асырған жоқ. Жалпы, 1992 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасы 18 мәрте бас бапкер ауыс­тырған екен. Келесі жылы 19-шы бапкерді де көріп қалуымыз мүмкін. Бірақ бапкер ауыстырудан келіп-кетер пайда көріп тұрғанымыз жоқ. Біз атап өткен мамандардың ешқайсысы құрама деңгейін айтарлықтай жоғары деңгейге көтере алмады. Оның қасында өзіміздің Талғат Байсуфиновтың атқарған жұмысы салыстырмалы түрде шетелдік бапкерлерден тәуір. Оның үстіне шетелдік бапкерлер жоғары жалақы талап етеді әрі келісімшарты уақытынан бұрын бұзылса, өтемақысын өндіріп алады. Бұл ретте Қазақстан құрамасының қазіргі бас бапкерінің жұмысына қатысты спорт саласында жүрген мамандардың пікірін білдік.
– Байсуфиновты қызметінен кетірудің қажеті жоқ. Бапкер ауыстырғаннан қазақ футболының көсегесі көгермейді. Осы күнге дейін қаншама бапкер ауыстырды, көгеретін болса, баяғыда-ақ көктеп, көгеруші еді. Мәселе бапкерде емес, мәселе біздің футболшыларда. Деңгейіміз бәріне белгілі. Дәл қазір Зиданды әкелсек те керемет жетістікке жете қоймасымыз айқын. Қайта Талғат Байсуфинов құрама ойынын жақсартуға тырысуда. Бұрындары іріктеу кезеңінде жоқ дегенде бір рет жеңетінбіз дегендерге: ол кезде топта Андорра, Фарер секілді құрамалар болды. Тәкең тең түскен ойындар (Польша, Румыния, Украина, Босния) Андорра мен Фарерді он рет жеңгеннен артық, – дейді спорт шолушысы Қуанышхан Өмірхан.
Ол сонымен қатар ел біріншілігіндегі командалардың сапында негізінен кілең легионерлер ойнайтынын, осыдан соң ұлттық құрама бапкерінің қолы қысқа болып отыр­ғанын, аз ойыншының арасынан таңдау жасайтынын да сөз етті. Ал футбол иллюстраторы Раби Сатыбалды қазіргі бапкердің деңгейін алдағы Ұлттар лигасында анық байқауға болатынын, өйткені ол кезде өзімізбен деңгейлес құрамалармен ойнайтынымызды айтады.
– Осынша жылдар бойы құрамамыз жеңі­ліс­ті қойғанда, біраз абыройдан да айырылып үлгергенін білесіздер. Бірақ бұл бапкер бұрынғы бапкерлердің сәтсіздігі үшін сөз ести бермесе екен дейсің. Құрама жаттықтыру­шысына сенемін, тек уақыт жағынан қыса бермей, оған мүмкіндік берген жөн, – дейді ол.

Осындайда марқұм Амангелді Сейітханов ағамыздың «Дәл Байсуфиновтай қазақи бапкерді қазір табу қиын» деген сөзі еске оралады. Әуел­ден жүктің жеңілін шетелдік, ауырын отандық маманға артып қоятынымыз рас. Шетелдіктер түк тындырмаса да, келісімшарт мерзімі аяқталғанша жұмыс істейді. Ал өз мамандарымыз қылдай қателікке бой алдырса, ит қосып қууға дайын тұрамыз. Олардың бапкер ретінде өзін толық көрсетуіне мүмкіндік бермейміз. Мәселенің бір ұшы осында жатқан болуы мүмкін.