Зорлықтан көз ашпаған әйелдер
Зорлықтан көз ашпаған әйелдер
©Радмир Фахрутдинов
450
оқылды

Елордадағы «Үміт» дағдарыс орталығынан пана тапқан­дар­дың бірі күйеуінен таяқ жеген, екіншісін енесі сабап тас­таған. Енді бірін 30 жыл отасқан жары ойыншығына ай­налдырып, ойына келгенін істеген. Мазақ. Кемсіту. Тағы да ұрып-соғу. Тағдыр тәлкегі. Олар адам өзгермейтінін, өзің үшін қорлықтан бас тартпасаң, балалар үшін кетуің керек еке­нін айтады. Бірақ мұны айту үшін, түсіну үшін біріне 15 жыл, енді біріне 30 жыл қажет болды. Әкесінің анасына қол кө­тер­генін көрген және сол кезде анасына араша түскен бала ертең агрессорға айналады. Үнсіз көнген ұл бала өскенде жас­қан­шақ, өз басын да қорғай алмайтын хәлге түседі деп отыр пси­хологтер. Зорлық-зомбылықтан сананы тазарту мүмкін бе?

«ӨЗГЕРЕДІ ДЕП ҮМІТТЕНДІМ»

3 баланың анасы Айгерім Се­рікбаева 13 жыл бойы араққа са­лынған, ұрып-соғатын, жанын ауыр­татын күйеуінің өзгеретініне сеніп, зорлық-зомбылыққа шыдап келген. Бәлкім, баста ұнатып қо­сылған, өмірлік жарым деп таныған жарын түрменің ар жағынан бір-ақ шығаруға қимаған шығар. Бәлкім, әке-шешеден жастай айырылып, артында сұраушысы болмаған соң, санадағы қорқыныштың жетегімен жан баласына басындағы жағдайды ашыла да, ашына да айта алмаған болар. Шашынан сүйреп, бөлмеге қамап, денесінің сау жері қал­ма­ғанша соққының астына алғанда ғана көршілері араға түсіп, полиция шақырыпты. «Өзім Шымкент қаласының тумасымын. Алматыда күйеуіммен 10 жыл тұрып, сосын жаңа өмір бас­таймыз деп елордаға қоныс ау­дар­дық. Бұрында ұрсып, ұратын. Ас­танаға келгеннен кейін ішіп алып, көк ала қойдай сабады. Мені ғана емес, балаларға да қол көтеретін. «Үміт» дағдарыс орталығына ауыр хәлде түстім. Денемнің сау жері жоқ. Заңды некеде 6 жыл, оған дейін 7 жыл азаматтық некеде тұрдық. Көрші қыз болмағанда мені де, балаларымды да аман қалдыр­май­тын еді ана түрімен. Телефоным да болған жоқ. Бәрін алып қойған. Әке-шешем жас күнімде қайтыс болған. Туыстарым бар, бірақ олар Шымкентте. Олар жағдайды біледі, бірақ араласпайды. Үлкенім 5 жаста. Одан кейінгісі 3 жасқа толады», – дейді ол. Естіген кезде жаның түршігетін бұл жағдайды Айгерім есіне тү­сір­генде көз жасына ерік берді. «Үміт» дағдарыс орталығында психологпен жұмыс істеп, бойын бала кезден би­леп алған қорқыныштан бірте-бір­те арылып келе жатқанын жеткізді. «Өмірге деген құлшынысым өшіп қалған еді, өйткені үнемі зор­лық, қорлық көріп келген адам рухсыз қалады. Оған дейін ұрғанда 2 рет сотқа дейін барып, соңында кешіргенім бар. 4 айдан бері осы орталықты паналап отырмын. ­Кү­йеуім осында екенімді білгенде қор­қытты да, кешірім де сұрады. Бірақ қазір заңды некеде емеспіз, орталықтың заңгерлері көмектесіп, ажырасып кеттім. Алимент төлеп жатқан жоқ. Мұнда қауіпсіз, балалар балабақшаға барады. Тамақ тегін. Қыз-келіншектерге айтарым, адам өзгермейді. Күйеуімді арақты қой­дырамыз деп талай оқыттық, ем алды. Бірақ ішкілікті қойған емес. Үшінші баламды босанғаннан ке­йін мінезі қиындап кетті», – дейді А.Серікбаева. Орталықта 6 айға дейін тұруға болады, 3 балалы ананың 2 айы ғана қалды. «Орталықтан шыққан соң қайда барарымды білмеймін үш баламен, әкімдіктегілер балаларды балабақшаға орналастырса, сол жерде жұмыс істеп аяққа тұрып едім», – деп отыр. [caption id="attachment_171878" align="alignnone" width="1200"] width= ©Радмир Фахрутдинов[/caption]

«80 ПАЙЫЗЫ ОҢТҮСТІКТЕН КЕЛГЕН»

