«Тұрғысын» электр қуатын еселеуге үлес қосады
«Тұрғысын» электр қуатын еселеуге үлес қосады
369
оқылды
Биыл жазда, нақтырақ айтсақ, 4 шілдеде Алтай ауданындағы Тұрғысын өзенінің бойында шағын «Тұрғысын-1» су электр стансасы іске қосылған болатын. Шығыс Қазақ­станның индустрия­лан­ды­ру картасына енген нысан өз жұмысын бастаған аз уақыт ішінде еліміздің ұлт­тық энергетикалық жү­йе­сіне 6 миллион киловатт/сағат таза электр эне­р­гия­сын ұсынып үлгеріпті. Бүгінде су электр стансасында білікті мамандар еңбек етуде. Олардың арасында Өскемен мен Алматыдан келіп, вахталық әдіс­пен жұмыс істеп жатқан инже­нерлер де бар. «Өзіміз ЦПУ дей­міз. Яғни, орталық басқару пунк­ті. Стансаның жүрегі десе де бо­лады. Заманауи техникалар мен құ­рылғылар, компьютерлер осын­да орналасқан. Барлық жұ­мыс процесін біліктілігі жоғары кезекші инженерлер бақылайды. Үш кезекші инженердің екеуі үне­мі жұмыста. Үшіншісі дема­лады. Осылайша бір-бірімізді алмастырып, 24 сағат тынымсыз жұмыс істейміз», – дейді стан­саның кезекші инженерлерінің бірі Жарас Исинев. Жарастың жұмыстағы серігі, 2004-2008 жылдары Өскемендегі Шығыс Қазақстан техникалық университетінде электр энерге­тикасы мамандығы бойынша білім алған Александр Никитин осы уақытқа дейін Өскемен СЭС-інде еңбек етіп, үлкен тәжірибе жинағанын айтады. «Өскеменде кезекші инженер болып жұмыс істедім. Бұл жұмысты бес саусақ­тай білемін десем, артық айт­пас­пын. Алайда біздің мамандық бір орында тұрып қалуды қаламайды, үнемі білім-білігіңді шыңдап отырған ләзім. Тұрғысынға кел­сек, мұндағы құрылғылар Кеңес заманынан бері сыр бермей жақ­сы жұмыс істеп тұр. Дегенмен де ескі агрегаттарды жаңартуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын да атап өту керек», – дейді ол. Орталық басқару пунктінде барлық бейнекамералардың жұ­мысын бақылайтын үлкен мо­ни­тор орнатылған. «Су электр стан­сасы маңызды нысан болған­дық­тан мұндағы барлық жағдайды жіті қадағалауда ұстаймыз. Бұл өз ке­зегінде кез келген жағдайға да­йын болуымызға мүмкіндік бе­ре­ді. Кім­нің қайда жүргені, не істеп жүр­гені, қалай жұмыс істеп жат­қа­ны, станса аумағында, тіпті оның сыр­тында не болып жат­қаны мони­тор­дан көрініп тұрады. Әрбір қыз­мет­кер жұмысқа ор­талық басқару пункті арқылы жіберіледі», – дейді «Тұрғысын-1» СЭС директорының орынбасары Нұрбол Көпбаев. «Тұрғысын» СЭС-індегі құ­рыл­ғылардың басым бөлігі Қы­тайдан әкелінген. Мұндағы ма­ман­дардың сөзіне сенсек, су стан­сасының бөгені өте мықты. Себебі оның құрылысына 90 мың тоннаға жуық бетон жұмсалыпты. «Таудан құлай ағатын Тұрғысын өзенінің мінезін ұғып болмайсың. Сонау XVIII ғасырда өзенді ба­ғындырғысы келгендер де болды. Бізге де станса салу оңайға түскен жоқ, біршама қиындықтарға кездестік. Бірақ төздік, шыдадық. Қазір нысан жақсы жұмыс істеп тұр. Орайы келгенде айта кетейін, құрылыс жұмыстарын Қытайдың су шаруашылығы саласындағы халықаралық компаниясымен еншілес компания жүргізді. Бұл халықаралық компания Қытайда әлемдегі ең үлкен СЭС-ті салған екен. Сондықтан Тұрғысын СЭС-інің сапасына сенім мол. Төмен­дегі ауылдарды су баспайды деп сенеміз», – дейді директор орын­басары. Осында жұмыс істейтін ма­мандардың айтуынша, «Қазақ­стан даму банкі» АҚ-ының («Бәй­терек» холдингінің еншілес құ­рылымы) қаржыландыруымен құрылысы жүргізілген нысан эко­логиялық талаптарға сай ке­леді. Сондықтан қоршаған ортаға зиянын тигізбейді. Облыстың электр энергиясына деген сұра­ны­сын белгілі бір мөлшерде қана­ғаттандырып, қуат тапшылығын жылына 62 миллион килловат сағатқа дейін қысқартады. Ор­таша жылдық энергия жылына 80 миллион киловатт/сағатқа дейін жоспарланған. Жоғарыда СЭС-тегі ма­ман­дардың Өскемен мен Алматыдан келіп, вахталық әдіспен жұмыс іс­теп жатқанын айттық. Алтай ау­данының әкімі Қалихан Байғо­ны­сов алдағы уақытта жергілікті аза­­маттарды жұмысқа тарту, олар­ды оқыту, баспанамен қамту мәсе­лесіне көңіл бөлінетінін жет­кізді. Өйткені вахталық әдіспен жұмыс істеудің өзіндік қиын­дық­тары да аз емес. «Президент Қасым-Жо­март Тоқаев биылғы Жолдауында еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылды­ғын жалаң ұран, жа­лын­ды сөзбен емес, іргелі істер­мен қарсы алуы керегін атап өт­кен болатын. «Тұр­ғысын» СЭС еге­мендіктің ме­рей­лі мерейто­йы­на тамаша тарту болды деп ой­лай­мын. Премьер-Министр Асқар Мамин Шығыс Қазақстанға бар­ған жұмыс са­парларының бірінде нысан құ­рылы­сын көріп, жоғары баға бер­ді», – дейді аудан бас­шысы.

Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы