Өшпенділіктен қамқорлыққа бетбұрыс
Зерттеушілердің айтуынша, Кеңес кезінде жарымжандарға ашықтан-ашық қысым жасалды. Қоғам оларды «калека», «колченогий» және басқа да ауыр сөздермен әжуалады. «Кеңестік адам кемтар бола алмайды» деген жалған ұғым белең алды. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі адамдар көшеге көп шыға алмайтын. Олардың проблемасы көтерілмейтін. Бұл сөздің шындық екенін мына дерек растайды. 1960-жылдардың басында әскери тақырыпқа арналған танымал радиобағдарламалардың біріне Екінші дүниежүзілік соғыс мүгедегі, мәскеулік Иван Румянцев шақырылады: ол Берлинге жетіп, Рейхстагқа шабуылдағандардың бірі. Жүргізуші оған микрофон ұсынғанда ардагер кенет еңіреп жылап қоя береді. Жасын сүртіп отырып, себебін түсіндірген: «Бұл күнге жетемін деп ойламаппын. Мені енді бүкіл одақ естиді емес пе?! Соғыстан кейін өзге бес мүгедекпен бірге жертөледегі 15 шаршы метрлік шағын бөлмеде ұйлығып тұрып келеміз. Сыртқа шықсақ, бар жерден қуады. Ардагер екенімізді айтып, сәл де болса құрмет көрсетуді сұрасақ: «Соғысқан шығарсың, наградаңды алдың, тағы нені көксейсің?!» деп тап береді», – деп мұң шақты ардагер. Ресейлік зерттеуші Наталья Волкованың мәліметінше, Батыспен бақталасқан КСРО әлемге жақсы болып көріну үшін кембағал адамдарды қоғамнан шеттетті, оларды арнайы мекеме-интернаттарда жауып ұстады, болмаса өз пәтерінен сыртқа көп шықпауына мәжбүрледі. Тек соғыстан 2,5 миллион адам аяқ-қолынан айырылып қайтқан. Олар үшін барлық республикада қала сыртында, не қалтарыс көшеде ҰОС мүгедектерінің арнайы үйлерін қаптатып салды. Кеңес өкіметі мүгедектерден қоғамға пайда тигізіп, жұмыс істеуді талап етті. «Встать в строй!» деген ұранмен атақты ұшқыш Маресьевтің, аяқ-қолы жоқ болса да әртүрлі қосымша аспап көмегімен жұмыс істеген тракторист Ниловтың үлгісі алға тартылды. Алайда кембағал жандардың жұмыс түгіл қалыпты өмірге оралуға жағдайы келе бермейтін. Олар протез, арба, басқа да керек-жарақтан қатты мұқтаждық тартты. Ақын, жазушы Әбу Сәрсенбаевтың: «Сен құрметте оны! Түсіндің бе, қарағым? Ол ақшаға сатқан жоқ, Тізеден кесіп аяғын» деп күрсіне жазуының мәні бар. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ахуал күрт өзгерді. Еліміз БҰҰ-ның мүгедектерді қорғауды көздейтін конвенцияларына, халықаралық келісімдерге қосылды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Үкімет Кеңес заманында әбден кісікиік болып қалған мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға қайта кіріктіріп, әлеуметтендіру шараларын қолға алды. Бүгінде осы маңызды іске еліміздің көшбасшы партиясы «Nur Otan» «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында қуатты қолдау көрсетіп, Елбасы Н.Назарбаев пен ел Президенті Қ.Тоқаев қойған міндеттердің орындалуын қадағалап отыр.Қазақстанда қанша ерекше адам бар?
Тәуелсіз Қазақстанның мүмкіндігі шектеулі әлеуметтік қорғау саласындағы саясаты оларды қоғамға толыққанды кіріктіруге және халықтың осы санаты басқалармен теңдей өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алуы, қоғам өміріне еркін қатысуы үшін кедергілерді жоюға бағытталған. Елде әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер түріндегі мемлекеттік көмек пен қолдауды, әлеуметтік оңалту аясында ағзаның жоғалтқан функцияларын қалпына келтіруді, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтитын көпдеңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі әрекет етеді. Мемлекет мүмкіндігі шектеулі жанды бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емделумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтуға күш салып келеді. Қазақстанда 702,1 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 424,5 мыңы немесе 60,5%-ы еңбекке қабілетті жаста. 180,7 мыңы немесе 25,7%-ы қария, зейнеткер. 96,9 мыңы немесе 13,8%-ы 18 жасқа дейінгі балалар. 2021 жылғы қазандағы жағдай бойынша, 528,1 мың адам мүгедектігіне байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады. 2021 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеуге 232,4 млрд теңге жұмсалды. 2021 жылғы 1 қазанда бұл жәрдемақының орташа мөлшері 48 743 теңгені құрады. «Мемлекет мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру ісін жетілдіру үшін шаралар қабылдайды. 2020 жылы әлеуметтік төлемдерге, техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтуға бюджеттен 455 миллиард теңге бөлінді, 2021 жылы осы мақсаттарға 486 миллиард теңге көзделген. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру үшін тіршілік әрекетінің барлық бағытында кешенді іс-шаралар іске асырылуда», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов. Қазақстанда енді мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету үшін арнайы орталықтар ашылып жатыр: 2021 жылы 15 өңірінде Ten Qogam орталықтарын құру жоспарланған. Нұр-Сұлтан мен Алматыда іске қосылған бұл орталықтарда мүгедектерге психологиялық және құқықтық көмек, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетілуі тиіс. 2021 жылғы қыркүйекте ел Парламенті «Кейбір заңнамалық актілерге азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын қабылдады. Құжатта I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтар үшін жәрдемақы енгізілді. Бұл жәрдемақы бөгде адамның күтімін қажет ететін тағы 24 мың адамды қамтиды. Сондай-ақ заңда 7-16 жастағы балаларды мүгедектік топтарына бөлу қарастырылған. Бұл ретте «мүгедектігі бар балалардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылады». Бұл шара 30 мыңдай балаға қатысты болады.Жарымжан емес, жақсы жұмыскер
2021 жылдың І жартысында жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген еңбекке жарамды мүгедектердің 29,7%-ы жұмысқа орналаса алыпты. Ал «Nur Otan»-ның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай жұмысқа орналасқан мүгедектігі бар адамдар саны 30%-ға дейін өсуі тиіс. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов жауапты органдарға мүгедектерді жұмыспен қамту бағытында қолдау шараларының кешенін жүзеге асыруды тапсырды. Оған арнайы курстарда оқыту, жұмыс орындарын қайта жабдықтау, жұмыс беруші кембағал адамды жұмысқа алса, оның жалақысының бір бөлігін бюджеттен субсидиялау, жұмыспен қамту квотасының сақталуын бақылау кіреді. Бұл шаралар әзірленіп жатқан 2025 жылға дейінгі жаңа Ұлттық жұмыспен қамту жобасында көрініс табады. Экономикалық белсенділік үшін мүмкіндіктер жасау мақсатында былтыр мүгедектерге арналған кәсіптер атласы әзірленді. Бұл анықтамалық мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру кезінде пайдаланылатын болады. 12 мыңнан астам кәсіп зерделенді, нәтижесінде мүгедектіктің І тобы үшін 2,5 мыңға жуық кәсіп, ал ІІ және ІІІ топтардың әрқайсысына 7 мыңға жуық кәсіп ұсынылды. Бұл санаттағы азаматтар жұмыс істей алуы үшін алдымен, олар оңалту, әлеуметтендіру қызметтерімен, жүріп-тұруға, өмір сүруге қажетті керек-жарақтармен жете жабдықталғаны жөн. 2020 жылы «Әлеуметтік қызметтер порталы» (aleumet.egov.kz) өмірге жолдама алды. Сол арқылы мүгедектер бұрынғыдай мемлекеттік сатып алусыз, өз бетінше, оңалтудың техникалық құралдары (ОТҚ) мен қызметтерді жеткізушіні және өндірушіні таңдай алады. Сондай-ақ портал арқылы жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметтеріне және санаториялық-курорттық емделуге тапсырыс беруге болады. Биылғы жыл басынан портал арқылы 214 мыңнан астам мүгедектігі бар адам – ОТҚ, 6 мыңнан астамы – ымдау тілі қызметін, 32,5 мыңнан астамы – жеке көмекшінің қызметін, 48 мыңға жуығы санаториялық-курорттық ем алды. Сондай-ақ толыққанды еңбек ету үшін жұмыс орны, өмір сүру ортасы осындай жандарға қолайлы болғаны абзал. Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін ғимараттарды пандустармен, арнайы лифтімен, жеке дәретханалармен және зағип жандар үшін бағыттауыш белгілермен қамту секілді инфрақұрылымды жақсарту мәселесі қарастырылып жатыр. Мүгедек жандар жиі баратын мониторинг объектілерін назарда ұстау үшін аймақтық қоғамдық бақылау топтарының жұмысы жандандырылды. Әрине, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде мүгедек азаматтардың қаншама жыл қордаланған барлық мәселесі шешілді деу асылық болар еді. Басқаны айтпағанда, барлық жер пандустармен жабдықталмаған. Еңбек министрлігінің дерегінше, Қазақстанда жалпы саны 22 мың объект мүгедектігі бар адамдарға қолайлы етілуі тиіс. 2021 жылғы 28 қазандағы жағдайға сәйкес, «Nur Otan»-ның «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 4 151 әлеуметтік инфрақұрылым объектісін ерекше қажеттілігі бар жандарға бейімдеу жүргізілген. Стандарттарға сай бейімделген нысандардың үлесі 18,9%-ды құрады. Арбаға таңылған адамдар биік бордюрлер кесірінен тротуарға шыға алмай, автожолдың жүріс бөлігімен, көліктермен бірге қозғалуға мәжбүр болып жатады. Бұдан бөлек, елеулі қаржылық шығынды талап ететіндіктен немесе ескі ғимараттардың конструкциясы жаңа стандарттарды енгізу мүмкіндік бермейтіндіктен, әзірге өңірлерде мүгедектер үшін қолжетімді орта құру ісі баяу жүріп жатыр. Озық елдерде тротуарларды тактильді жолақтармен, радиомаяктармен жабдықтау, ғимараттар қабаттарын және лифт батырмаларын Брайль қарпімен белгілеу, көшелерде дыбыстық, жарықтық дабылдатқыштар орнату және басқа жаңашылдықтар қолға алынған. Мұның бәрі аталған санаттағы азаматтарына қамқорлық жасау бағытында азат Қазақстанның алдында қандай ірі міндеттер мен биік асулар тұрғанын көрсетсе керек.Айхан ШӘРІП