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Үміт» дағдарыс орталығы 2013 жыл­ғы 1 қарашада ашылған. Сол уа­қыттан бері 1 830 қызмет алушы қабылданып, 603 ана мен 1 126 бала қамқорлыққа алынды. Өткен жылы 218 жанға пана болса, биыл 272 қызмет алушыға, оның ішінде 86 әйел, 186 балаға қолдау көрсеткен. Орталыққа 18 жастан 58 жасқа де­йінгі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, оның ішінде қатыгез іс-әрекетке ұшыраған, өз бастама­сымен де, ішкі істер, білім беру, ден­саулық сақтау органдарының жол­дамасымен де жүгінген кәме­лет­ке толмаған балалары қабылданады. «Үміт» дағдарыс орталығы ди­ректорының орынбасары Шынар Какимова орталықтан көмек сұра­ғандардың 80 пайызы салт-дәстүр сақталған, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған деп жүрген оңтүстік өңірдің тумасы дейді. «Бүгінде орталықта 51 ана бала­сымен тұрып жатыр. Өткен жылы індет кезінде 2 ай карантинде бол­дық. Сырттан ешкімді қабылда­ма­дық, ешкімді шығармадық. Содан көрсеткіш төмен. Дегенмен хабар­ласқандар, көмек сұрағандар саны өте көп болды. Біз оларды «Қорғау» орталығына жіберіп отырдық. Біз өкінішке қарай 50-ден артық адам қабылдай алмаймыз. Себебі орын саны шектеулі. Қазір толық, егер хабарласып, жағдайы ауыр болып жатса тағы 5 орын жасап бере аламыз. Немесе жекеменшік дағ­да­рыс орталығына ақысыз тұруға жі­береміз», – дейді орталық дирек­то­рының орынбасары. Айгерімнің жағдайына тоқ­талсақ, ешкімді жайдан-жай шы­ғарып жібермейді. Оқытып, жұмыс­қа орналастырады. Балабақша бар. Ортаға бейімделіп кетсін деп, сол балабақшаға жібереді. «Мұнда кел­гендердің басым бөлігінде жоғары білімі жоқ. Балалары кішкентай болғандықтан шыдайды. Көбісінде тәрбиеден, ажырассам ұят болады деп ойлап, шыдап жүреді. Өйткені орталықтағылардың 80 пайызы – оңтүстік өңірден. Яғни, ата-ана­сына, әпкесіне күйеуім ұрады десе де, олар «шыда, ұят болады» деп үйретеді. Көп жағдайда жоқшылық, жұмыссыздық», – дейді орталық ди­ректорының орынбасары. Статистикаға сүйенсек, жылына 400-ден аса әйел күйеуінің қолынан қаза табады. «Жақсы әйел – жаман еркектің басын төрге сүйрейді, жа­ман әйел жақсы еркектің басын көр­ге сүйрейді» деген мақалды тілге тиек етіп, қоғам кінәні, жауап­кер­шілікті әйел адамға арта салуға құмар. Ал психолог Әсел Асылбе­ко­ва «зорлық-зомбылық, ұрып-соғу о баста отау құрғаннан бастап дұрыс сөйлеспеуден, отырып әңгімелес­пеуден шығады» дейді. Қандай да бір түсініспеушілік туындағанда ұрысқа жеткізбей екеуара дауыс көтермей, ақырын отырып шешу керек. Сол мәселе кейін сол жерде қалу керегін жеткізді. Телефонның айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызғанын қайтейік, талай отбасының түбіне жетіп, жақынын жат қылып отыр.

«ТАЯҚТЫ ТІЛЕП АЛАДЫ»

«Бүгін күйеуі әйелін ұрып, сабап тастаса, одан пайда іздейтін әйелдер болады. Ертесіне кешірім сұратып, қалауын орындатады, бағалы сый­лықтар алып беруін талап етеді. Енді біріне қорқыныш кедергі бо­лады. Тағы, қызға кішкентайынан қате жі­­беруге болмайды деп өсірсе, ер­теңгі күні санасындағы шекарадан шыға алмай, қорлыққа төзгіш келеді. Үшіншісі, соған өзі алып келеді. Ерінің намысына тиіп, сөз қайтарып, «ұр, ұр ал» деп тұрып ала­ды. Мұндай көкбет әйелдер жақ­сы күйеуді де ти­ранға айналдыруы әбден мүм­кін», – дейді психолог Ә.Асылбекова. [caption id="attachment_171880" align="alignnone" width="1280"]зорлық ©Радмир Фахрутдинов[/caption]

БАЛАНЫҢ БОЛАШАҒЫН ОЙЛАЙСЫЗ БА?

