Мәйітхана мәселесі: айдың арғы беті...
Мәйітхана мәселесі: айдың арғы беті...
545
оқылды

Тіршілік сағатының соңғы секунды соғып, бақилыққа аттанатын көп пен­денің мәңгілікке сапарының алғашқы бекеті мәйітхана болады. Төрткүл дү­­ниені дерт дендегенге дейін біздің қоғам атауының өзі тұла бойды тітір­кендіретін мекеменің жұмысына аса назар аудара қойған жоқ. Тек ара-тұра ағайын-туыстары түрлі жағдаймен ауруханаға түсіп, ажал тырна­ғынан ара­шалауға ақ халаттылардың дәрмені жетпегендердің суыған денесін мә­йіт­ханадан алып шығып жататын. Ал коронавирус инфекциясының өршуінен кісі өлімінің күрт артуы еліміздегі мәйітханалар жағдайының мәз емесін көрсетті.

Көпшіліктің ұғымында «мәйітхана» деп аталғанымен, аты да, заты да үрейлі бұл мекеме екі түрге жіктеледі. Оның алғаш­қысына соңғы демін аурухана төсегінде жатып алғандардың денесі жөнелтіледі. Денсаулық сақтау мекемелерінің жанын­дағы мұндай орындар ресми тілде «паталого-анатомиялық бюро» деп аталады. Ал кісі қолынан немесе оқыс оқиғадан қаза тап­қан­дардың денесі сот сараптамалары ор­та­лығына қарасты мәйітханаларға жеткізіледі. Мұнда тергеушінің қаулысымен сот-меди­циналық сарапшылар кісі өліміне әсер ет­кен факторларды жан-жақты зерттеп, қо­рытынды шығарады. Әйтсе де, бұл саланың ұңғыл-шұңғылынан хабары жоқ қарапайым халық екі мекемені жұптап, «мәйітхана» деген жалғыз атау берген. Оған қоса, 2015 жылға дейін сот-медициналық сараптама жүргізетін мәйітханалар да Денсаулық сақтау министрлігіне қарап келді. Қазір бұл мекемелер Әділет министрлігіне қарасты Сот сараптамалары орталығына бағынады. Әйтсе де, мәйіттерді сақтап, зерттеп-зерде­лейтін екі түрлі мекеменің мәселесі ортақ болып шықты.

«Өлі» риза бола ма?

