Өнімділігі болмаған еңбек зая
«Еңбексүйгіштік әркезде қазақстандықтардың ерекше сипаты болған. Елдің өркендеуі әр азаматтың еңбегіне, оның біліміне, жауапкершілігіне байланысты», - дейді Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев.Қазақ «бейнет түбі – зейнет» дейді. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» тіршілік жасау ата-бабамызға жат қылық болған. Сонымен бірге қазіргі әлемде адал еңбекті терең біліммен ұштастырған ел ғана табысқа жете алатыны мәлім. Бұл – заман талабы. Азаматтарымыздың озық технология мен үздік техниканы меңгергені, соны тіпті өзі жасай білетін ғылым иесі болғаны маңызды. Елбасы айтқандай, Қазақстандағы кез келген кәсіп иесі өз шаруасын тың тәсілмен, жаңа әдіспен істеуге ұмтылса ғана ешкім жетпеген табысқа жете алады. Кеңес кезінде «распределение», яғни мамандарды бөлу арқылы жұмысқа тұрғызу тәжірибесі жаппай қолданылды. Осы арқылы бір жағынан, әсіресе жас мамандардың жұмыспен жүз пайыз дерлік қамтылуы, екінші жағынан ең шалғай ауыл-аймақтың қажетті мамандарға қол жеткізуі қамтамасыз етілетін. Бірақ бұл жүйенің қаптаған кемшілігі болды. Өзі ынтықпаған елді мекенге, қаламаған жұмыс орнына жіберілген білікті мамандар төл әлеуетін толық жүзеге асыра алмай, өз шеберлігін ұштай алмай, дарынын босқа рәсуа ететін. Жасыратыны жоқ, КСРО-да ұжымдардың көбі еңбек өнімділігін арттыруға ұмтылмайтын, себебі одақта ондаған жыл бойы «трудодень» тетігі қолданылды: жұмыс орнына тұрақты келіп тұрса болды, ақысы төленетін. Ал жұмыс күнін темекі шегумен не әріптестермен шүйіркелесумен, ойын-күлкімен өткізе ме, өз еркі, тек белгілі бір жоспар орындалса болғаны. Сол үшін төленетін айлықты жұртшылық «получка» деп атайтын, аса бағаламайтын. Ал капитализмге құрылған Батыс және бірқатар Азия елдері бір жұмысшының мейлінше көп өнім өндіруіне екпін түсіріп, алға озды. Робот пен техниканың адамға қарағанда әлдеқайда өнімді екенін түсініп, жұмыс орындарын автоматтандыруға, компьютер мен электрониканы жаппай енгізуге олар ерте кірісті. ХХ ғасырдың басында қызыл империя өндіріс жөнінен жаһанда үшінші орында болыпты. 1951-1960 жылдар аралығында кеңес өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі орта есеппен жылына 7,3%-ды құраса, 1961-1970 жылдары бұл көрсеткіш 5,6%-ға дейін құлдырады. Ал 1975 жылы 6%-ға дейін шамалы өсті, алайда бұл әлемдік үштіктегі позициясын сақтап қалу үшін жеткіліксіз еді. Кеңес Одағы алдымен 5-ші, артынша 6-шы және одан төмен орындарға құлдырай жөнелді. Экономистер осыдан-ақ тоталитарлық империяның құрдымға кетер күні таяғанын түсінді. Кеңес экономистерінің есептеуінше, ХХ ғасыр соңында әлемдік көшбасшылар деңгейіне қайта шығу үшін КСРО-ға еңбек өнімділігін жыл сайын орта есеппен 10%-ға арттырып отыру қажет еді. Алайда оған қол жеткізілмеді. Кеңестік-ресейлік экономист Геннадий Муравьевтің түсіндіруінше, бұған КСРО-ның жетекші батыс державаларынан технология және автоматтандыру тұрғысынан ұтылуы, сондай-ақ жұмысшыларды ынталандыру жүйесіндегі бытыраңқылық ықпал етті. Кеңестік жоспарлы экономикада жұмыскерлер өнімділігін арттыруға ынталандырылмады. Яғни, еңбек өнімділігі болмаса, жаппай жұмыспен қамту бәрібір елдің өркендеуіне бастай алмайды. Азат Қазақстанда орта есеппен 1 жұмыскер 30-40 мың доллардың өнімін шығарады деп есептеледі. Бұл кеңес кезіндегіден әлдеқайда көп. Дегенмен дамыған елдерде бұл көрсеткіш 200 мың АҚШ долларынан жоғары екенін ескерсек, алар асулар әлі алда екені аңғарылады.