Ұрыс-керісті көрген бала кімді жақтарын білмейді. Немесе бұл қалыпты жағдай деп қабылдайды. Кейбір балалар ондай жағдайда анасын қорғаштап, әкесіне әліне қарамай қарсы тұрады. Қауіптісі, ондай бала өзін мықты сезінуге, анасын, кейін айналасындағыларды қорғап жүреді де, түбінде өзінің қалай агрессорға айналғанын аңдамай қалады. Себебі өзіне қарсы шық­қан­ды қабылдай алмайды. Абьюзерлен содан шығады дейді психологтер. Кей балалар ондай жағдайда анасын қорғай алмай­тынын біліп, өзін қорғап қалу үшін әкесін жақтап шы­ғады. Өскен кезде ондай бала психо­логиялық тұрғыда құрбанға, жәбір­ленушіге айналуы әбден мүмкін. Орталықта Вика есімді аяғы ауыр келіншекпен тілдестім. Оны ене­сі соққының астына алған, кү­йе­уі қазақ. Бір айдан бері осы ор­та­лық­ты паналауда. Анасы бала­сына өз қалауындағы келіншекті алып бер­гісі келген. Ал ұлы өзінен жасы үл­кен, балаларымен қалған жалғыз­басты Виканы таңдапты. Шаңырақ көтерсе де, ана көңілі тын­шымай, баласының таңдауына көнбей, ақы­ры келінімен оның ба­лаларын ұрып, үйден қуып шығыпты. «Бітпейтін қорлау, төмендету. 4 жыл шыдап келдім. Кетейін деп кеткенім жоқ, енем қол көтерді. Мені ғана емес, балаларымды да ұрды. 1 айдан бері осы жердемін. Күйеуім жақсы адам. Болашаққа деген жоспарым жоқ. Енем мені жақтырмайды. Күйеуім мені жақсы көреді, бірақ әлі келген жоқ. Та­ныстарға шығып, үйге оралуымды айтыпты. Енеммен бірге тұра алмайтыным анық, бөлек шықсақ қана қосылармыз», – деді ол. Ұрып-соғу, зорлық-зомбы­лық­тің себебі көп. Жоқшылықтан ғана болмайды екен. Хан сарайындай үйі бар, кәсібін дөңгелетіп отырған сырт көзге бақыттан басы айналып жүр­гендей көрінетін Айнұрдың үйіндегі жағдайы ешкімнің ойына да кіріп-шықпаушы еді. Себебі өзіне сенімді, ашық, батыл көрінетін келіншекті күйеуі 30 жыл бойы не істесе де, өзгемен салыстырып, на­мысына тиіп, ұрып-соғып, кемсітіп келген. «Ұру, балағаттау, аузына келгенін айту. Мен осының бәріне шыдап кел­дім. Астанаға көшіп келгенімізге 10 жыл болды. Үйленгеннен кейін 2 ай­дан соң осы жағдай болды, соны­мен 30 жылға жалғасты. Жұ­мыс іс­тетпейді, үйден шығармайды. Қатты қызғанады, бірақ өзі басқа әйел­дер­мен жүреді. Құрбым деп жүрген әйелмен көзіме шөп салды. Оны ешкімге айтпа деп, тағы мені сабады. Мен оны қызғанбаймын. Ол әйелмен қыдырып келгеннен ке­йін маған «сен оның тырнағына да татымайсың» деп тағы қор­лай­тын. Мен 47-де болсам, ол әйел 60 жаста, әрі 5 баласы бар. АҚШ-та жұмыс істеген, өзіне қарап қалған әйел ғой. Ұру деген жай, көр­сет­пе­гені жоқ. Себебі әке-шешем қай­­тыс болып кеткен. Артымда еш­кі­мім жоқ. Менімен ажырасқысы кел­­мей­ді. Себебі мүлікті бөлгісі кел­мей­ді, мүмкін мені өз-өзіне қол жұм­са­сын деген шығар», – деп ашынады ол. Айнұрдың 10 жастағы қызы бір нүктеге қарап отыруды шығарыпты. Қазір психологтың бақылауында. Екі қызы тұрмыста, құдалардан ұят болады деп жан баласына тіс жар­май, ақырында іштегі жан жарасы сыртқа шықпағаннан денесін теңбіл дақ басып, ауруға айналғанын жы­лап отырып жеткізді. Ішкі істер министрлігінің мә­ліметінше, жыл басынан бері тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық жайын­да 125 мыңнан астам арыз түскен. Нәтижесінде, 9 645 азаматқа сот арқылы ерекше талап қойылды. 40 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 70 228 тұлғаға жәбірленушіге жақындауға тыйым салынды. Отбасында зорлық көрсететін азаматтарды жәбірлену­шіге жақындатпау мерзімі 30 тәу­лікке дейін ұзарды. Бұрын мұндай азаматтар құрбанына 10 күнге дейін жақындай алмайтын. Сондай-ақ олар әрекетін қайталаған жағдайда 5 тәулікке дейін қамалады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – әлеуметтің басты дерті. Екі адам­ның арасындағы мәселе балаға, қо­ғамға, ұрпаққа кесірін тигізеді. Зор­лық-зомбылықтың себебін, сал­дарын жаздық оқырман. Ар жағы – өз еркіңізде.

Наима НҰРӘЛІ