Кәсіпкерлер салынғалы жатқан жолайрыққа қарсылық білдірді
Еске салсақ, Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес осыдан 5 жыл бұрын жоспарланған Бәйдібек би – Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы жолайрықты салу келесі айда басталмақшы. Құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтау мерзімі – 2023 жылдың соңы. Құрылыстың техникалық көрсеткіштеріне сәйкес Байдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр аралықта жол жұмыстары жүргізілмек. Жоспарға сәйкес, жолайрықта ені 80 метрлік 4-6 жолақты жол қаралған және мемлекет мұқтаждығына 61 учаскені алу көзделген. Сонымен қоса, жол жиегінде екі 1,5 метрлік жаяу жүргінші жолы және 1 метрлік веложол салынатын болады. Нысан құрылысына жауапты мердігер – «КазахДорСтрой» ЖШС болса, техникалық қадағалаушы «ЮжКазЭксперт» ЖШС болып танылған. Алайда құрылысы жақын күндері басталады деген әңгіме шыққаннан Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы дәріхана, дүкен, бизнес орталықтары және басқа да кәсіпкерлік нысандарының иелерінен маза қашты. Олар жаңа жолайрығын салу жобасымен танысқан соң өз наразылығын білдірді. Кәсіпкерлердің айтуынша, жолайрығын жобалағанда тапсырыс беруші мен мердігер жол бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарындағы кіру-шығыс нүктелері мен автотұрақтарды есепке алмаған. Олар бұл жоспарланған жұмыстарға келіспейді. Осылайша, бұл мәселе жуырда қала әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Мақсұт Исаховтың қатысуымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында тағы талқыланды. Кәсіпкерлер жаңа жолайрығының жобасына өзгерістер енгізуді тамыз айында сұраған болатын. Ол кезде 61 кәсіпкерлік нысаны «қызыл сызыққа» түскен. Олардың біразы Шымкент қаласының бекітілген бас жоспарынан кейін салынған. Соған қарамастан бизнес субъектілерін салуға рұқсат берілген. Мақсұт Пернебайұлы да осы жолайрықтың жобасы 2016 жылы бекітіліп, қоғамдық тыңдауда талқыланып, барлығы да шешіліп қойғанын еске салды. Бүгінге дейін сараптамадан өтіп қойған жобаның әне-міне құрылысы да басталмақ. «Әрине, кез келген құрылыс әрбір адамға біраз қолайсыздық туғызатыны сөзсіз. Кәсіпкер болсын, тіпті жеке адамды да біраз әурешілікке салады. Мәселен, сіз өзіңіздің пәтеріңізде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатсаңыз да, уақытша қолайсыздықтарды сезінесіз. Бірақ біз 1 миллион 100 мың тұрғыны бар қаланы ойлауымыз керек. Және бірінші кезекте осынша адамға қолайлы өмір сүру үшін жағдай жасауға тиіспіз. Сіздер көп болса, 20-30 шығарсыздар. Сіздерге де тиімді жолды қарастырып жатырмыз. Әрине, сіздер үшін жобаны кайта қарап, бірқатар автотұрақ белгілеп, кейбір аумақтарға белгіленген аумақты қысқартып жатырмыз», – деді ол.Бизнестің түрін ауыстыруға ұсыныс білдірілді
Алайда жергілікті кәсіпкер Мақсат Орманбек билікке өзінің ренішін білдірді. «Негізінен, осы мәселені көтерген біз. Ал өзімізге тиесілі нысанды салғанда өз-өзімізден емес, барлық талапқа сай жерді алып, рұқсат қағаздарымызды да реттеп, ғимарат тұрғызғанбыз. Осыдан 5 жыл бұрын жоба бекітілген», – дейді. Бізден бірауыз сұраған жоқ. Бірде-біреуімізді тыңдауға шақырмаған. Заң бойынша шақырылуымыз керек еді. Оңтайландырылып жатқаны ескертілуі тиіс. Бізбен келісіммен бекіткенде, бір шешімге келер едік. Бизнесімізді дамыту үшін қанша қаржымызды құйдық. Пандемия кезінде де бизнесіміз тұралап қалды. Иә, қала дамуы керек. Оған қарсылығымыз жоқ. Бірақ біз ше, кәсіпкерлер не істеуіміз керек? Мәселен, емхананың ашылғанына бір жыл ғана болды. Бізге қоғамдық тыңдаудың хаттамасын да көрсетпеді», – деп ашынды кәсіпкер. Кәсіпкерлердің сұрағына жауап берген Мақсұт Пернебайұлы қалай болғанда да, екі көшенің қиылысы жолайрықсыз болмайтынын қадап айтты. Қазірдің өзінде кептеліс көбейіп тұр. Тұрғындар саны да артып барады. «Өткен жылы осы уақытта бала туу көрсеткіші бойынша республикада бесінші орында тұрсақ, биыл бірінші орынға шығып кетіппіз. Шымкентте әрбір 10 минутта бір бала туылады. Сіздер өздеріңізді ғана емес, елді де ойлаңыздар. Тіпті, бизнесіңіздің түрін ауыстырыңыз. Сіз де заман ағымына ілесіңіз. Жолайрықтың болатыны туралы айтып келе жатқанымызға 2 жылға жуықтап қалды», – деді ол. Кәсіпкерлердің шағымдарынан кейін жоба қайта қаралатын болды. Енді кәсіпкерлер жобаның бас инженері Нафиса Алукаевамен бірігіп жобаны оңтайландырады. Оған қалалық әкімдіктің осы салаға жауапты басқармасы да қатысуы тиіс. Жалпы, шындығына келгенде күн сайын өсім көбейіп жатқан үшінші мегаполисте жүйеленбеген дүние көп екені рас. Келешекте жоспарланбай салынған талай нәрсенің шикілігі де көрініп қалып жатыр. Қалай болғанда да, жақсы маманның тапшы екені сезіледі. Мүмкін, жанашырлықтың аздығы ма дейсіз кейде...Оған дәлел, міне оңтайланған жоба кәсіпкерлердің мүддесі ескерілмеуінің себебінен тағы жаңартылмақ. Тағы да қыруар қаржы қаралатыны айтпаса да белгілі... «Ақымақ бас екі аяқтың сорының» кебі.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы