Қазақстан бойынша ақпан айында ауа райы тұрақсыз болады:
«Солтүстікте –30°, оңтүстікте +17°»: ақпан айындағы ауа райына қатысты болжам айтылды
491
оқылды

Кейбір өңірлерде аяз сақталып, кей жерлерде қысқа мерзімді жылыну күтіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Синоптиктердің мәліметінше, елдің басым бөлігінде орташа температура климаттық көрсеткіштерден 1-2 градусқа жоғары болады. Елдің оңтүстік-шығысында ауа райы қалыпты деңгейде сақталады. Айдың басы мен ортасында ең суық кезең күтіледі: түнде −21…−30°, кей таулы аймақтарда одан да төмен болуы мүмкін. Батыс, солтүстік және орталық өңірлерде ауа температурасы күндіз 0°-ге дейін, түнде −28°-ге дейін төмендейді.

Оңтүстік өңірлерде ауа салыстырмалы түрде жұмсақ болады: түнде −5…+5°, күндіз +8…+17°. Түркістан облысында айдың алғашқы жартысында плюстік температура орнауы мүмкін, ал екінші жартысында біртіндеп жылыну күтіледі.

Жауын-шашын мөлшері көбінесе нормада – 6-27 мм, солтүстікте негізінен қар, оңтүстікте қар аралас жаңбыр болады. Ақпан соңында солтүстікте қар жамылғысы 15-35 см, таулы аймақтарда 2 метрге дейін жетеді. Оңтүстікте қар айдың екінші жартысында ери бастайды.

Желдің орташа жылдамдығы секундына 7,5 м дейін, кей аймақтарда екпіні күшейеді. Синоптиктер боран, тұман және көктайғаққа байланысты жүргізушілерге сақ болуды ескертеді.