Айына 900 кәсіпорын жабылған кез...
Қазақстанда бұған дейін қызықты бір тәжірибе болды: ел Үкіметі «Халықты жұмыспен қамту» бағдарламасын бір жылға ғана арнап, жыл сайын қабылдайтын. Бұл мәжбүрлі шара еді. Себебі мемлекет кеңестік жоспарлы экономикадан батыстық үлгідегі нарықтық экономикаға көшіп жатқан, көрші елдер арасындағы шаруашылық байланыстар үзілген, өндіріс орындарын жекешелендірудің алып толқыны жапқан, зауыт-кәсіпорындар жаппай дағдарған шақта жұмыссыздықпен күрестің ұзақмерзімді бағдарламасын түзу қиын еді. «Республикада қалыптасқан экономикалық жағдай еңбек нарығындағы жағдайдың шиеленiсуiне алып келдi. Өндiрiстiң мәжбүрлi тоқтауының саны өстi. Ай сайын (!) 900-ге жуық кәсiпорын мен ұйым толық немесе iшiнара тоқтайды, 200-ге дейiнгi кәсiпорын толық емес жұмыс уақыты режимiне көшiрiледi», – деп жазылған «Халықты жұмыспен қамтудың 1995 жылға арналған бағдарламасында». Ол кезде миллиондаған адам екі қолға бір күрек іздеп, бос сенделді, өзі мен отбасын асыраудың амалын таппай қиналды. Әйелдер арасындағы жұмыссыздық 60%-ға, жастар арасында 45%-ға жеткен. Өндірісті сақтап қалуға, шығынды оңтайландыруға тырысқан жұмыс берушілер алдымен нәзік болмыс иелерінен және жас мамандардан құтылып жатты. Сол бағдарламада перспективаға қатысты мынадай болжам келтірілген: «Жұмыс iздеушi азаматтардың саны 1 млн 800 мың адамнан асады. Мектептер, кәсiптiк-техникалық училищелер, техникумдар, ЖОО түлектерiн еңбекке орналастыру қиындайды». Айтқандай, Кеңес Одағында жұмыс істемейтін адамдар қылмыстық қудаланатын. Адамның не себепті еңбек етпейтінінің байыбына бармайтын. Ештеңе бітірмесе де әлдебір жұмыс тауып, соған уақытында барып-келіп жүрсе болғаны. Әйтпесе «тунеядство» бабымен сотталып кетуі ықтимал: 1961 жылғы 4 мамырда КСРО-да арамтамақтықпен күресті күшейту туралы жарлық қабылданды. Оған сәйкес, жылына 4 ай бойы жұмыс істемегендер қылмыстық жазаға тартылатын. Тәуелсіздік алған соң Қазақстан бұл кесірлі талапты жойды. Оның орнына уақытша жұмыссыз қалғандарды ресми тіркеп, жәрдемақы төлеуге көшті. 1994 жылы жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны 96,2 мың адам, 1995 жылы 175 мың адам алғаны айтылады. Ал біліктілігін өзгертіп, басқа жұмысқа тұрғысы келетіндер үшін мемлекет қайта даярлау курстарын ұйымдастыра бастады. Мысалы, 1994 жылы жұмыстан босап қалғандар мен жұмыспен қамтылған халық iшiнен 25 мың адам оқытудан өтіпті. Фермер, хатшы-референт, сылақшы-әрлеушi, ұлттық тағамдар аспазы, домбыра мен қобыз жасау шеберi, кiлем тоқу шеберi секілді кәсiптер бойынша қазақ тiлiнде 20 оқу бағдарламасы әзiрленген көрінеді. Ақысы төленетiн қоғамдық жұмыстар енгізілді, мысалы, 1994 жылы онымен 20,4 мың жұмыссыз қамтылыпты.Сертификат дипломға теңеспек
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қалыптасқан халықты еңбекпен қамтудың сол тәсілдері әлі де қолданылады. Оның ішінде жұмыссыздарды қайта оқыту, қоғамдық жұмыстар және басқасы бар. Биыл ел Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауын іске асыру аясында жұмыспен қамтудың жаңа формаларын реттеу тетігі әзірленуде. Сондай-ақ еңбек өнімділігі мен біліктілік басты орынға қойылып отыр. «Қызметкерлердің біліктілік деңгейіне қойылатын талаптарды белгілеу арқасында көптеген ел технологиялық серпіліс жасады. Оңтүстік Кореяда 1973 жылы «Ұлттық техникалық біліктілік жүйесі туралы» заңның қабылдануы нәтижесінде ЖІӨ-сі 100 еседен астамға өсті. Осыған ұқсас, Қазақстанда «Кәсіби біліктілік туралы» жаңа заң әзірленетін болады», – дейді вице-премьер Ералы Тоғжанов. Алғаш рет еңбек