Өткен жылдың жаз айларында дауасыз дерт талай отандасымызды ортамыздан о дүниеге алып кетіп жатқанда қоғам бел­сен­дісі Саида Тәукелева жетекшілік жасайтын «Қоғамдық бақылау және мониторинг» республикалық қоғамдық бірлестігі ел аумағындағы бірқатар мәйітхананы аралап шықты. Мониторинг нәтижесінде талайдың төбе шашын тік тұрғызатын тың деректер мәлім болды. – Коронавирус инфекциясы салдарынан өлім көрсеткіші артқан сәтте өңірлердегі мәйітханаларда орын тапшылығы сезілді. Мәселен, кей мәйітханалар 5-7 орынға шақ­талған. Дерт дендеген шақта COVID-19-дан көз жұмғандар саны кей өңірде тәулігіне 40-70 адамға жетті. Мәйітханаларға корона­ви­рус инфекциясынан қайтыс болған кі­сілер түсіп жатқанда паталого-анатомиялық бюролардың қызметкерлерінде қарапайым қорғаныш құралдары болмаған. Мәселен, мониторинг кезіндегі тараздық паталого-анатомдар бахиланың, ал олардың ақтаулық әріптестері спирттің тапшылығын жеткізді. Ал Ақтөбедегі шенділер аудандық ауруханалардағы паталого-анатомиялық бюроға қажетті тоңазытқыштарды сатып алу кезінде бағаны негізсіз көтеріп, пайда таппақшы болыпты. Кейіннен дәл осы факті бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері іс қозғады. Сол секілді Қостанай облысындағы Ли­саковск қаласындағы мәйітхана жөндеу жұмыстарына байланысты жабылып қалып, мәйіттерді Рудный қаласына тасымалдау, Атырау облысындағы мәйітханада жұмыс істейтін мамандардың жұмыста жүріп COVID-19 жұқтырса да, медицина қызмет­кер­леріне бөлінген үстемеақыны ала алмауы сияқты мәселелер де болып жатты, – дейді Саида Тәукелева. Маңғыстау облыстық мәслихатының де­путаты Абат Үрісбаев та жергілікті жердегі мәйітхана мәселесіне пандемия кезінде кө­ңіл бөліп, көп нәрсеге көз жеткізгендердің бірі. – Біздегі Ақтау қаласындағы мәйітхана ғимараты 1979 жылы бой көтерген екен. Онда небәрі 8 мәйітті сақтауға болады. Ал қазір Ақтау қаласы мен оның маңындағы Мұнайлы ауданында 400 мың адам тұрады. Осыдан-ақ мәселенің қаншалықты өзекті екенін аңғару қиын емес. Былтыр коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар саны артқан тұста де­меу­ші­лердің көмегімен мәйітханаға салқын­дат­қыш сатып алып, еріктілерді жұмылдырып, мәйітті сақтауға арналған қосымша орындар жасап шықтық. Нәтижесінде, мәйітхананың сыйымдылығы 16 орынға дейін жетті. Сонымен бірге Маңғыстау облысы бойынша Сот сараптамалары институтының да жағдайы мәз емес. Шалғай ауданның тұрғындары қайтыс болған кісінің денесін 400 шақырым жерден сараптамаға өз көлігімен әкеліп, кері алып қайтып жатыр. Осы мәселелерді бұрынғы облыс әкімі Серікбай Тұрымовтың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың сессиясында, штаб отырысында көтердім. Облыс әкімінің аты­на облыстық мәслихаттың депутаты ретінде депутаттық сауал жолдадым. Бірақ одан ешқандай нәтиже шықпады. Бұл мәселені облыстың жаңа әкімінің де назарына жет­кіземін, – дейді ол.

