Қалтаны қаққан «утильсбор»
Қалтаны қаққан «утильсбор»
286
оқылды
Қазақстандықтар otinish.kz сайтында утилиза­циялық алым­ға қарсы пе­ти­ция жа­риялады, оған қа­зірдің өзін­­де 110 мыңнан ас­там адам­­ның қолы жинал­ды. Өйт­кені им­порттық көлік­терді кәде­ге жарату үшін алы­натын тө­лемнің шектен шық­қан­ы халықтың қал­тасына ауыр соғып тұр. Утилизациялық алым барлық дерлік мемлекеттерде жиналады. Бірақ олардағы баға бізбен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мә­се­лен, Германияда – 100 еуро, Ни­дерландта – 30 еуро. Жалпы, Кәрі құрылықтағы мемлекеттер­дің ең қымбат дегенінің өзінде оның көлемі 100 мың теңгеден аспай­ды. Ал Жапонияда утилизациялық алым бізден тіпті 80 есе аз екен. Қазақстанда 2016 жылы утилизациялық алым енгізілгелі бері автокөліктердің құны екі есеге қымбаттап кетті. Утилизациялық алымның базалық мөлшерлемесі АЕК-пен белгіленеді. Демек, оның мөлшері жыл сайын артып отырады. Ол автоның маркасына, қозғалтқышының көлеміне қарай 460 мың теңгеден бастап 5,5 млн теңгеге дейін жетеді. Көп жағ­дайда бұл көліктің өз құны­нан да асып кетеді. Бұл еліміздегі автопарктердің техникаларын жаңалауға көп кедергі келтіретіні түсінікті. Ұлттық статистика бю­ро­сының дерегіне сүйенсек, осыдан алты жыл бұрын республикада 4 миллион 327,8 мың жеңіл авто тіркелсе, қазір олардың саны 3 мил­лион 849,9 мыңға дейін азайған. Көліктердің жыл­дан-жылға көбеюдің орнына, керісінше, жарты мил­лионға жуығының кеміп кетуі соның айғағы.

Жүк тасымалы тоқырауға ұшырады

«Атамекен» ұлттық кә­сіп­керлер палатасының ша­ғын және орта бизнес коми­тетінің төрағасы және «Тә­уелсіз автобизнес» ода­ғының төрағасы Берік Зайы­ровтың айтуынша, Қазақ­станда утилизациялық алым­­ның қымбатты­ғынан жұрт Ресейден сатып алған көліктерін заңдастыра алмай жүр. Мысалы, жеңіл көлікті тіркету үшін 1 миллион теңгеден 3,5 миллион теңгеге дейін төлеу талап етіледі. Жүк көліктерін тіркету үшін 6 миллион теңге керек. Ал енді, ауыл шаруа­шылығы техникасын әкелу үшін алынатын утилизация­лық тө­лем, тіпті 14 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл отандық автоөндірушілерді қолдау деген желеумен халықтың баяғыдай сырт­тан арзан әрі сапалы автокөлік тасып әкелуіне тосқауыл қою амалына көп ұқ­сайды. Сонымен бірге Қазақ­станның ха­лық­ара­лық автомобильдік тасымалдаушылар одағы (ҚазАТО) халық­аралық тасымал секторын­дағы отандық компа­ния­лардың үлес салмағы құл­ды­рап бара жатқанына да утилизациялық алымдар айыпты деп санайды. Соның салдарынан көлік компа- ниялары миллион­даған тең­ге шығынға батқан. «Халықаралық нарық­тағы отандық тасымал­даушы­лардың үлесі еселеп азайды. Бұған халықаралық тасымал­дарға тартылған автокөліктерден жиналатын утилизациялық алымның ұлғай­тылуы себепкер. Оның көлемі бүкіл Еуразиялық одақтағы көршілес елдердің мөлшерлемесінен әлдеқайда жоғары болып отыр», – дейді ҚазАТО президенті Мақ­сат Сақтағанов. Соның салдарынан қазақ­стандық тасымалдаушылар экономикалық одақтағы өзге әріптестеріне қарағанда ең қолайсыз жағдайда қалған. Бүгінде қазақстандық компаниялар баға бойынша не Ресей, не Беларусь тасымалдаушыларымен бәсекелесе алмайды. Ол аздай, қазір шетелдік тасымалдаушылар Қазақ­стан­ның ішкі нарығында да үстемдігін жүргізе бастаған. Айта кетейік, 2017 жылдан бері Қазақстан ар­қы­лы өте­тін халықаралық автоқаты­нас­тағы отандық тасымал­даушылардың үлесі 52%-дан 31%-ға дейін құлдыраған. Жағдай осылай жалғаса беретін болса, онда ішкі на­рықтан да тұлдай болып айрылып қалатын күн алыс емес. Мақсат Сақтағановтың айтуынша, отандық кәсіп­кер­лер жүк тасымалының дамуына кедергі болып отырған жүк көліктерінен (ершікті автотартқыш) алынатын утилизациялық алым­­­ды қайта қарауды сұ­рай­ды. Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жүк көліктерінің саны Ресейде – 34 мың, Беларусьте –15 мың, Өзбекстанда – 8 мың. Ал Қазақстаннан 7,5 мың ғана жүк машинасы ха­лықаралық тасымалға шы­ғып жүр. 2017 жылдан бері бұл нарықта отандық тасы­мал­даушылардың үлесі бір жарым еседен аса кеміді. Бас­ты себептердің бірі – ути­лизациялық алым. Қа­зақ­станда ершікті автотарт­қышқа орта есеппен 1,6 миллион теңге утили­зация­лық алым төленеді. Мысалы, 2020 жылы автокөліктермен ел аумағы бойынша 4,9 миллион тонна жүк жөнелтілген. Соның 1,9 миллион тоннасы – қазақ­стандық экспорт, қалған 3 миллионы – шетелден кел­ген импорт. Күйін­діретіні сол, тіпті отандық экс­порт­тың өзі ресейлік және беларустік тасымалдау­шылар­дың иелігіне бұйыр­ған: былтырғы 5 миллион тоннадай жүктің тек 1,5 миллионы ғана қазақстан­дық тасымалдаушылар еншісіне тиіпті. Айтпақшы, Ресей және Беларусь та­сымал­даушы­лары Қазақстандағы ақы­лы жолдарда жүргені үшін төлем төлемейді. Бұл мәселе ел Парламентінде де талқыланған болатын. «ҚазАвтоЖол» түсіндіруін­ше, шетелдік жүк көліктері­нің мемлекеттік тіркеу бел­гісі оның базасында жоқ, тиісінше олардың ақылы жолдармен жүру ақысы туралы түбіртекті қандай мекен­жайға жолдауы керектігін ұлттық компания білмейді. «Ал қазақстандық тасымалдаушылар көлік сатып алу кезінде мөлшері үлкен утилизациялық алым­ның ауырт­палығын көтеріп, әу бастан халықаралық нарықтың өзге қатысушы­ларымен тең емес жағдайда бәсекелесуге мәжбүр. Осы­ған байланысты халық­аралық авто­көлік тасымалына арналған автокөлік паркін жаңғырту және толық­тыру мақсатында Қазақстан­дағы утильалымды жоюды немесе оның ставкасын Бе­ларустегі ставкамен те­ңес­тіруді ұсы­намыз», – дейді ҚазАТО басшысы Мақ­сат Сақтағанов.