нарығына арналған 589 кәсіптік стандарт әзірленіп, қолданыла бастаған. Жаңашылдықтар аясында аса маңызды тетік өмірге жолдама алмақ: белгілі бір мамандық бойынша университет бітірмегенімен сол салада білікті маман саналатын адам курс бітіріп, біліктілігін растаса, ол сол саланың маманы деп танылады. Вице-премьердің түсіндіруінше, маман кез келген кәсіби оқудан, формальді, информальді және бейресми оқытудан кейін біліктілікті растаудан өтсе, мұндай біліктілікті енді жұмыс берушілер мойындайды, тиісті сертификат дипломмен тең қолданылады. «Цифрландыру жұмыспен қамтудың жаңа нысандарының пайда болуына алып келді. Мысалы, Uber, Яндекс.Такси, InDriver, Didi платформаларында жұмыс істейтін жүргізушілер, Wolt, Glovo курьерлері және басқалары. Қазақстандағы интернет-платформалар негізінде жұмыспен қамту заңнамалық тұрғыдан жеткілікті реттелмеген. Сондықтан биыл әлеуметтік, медициналық сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру және салық салу мәселелерін қоса алғанда, жұмыспен қамтудың жаңа формаларын реттеу тетігі әзірленеді», – деді Е.Тоғжанов.Еңбек пен көші-қон күш біріктірмек
Тиімді еңбек нарығын қалыптастыру үшін елдің көші-қон саясатын дамыту маңызды. Осыған байланысты Президент Жолдауда көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеу міндетін қойды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті құрылуда. Елдің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударатын азаматтарға төлемдер тетігі жетілдіріледі: олар тек әкімдіктер арқылы ғана емес, сонымен қатар оңтүстік өңірлерден қызметкерлерді өз бетінше жалдайтын жұмыс берушілердің шығындарын өтеу арқылы да бөлінетін болады. Сондай-ақ қоныс аударушыларға үй салу үшін ғана емес, ауыл шаруашылығын жүргізу үшін де жер учаскелері берілмек. Бұған дейін халықты жұмыспен қамту мембағдарламалар аясында жүзеге асырылып келді. Мысалы, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы орындалуда. Әйткенмен бұл сала да ұлттық жоба форматына ауыспақ. 2025 жылға дейінгі еңбекпен қамту ұлттық жобасы әзірленіп жатқаны жарияланды. 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы аясында орташа жалақысы 92 мың теңге болатын 8,3 мың жұмыс орны құрылыпты. Бүгінде жол картасы аясында 228 инфрақұрылымдық жобаның құрылысы жүргізілуде, тағы 13-і іске асырудың бастапқы кезеңінде тұр. Оның екінші бағыты аясында өз ісін ашуға немесе дамытуға жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асатын 170 шағын несие берілді. 2021 жылы жол картасының барлық бағыты бойынша 42,5 мың жұмыс орны құрылуы тиіс, оның 28,8 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орны болады. Бұған қоса, «Еңбек» мембағдарламасы аясында 2020 жылы 319 мың адам тұрақты жұмысқа орналастырылған екен. 70 мыңнан астам адам қысқамерзімді курстардан өткен және техникалық-кәсіптік білім алған. Тағы 33 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін игерген көрінеді. Еңбек министрлігінің дерегінше, 2021 жылы еңбекпен қамту шараларымен жалпы саны 1,2 млн адам қамтылмақ. Оның ішінде 700 мыңдайы «Еңбек» мембағдарламасы шараларына тартылады. Ал қалғаны жол картасына және басқа бағдарламаларға тиесілі. Қазір еңбек нарығы үлкен өзгерістерді өткеруде, оған пандемия қуатты түрткі болды. Қазақстанда ел Парламенті қашықтан жұмыс істеу форматын заңдастырды. Мемлекет басшысы таяуда Ұлттық кеңестің VI отырысында жалғызбасты әке-шешелердің қашықтан және қысқартылған режимде жұмыс істеу құқығын заң жүзінде бекітуді ұсынды. Демек, еңбек саласында жаңа реформалар мен жаңғырулар жалғасатын болады.Айхан ШӘРІП