Мамандардың айлығы шайлығына жетпейді

Қоғам белсенділері сөз еткен жағдайлар турасында сала мамандарының да көзқа­ра­сын сұрап көргенбіз. Олар да Қазақстандағы мәйітханалардың жағдайы мәз емесін мо­йындады. – Расында, елдегі мәйітханалардың ма­териалдық-техникалық жабдықталу деңгейі сын көтермейді. 4-5 жыл сайын нарыққа мәйітханаларға қажетті құрал-жабдық­тар­дың жаңа топтамасы шығады. Ал біздегі құрал-жабдықтар кешені 10-15 жылда бір рет жаңартылады. Сонымен қатар біздегі сот-медициналық сараптама қызметінде маман тапшылығы бар. Өйткені ертелі-кеш мәйіттермен жұ­мыс істейтін мамандардың айлығы шай­лығына жетпейді. Есесіне жұмыс жүктемесі тым ауыр. Мәселен, бір ғана Алматы қала­сы­ның өзінде күніне 10-15 мәйітке сот-ме­ди­циналық сараптама жасалады. Демалыс немесе мейрам күндерінен соң бұл көрсет­кіш тіпті 30-35-ке дейін артып кетеді. Заң бойынша, сот-медициналық сарапшы мә­йітті қарап шыққан соң қорытындыны 1 ай ішінде беруі керек. 10-15 беттен тұратын бұл құжатта кісі өліміне қатысты тергеушіге пай­далы барлық мәлімет қамтылады. Осы­дан-ақ жас мамандардың жүйкеге салмақ са­латын әрі физикалық-моральдық жүкте­ме­сі тым ауыр сарапшылық қызметпен айна­лысуға құлықты болмауының себебін аңғаруға бо­лады, – дейді республикалық Сот сарапшы­ла­ры палатасының Алматы облысы және Алм­аты қаласы бойынша филиалы төра­ға­сының орынбасары Тахир Халимназаров. Әділет министрлігінің Сот сараптама­лары орталығының директоры міндетін ат­қа­рушы Рахметолла Нұғманов та сот са­раптамасын жүргізетін ғимараттарды жабдықтау, сала мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бертінге дейін көңіл бөлінбей келгенін жасырмады. – Бұл күрделі мәселелерді шешу тек Үкіметі қаулысымен 2017 жылы Сот меди­ци­налық сараптамалары орталығы мен Сот сараптамалары орталығын қосып, қос мекеме қайта ұйымдастырылғаннан кейін ғана қолға алынды. Атырау облысы мен Алматы қаласында жаңа мәйітхана салынды. Қазір Қостанай облысында мәйітхананың құрылысы жүр­гізілуде. Биыл 6 облыстағы сот сараптама­ла­ры институтының ғимараттары мен үй-жай­лары жөнделді. Мұндай жұмыстар Сол­түстік Қазақстан және Қызылорда об­лыс­тарындағы сот сараптамалары институтының ғимарат­тарында, Қарағанды облысы Саран қала­сындағы мәйітханада жүргізілмек. Қазір орталықтың өңірлерде 20 аумақ­тық бөлімшесінде 102 мәйітхана бар. Орта­лық сот сараптамасы институттары мен мә­йітханаларды жабдықтау ісін де өз на­зарында ұстайды. Өткен жылы мәйітха­на­ларға 14 секциялық үстел, 30 кесу арасы, 211 бактерицидті сәулелендіргіш, 46 кварц шамы мен 3 мұздатқыш камера сатып алын­ды. Жыл басынан бері сот сараптамаларын жүргізу мекемелерінің базасы 7 автомат­тандырылған ротациялық микротом және 224 орамды пышақпен толықты. Келесі жылы 5 аумақтық бөлімшеге тіндерді бағыттауға арналған автоматты вакуумдық процессорлар, гис­тологиялық препа­рат­тарды бояуға арналған автобояғыштар мен парафинмен толтыру стансаларын сатып алу жоспар­лануда, – дейді Рахметолла Танатұлы. Орталық директоры саладағы өзекті мәселе саналатын маман тапшылығын са­рапшыларға тиісті әлеуметтік пакеттің қ­а­растырылмауы, жоғары жүктеме және қа­уіп­ті ауруларды жұқтырып алу қаупімен бай­ланыстырады. Сондықтан да қызмет­керлерді ынталандырудың жаңа жүйесі қабылданып, жыл басынан сот медицина сарапшыларының еңбек ақысы екі есеге өсіпті. Ал мамандардың біліктілігін артты­руда «Болашақ» халық­аралық бағдарлама­сыны мүмкіндігі пайда­ланылуда. 2014-2021 жылдар аралығында «Болашақ» халық­ара­лық бағдарламасы арқылы орталықтың 70 сарапшы маманы Лондон экономика және саяси ғылыми мектебінде, Лондонның им­периялық кол­леджінде тағылымдамадан өтіп келген. Әрине бұдан қазақстандық мәйітхана­лардың жағдайы жақсарып кетті деу қиын. Саланы жетілдіру бағытында қолға алынған көпжылдық стратегияның тиімділігі уақыт өте дәлелденер. Оған қоса көпшілікке мәлім де, беймәлім мәйітханалардың мәселесіне тек жекелеген салалардың бас ауруы ретінде қарау абырой әпермейді. Сол себептен де бұл бағыттағы жұмысты жетілдіруде жергі­лікті атқарушы органдар мен бірге салалық министрліктердің жауапкершілігі қатар сыналмақ. Әрі-беріден соң мәйітханалар қызметін ұйымдастыруда қордаланып қал­ған көп түйіткілдің түйінін тарқату тірілердің дүниеден өткендердің алдындағы қастерлі борышы екені мәңгі есте болсын!

Шынболат КҮЗЕКБАЙ