Ескі дүние кәдеге жаратылуы керек

Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов утили­зация­лық алым отандық авто­нарықты қорғау үшін қажет дегенді айтады. Сон­дай-ақ ол шетелдік көліктер үшін бастапқы төлемді ути­лизациялық алыммен шатастырмау керегін түсін­дірді. Соңғысы «утилизация­лық алым» автомобильдің түрі мен қозғалтқышына бай­ланысты анықталады. Ал «бас­тапқы төлем» елге эко­логия­лық талаптарға сай кел­мейтін ескі машиналар әке­лінбеуі үшін енгізілген. Утилизациялық алым­ның негізгі мақсаты – ескі машиналарды қайта өңдеу. Бұл – бірінші мақсаты. Екіншісі – қазақстандық авто­өнеркәсіпті қолдап, ішкі нарықты сақтап қалу. Үшіншісі – еліміздегі авто­көліктердің орташа жасын төмендету. Яғни ескі көлік­терді азайту. Өйткені біздің автопарктеріміз өте ескі. Ол экологияға зиян. Әсіресе, үлкен қалаларда ескі көлік­тер экологияға орасан зор зиян тигізіп жатыр. Қазақстанда қолданыс­тан шыққан бір жеңіл кө­лікті тасымалдауға шамамен 18 900 теңге, ал утили­зация­лауға тағы 123 000 тең­ге жұм­салады. 150 000 теңге жа­рам­сыз көлікті өт­кізген аза­маттарға беріл­еді. Ал же­ңілдік беретін сер­ти­фикат­тарға 315 мыңнан 750 мың теңгеге дейін қаржы бөлі­неді. Қалған ақша орама қал­дықтарын жинау, тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жаратуға, қатты тұр­мыстық қалдықтарды бөлек жинау және жанармай құю бекеттері инфрақұрылымын құру үшін жұмсала­ды. Отандық көлік жасаушы­ларға ути­ли­зациялық алым сомасының белгілі бір бөлігі қайтарылады, мұның бар­лығы Қазақстандағы өн­діріс­тің дамуына бағыт­талған. Дегенмен утилизация­лық алым ен­гізілгелі о баста көздеген мақсаттарының ешқайсына қол жеткізілген жоқ. Біздің авто­парктердегі көліктердің 10 жылдан ас­қан­дарының саны 250 мың­нан артқан. 2015 жылға дейін еліміздегі автопарктер Жапониядан, Корея мен АҚШ-тан және т.б. мемлекеттерден жаңа көліктер келіп, жылдан-жылға жаңа­ра түсетін, бірақ 2016 жылдан бастап, шетелден жаңа көліктер әкелу тиімсіз бола бастады. Көлік саудасымен айналысатын қаншама компаниялар банкротқа ұшыра­ды. Мыңдаған адамдар жұ­мыссыз қалды. Утилизация­лық алым жоқ кезде кә­сіп­керлер шетелден мың­даған көлік әкеліп, мыңдаған адамға жұмыс тауып беріп, бюджетке де миллиардтаған теңге салық төлеп тұрушы еді. Бүгінде бұл табыс түрі тым азайып кетті. Бірақ қалай болғанда да, утили­зациялық алым керек. Себебі қандай да бір тауар өндіріледі, белгілі бір уақыт­тан кейін ол тозып, қоқысқа айналады. Сонда бұл алым қоршаған ортаны қорғау шаралары үшін жаратылуы шарт. Алайда оның мөлшері қымбат болмауы керек. Мә­селе осыған келіп тіреледі. Жиналған қаржының қайда жұмсалғаны туралы есеп ашық жариялануы тиіс. Сонда ғана ол халықтың көңілінен шығып, ешқандай дау-дамайға себеп болмайды.